Accessibility links

Джордж Буш Америка Құрама Штаттарының президенттігіне қайта сайланғанын жариялады. Астана мен Алматыда бұл мезгіл бейсенбінің түнгі сағат екісі болатын. Тепетең келе жатқан үміткерлер Джордж Буш пен Джон Керридің додасы осы жолы Огайо штатындағы сайлаудың нәтижесіне келіп тірелді. Алайда, сенатор Джон Керри бюллетендер толық саналмай жатып жеңілгенін түсінді де Джордж Буштың алға шыққанын дереу мойындады.

Джордж Буш сәл ғана басымдылықпен жеңді, Америка халқы бірі Бушты қолдап, бірі Керриді жақтап қазір екіге жіктелген жағдайда. Бірақ сарапшылардың айтуынша, американдықтар Джордж Бушты елді соғыс уақытында жетектей білетін мықты басшы ретінде қабылдап отыр. Президент Буш жеңіске жеткенін оны ду қол шапалақтап қарсы алған жақтастарының алдына шығып жариялады. Қарсыласым Джон Керри телефон соқты, жеңісіммен құттықтады деп мәлім етті Джордж Буш. Бұл Америка қоғамындағы дәстүр, жеңілген үміткер жеңілгенін бірінші өз мойындайды да, президентікке жеткен қарсыласын құттықтайды. Жеңіске жеткенін жаңа президент қоғамға бұдан соң өзі жариялайды:

- Америка өз айтарын айтты, отандастарым білдірген сенім мен мығымдылыққа көніп отырмын. Бұл сенім барлық американдықтарға қызмет ету міндетін жүктеп отыр. Сіздердің президенттеріңіз ретінде қызметімді атқаруға әр күн сайын бар ынтамды саламын.

Джордж Буштың 2000-шы жылғы жеңісі қиын болған, президент Буштың сол жолғы жеңісі жоғарғы сот арқылы шешілген еді. Америка халқы сонда екіге жарылды, сол жікшілдік осы жолы да сыр берді. Бушты халықтың 51 пайызы қолдады, Керриді халықтың 48 пайызы жақтады. АҚШ дәстүрінде президентікке үміткер халық сайлауында да басым дауыс алу керек, Сайлаушылар өкілдері алқасында да басым дауыс алу керек. Буш халық сайлауында шамамен төрт миллионнан астам дауысты көбірек алды. Сайлаушылар өкілдері алқасында Буш 274 дауыс алды, Керри 252 дауыс жинады.

Сайлау қортындысы осы жолы Огайо штатындағы жағдайға тірелді, Керриге шамамен 140 мың дауыс жетпеді. Бұл дауыстар транзит бюллетендеріне, яки түрлі себептермен дауыс бергені-бермегені анық болмай тұрған сайлаушылардың бюллетендеріне тәуелді болды. Транзит бюллетендері арқылы ұпайымды түгендеймін деп күні бойы алаңдаған Джон Керри Огайо штатындағы дауыс санау мәселесінен дау шығармай, сотқа уақыт кетірмегенді жөн көрді. Астана уақыты бойынша түнгі сағат он екіден кеткенде Керри жақтастарының алдына шығып, жеңілдік деп жария етті:

- Тоқетерін ұзаққа созылатын заң тәртібі емес, сайлаушылар айтса жөн. Алға шығамыз деген мүмкіншілік болғанда күресті тоқтатпас едім. Бірақ Огайо штатында барлық транзит бюллетендері саналып болмай жатып – ал олардың саналатыны алдағы жұмыс – жеңіске жетуге жеткілікті дауыс жинай алмайтынымыз анық. Бұл сайлауды біз жеңе алмаймыз.

Сайлау науқаны барысындағы социологиялық зерттеулер Буш пен Керридің жалпы тең келе жатқанын көрсеткен. Екі үміткерді қолдаған америка халқы екіге жарылды. Вашингтонда орналасқан Кето институтының талдаушысы Пэтрик Башум Республикандық партия да, Демократиялық партия да сайлаушыларды дауыс беруге ынталандыра білді, сондықтан сайлау бекеттерінде халық осы жолы аса көп болды дейді:

- Терроризм және ұлттық қауіпсіздік мәселесінде Буштың жетекшілігіне қарамақайшы көзқарас білдіретін халықтың қатары көбейседе көптеген сайлаушылар үшін бұл мәселе басты өлшем болды. Судан өткенше астыңдағы атыңды ауыстырма деген қарапайым алаңдаушылық бар емес пе, көптеген сайлаушы осы кезеңде дәл Керриге билікті табыс етуге құлшыныс танытпады.

Буш пен Керридің сайлау науқандары Ирақтағы соғыс мәселесінде текетіресте болғанымен ерекше. Сайлаушылар Америка Құрама Штаттарының сыртқы саясаты жалпы дұрыс бағытта келе жатыр ма деген мәселеде қарамақайшы көзқараста табылды. Техас университетінің профессоры Брюс Бучанен президент Буш Ирақтағы қиын мәселелерде, Абу Ғрайып түрмесінде американдық сарбаздар ирақтық тұтқындарды азаптайды деген мәселеде ұпайын жоғалтпады дейді:

- Бұл расында да Буш әкімшілігі шешімін таба білген өте күрделі мәселелер тізбегі болып тұр. Бұл тек президент Бушқа қатысты референдумға емес, сенатор Керриге қатысты референдумға ұқсап кетті. Көктемде кандидатыққа ұсыныла салысымен Керри толыққанды сайлау науқанында батыл шабуылдау стратегиясын бірден бастап жіберген еді.

Джордж Буштың табысқа жеткенін әлем жетекшілері жылы қабылдап жатыр. Америка Құрама Штаттарымен серіктестігіміз жалғаса береді деп ең алдымен Британия бас министрі Тонни Блейер, Франция президенті Жак Ширак, Германия канцлері Герхард Шредер, Испания бас министрі Хосе Люис Запатеро, Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Кофи Аннан, Еуропа Одағының басшылары Романо Проди және Хавиер Солана, НАТО бас хатшысы Яаап Хууп Схеффер айтып жатты. Ресей президенті Владимир Путин Бушты мінезі мықты азамат деп сипаттады. Париж ауруханасында жатқан Палестина президенті Ясир Арафат Буш Таяу Шығысқа бейбітшілік әкеледі деп үмітін білдірді. Мексика президенті Виценте Фокс және Египет президенті Хосни Мубарактанда қолма-қол құттықтау телеграммалары келіп жетті.
XS
SM
MD
LG