Accessibility links

А.Сәрсенбайұлы: «АҚШ-тағы президент сайлауынан кейін бұл елдің өзге мемлекеттерге қатысты ұстанымының өзгеру-өзгермеуі сол мемлекет басшыларының өздеріне байланысты»

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Америка Құрама Штаттарындағы президент сайлауында Джордж Буштың жеңіске жетіп, өз орынтағын сақтап қалғандығына байланысты «осы мемлекеттің Қазақстанға қатысты жүргізіп отырған саясатында өзгерістер болуы мүмкін бе?» деген сауал төңірегінде Қазақстандық саясаткер мен саясаттанушылар әртүрлі пікір білдіруде. Саясаткер Балташ Тұрсымбаев: «Америка секілді қуатты мемлекет билік басына жаңа басшы келген сайын сыртқы саясатын өзгерте беретін жеңілтек ел емес» дейді. Ал «Ақжол» партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы: «Джордж Буш әкімшілігінің Қазақстандағы билік басында Нұрсұлтан Назарбаев отырған тұста ешқандай демократиялық сайлау өтпейтініне көзі әлдеқашан жетті. Енді осы мәселеге орай нақты қадамдар жасауы мүмкін» деп отыр.

Саясаткер Балташ Тұрсымбаевтың айтуынша, Ақ үй қожайыны Д.Буштың 2-ші мерзімге қайта сайлануы салдарынан Америка мен Қазақстан мемлекеттері арасындағы күні бүгінге дейін қалыптасқан қарым-қатынаста анау айтқан өзгерістер бола қоймайды:

- Ешкім де Америка секілді ұлы мемлекеттің президенті өзінің көзқарасын күн сайын өзгертіп отырады деп ойламайды. Мен де солай ойлаймын. Сондықтан, бұрын қандай саясат жүргізді. Сол үрдіс ары қарай жалғаса беретін болады.

Қазақстандағы алдағы президент сайлауына түсетіні туралы елден бұрын мәлімдеме жасаған экс-шенеунік Заманбек Нұрқаділов те осы пікірді қуаттап отыр. «Тек дәл қазіргі таңда Қазақстандағы демократиялық құндылықтардың даму барысына АҚШ президентінің жеке көзқарасы беймәлімдеу. Осы мәселеге байланысты өзгерістер болуы ғажап емес» дейді саясаткер Заманбек Нұрқаділов:

- АҚШ-тың Белорусия мен Қазақстандағы сайлауларға берген бағасы 2 түрлі болғаннан кейін, оның да арты қалай болатынын бақылау керек. Мына жаңадан сайланған парламентті жақтай ма, жоқ әлде жақтамай ма. Әлі күнге шейін Америка осы мәселеге қатысты өз ұстанымын ашық білдірген жоқ қой. Мүмкін осы өздеріндегі сайлаудың өтуін күткен шығар.

Ал «Ақжол» демократиялық партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлының айтуынша, Американың ұстанған саясатына өзгеріс енгізу-енгізбеуі - бұрынғы КСРО құрамында болған мемлекет басшыларының өз елдерінде демократияға қолдау көрсету дәрежесіне байланысты болмақ:

- Егер де ТМД мемлекеттерінің басшылары Саддам Хусейннің дәрежесіне дейін барып, тоталитарлық мемлекеттер қатарына енетін болса, Америка экономикалық, саяси ықпалын толығымен пайдаланады. Сондықтан да, бұл жердегі мәселе тенденцияның даму бағытына байланысты болмақ. Яғни, біздің өзімізге байланысты. Бүгінгі биліктің, қазіргі отырған Н.Назарбаевтың тұсында Қазақстанда әділетті сайлау болуы мүмкін еместігіне Американың да, бүкіл дүниежүзінің де көзі жетті ғой деп ойлаймын. Сондықтан да олар өз шешімдерін осы пікірге байланысты ары қарай жүзеге асыратын шығар.

Ал «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтың партиясы саяси кеңесі төралқасының төрағасы Асылбек Қожахметов: «Америка үшін Қазақстанға қатысты басты саясат – жер асты байлығы, яғни мұнай қорлары. Алдағы уақытта осы бағыттағы қарым-қатынастар күшейе түсуі мүмкін» дейді:

- Олардың Қазақстаннан ең бір іздеп жатқан пайдасы – мұнай ғой. Онысын тауып та жүр. Біздің президентімізбен сол арқылы тіл табысып жүр. Және де «Қазақгейт» деген әңгіме бар ғой. Ол Д.Буштың әкімшілігіне қосымша тірек болып тұр. Болашақта Қазақстан басқа ұстанымда кетіп қалмауы үшін президент Н.Назарбаевты олар осылай қолдарында ұстап жүр. Әрине, демократия жағын да ақырындап жүргізе береді. Бірақ, 1-ші орында бәрібір мұнай мәселесі тұрады деп ойлаймын.

Ал журналист Ермұрат Бапи: «енді Қазақстандағы оппозициялық күштерге Америка Құрама Штаттарының көрсететін қолдауы молаятын болды. Өйткені, кез-келген басшы өз қызметінің 2-ші мерзіміне кіріскен сәтте белсенділік танытады» деп отыр:

- Осы таяуда ғана Д.Буш өзінің 1-ші мерзімі аяқталар тұста, Белорусия мемлекетіне байланысты үлкен құжат қабылдады. Дәл осындай қадамға ол президенттікке енді кіріскен кезде бара алмас еді. Себебі, ол алдын ойлайды, келесі мерзімге түсу мәселесіне алаңдайды. Біз сияқты дамушы демократиясы бар елдерге сыртқы мемлекеттердің, әсіресе мына Америка сияқты адам құқы мен азаматтық қатынастар құндылығын бағалайтын елдердің көмегі, олардың ықпалы аса қажет. Біз өз ішімізде өзіміз қайнап жатқан жағдайда, мына қалыптасқан диктатуралық режимдерді жоя алмаймыз.

Саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің айтуынша, Д.Буш ең алдымен Американың экономикалық мәселелерін шешуге кіріседі. «Бұл ретте доллар бағамының төмендеп кеткендігі Ақ үй қожайынының соңғы уақытта бұл бағыттағы саясатты назардан тыс қалдырғандығынан хабар берсе керек. Енді Америка президенті елдегі экономикалық-қаржылық тұрақтылықты қалпына келтіру мақсатында жұмыс істейді. Ал сыртқы саясатта қандай да бір қадамдар жасау сонан кейін жүзеге асырылатын болар» дейді Заманбек Нұрқаділов.
XS
SM
MD
LG