Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11-04-2004


Оппозициялық бағытты ұстанатын басылымдар Қазақстан Президентінің Швецияға сапары туралы шет елдік басылымдарда жарық көрген мақалаларды көшіріп басыпты. Сондай-ақ бейсенбі күнгі жарық көрген кейбір тәуелсіз басылымдар арқылы, экс-министр Алтынбек Сәрсенбайұлы, өзін сотқа беріп жатқан “Хабар” телеарнасын жекешелендіруге қатысты талай былықтардың бетін ашатын ресми құжаттарының бар екендігін мәлімдепті.

“Сөз” газетінің сәрсенбілік санында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Швецияға сапараның қалай болғандығы туралы “Еуразия” интернет парақшасында және Батыстың “Свенска дагебладет” басылымында жарық көрген материалдар топтамасы беріліпті. “Сөз” газетіндегі “Еуразия” интернет-парақшасынан көшіріліп басылған мақалада, швед парламентінің спикері Бьерн фон Зюдовтың Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен кезінде, өткен сайлауда жаппай заң бұзушылықтардың орын алғандығына алаңдатушылық танытқандығы туралы дерек келтіріліпті. Мақалада сондай-ақ Швецияның корольі Карл Густав ХІV шінің қазақ қонағын дұрыстап қабылдауға аса қатты пейіл байқатпағандығы да сөз болыпты. Мақала авторының айтуынша, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл жолы да әдеттегідей барлық кінәні халыққа жауып, қазақтардың әлі демократияға дайын дайын емес екендігін, олардың өркениет көшінің соңында қалып қойғандығын тілге тиек етіп, ақталуға тырысқан.

Ал, “Сөз” газеті көшіріп басқан Батыстың “Свенска дагебладет” басылымында жарық көрген мақалада, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев есімінің пара алуға қатысты оқиғаларда жиі айтылып жүретіндігіне баса назар аударылыпты. Сондай-ақ мақалада Нұрсұлтан Назарбаев басшылық ететін елде сөз бостандығының қатты қысымға ұшырап жатқандығы да аталыпты. Мақала авторының айтуынша, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Швецияға сапарын осы елдің демкоратиялық күштері қатты сынға алған. Ал, Қазақстанның экс-премьері Әкежан Қажыгелдин “Свенска дагебладет” газетіне берген сұхбатында, “Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың демократияны дамыту үшін берген уәдесін еш уақытта да орындамайтындығын” атап өтіпті.

Қазақстан Коммунистік Партиясының бірінші хатшысы Серікболсын Әбділин де “Азат” газетінде жарық көрген мақаласында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты билікті заңсыз басып алды деп сынға алыпты. Серікболсын Әбділдиннің айтуынша, Қазақстан Коммунистік партиясы саяси билікті мемлекет басшысының заңсыз иемденіп алғанын, сөйтіп Ата заңда көрсетілгендей президенттік формасының орнына отбасылық-әулеттік-ымырашыл формасы құрылғанын баяғыда дәлелдеген. “Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылдан бері “мемлекеттің бірден-бір бастауы халық” екендігі жария етілген конституциялық ақиқатты елең қылмауда” дейді Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Серікболсын Әбділдин.

“Жас алаш” басылымы мәжілістің бұрынғы төрағасы Жармахан Тұяқбайдың Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәжілісті мерзімінен ерте таратудың қандай қажеттіліктен туғанын түсінбей, таңданыс білдіргендігін хабарлапты. “Тұп-тура елде төңкеріс болған сияқты немесе қауіп төніп тұрғандай таратты да жіберді. Тым болмағанда келесі дүйсенбіге дейін шыдауға болар еді ғой” депті экс-спикер Жармахан Тұяқбай.

Қазақстан президентінің қызы Дариға Нұрсұлтанқызы мен экс-министр Алтынбек Сәрсенбайұлы да бейсенбі күні жарық көрген тәуелсіз басылымдардың негізгі қаһарманына айналыпты. Бейсенбі күнгі жарық көрген кейбір тәуелсіз басылымдар арқылы, экс-министр Алтынбек Сәрсенбайұлы өзін сотқа беріп жатқан “Хабар” телеарнасын жекешелендіруге қатысты талай былықтардың бетін ашатын ресми құжаттарының бар екендігін мәлімдепті.

“Время” газетінің тілшісі Виктор Веркке берген сұхбатында экс-министр Алтынбек Сәрсенбайұлы әлі күнге шейін өзінің атына жіберілген шағым-арызды алмағандығын тілге тиек етіпті. Алтынбек Сәрсенбайұлы менің Дариға Назарбаеваға және оның иелігіндегі “Хабар” телеарнасына қатысты айтқан сөздерімнен кейін, бірде бір мекеме бұл телеарнамен келісім шартын үзген жоқ, үкімет бұл телеарнаны қаржылындыруға қатысты бір тиынды да қысқартқан жоқ, есеп палатасы бюджеттік ақшаның орынды жұмсалуына байланысты тексеріс жүргізген жоқ” деп мәлімдепті. Алтынбек Сәрсенбайұлы газет тілшісі Виктор Веркке берген сұхбатында, өзі атын атаған бұқаралық ақпарат құралдарының Дариға Назарбаеваға тиесілі екендігін дәлелдейтін нақты құжаттарының бар екендігін де атап өтіпті. Алтынбек Сәрсенбайұлы “Хабар” медиа-холдингі мен оның арасындағы болатын сот процесінде талай былықтың бетін ашатын нақты ресми құжаттарды жария қылуға уәде беріпті.

“Мегаполис” апталығы да бұл тақырыпқа назар аударып, аталмыш оқиғаны аптаның ең үлкен дау-жанжалы ретінде бағалапты. Адвокат Виталий Вороновтың айтуынша, кәсіпорынның ар-ожданына нұқсан келді деген айып ақылға симайтын нәрсе. “Заң жүзінде кәсіпорынның ар-ожданына нұқсан келді деген сөз, ол мекеменің шығынға батуымен байланысты және ол сотта дәлелденуі тиіс. Бірақ Қазақстанда басқаша жағдай қалыптасты. Мысалы Қазақстан Президентінің әкімшілігінің ар-ожданы 50 миллион теңгеге бағаланды” дейді адвокат Виталий Воронов.

“Сөз” газетіне берген сұхбатында экс-министр Алтынбек Сәрсенбайұлы бұл сот процесі қоғамда үлкен резонанс туғызады дегенді айтыпты. “Жалпы бұл сот процесінде Дариға Назарбаеваның “Хабар” медиа-холдингінің қалай қожайыны болып шыққандығы ғана емес, сонымен қатар оның әкесі Нұрсұлтан Назарбаевтың да бұл оқиғада қандай қызмет атқарғандығы талқыға салынатын болады” дейді экс-министр Алтынбек Сәрсенбайұлы.

Ал, “Сөз” газетінде жарық көрген журналист Шәріп Құрақбайұлының мақаласында Алтынбек Сәрсенбайұлын алдағы келе жатқан президенттік сайлауға қатыстырмау үшін, осындай іс-әрекеттер іске қосылып жатыр деген қорытынды жасалыныпты.
XS
SM
MD
LG