Accessibility links

Астанада Халықаралық VII «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалі басталды


Әдебиет, журналистика, классикалық музыка, танымдық және деректі фильмдер конкурсы, бейнелеу өнері, эстрадалық жанр, цирк өнері, театр өнері, классикалық би, халық музыкасы номинациялары бойынша өткізіліп отырған фестивальға Қазақстаннан және шет елдерден 1 мыңнан астам өнерлі жастар қатысуда. Олардың ең дарындысы Қазақстан Республикасы Президентінің кубогына ие болады. «Шабыт» фестивалінің болашақ лауреаттары мен дипломанттарын анықтайтын жер-жерден келген танымал мәдениет және өнер қайраткерлері қарашаның 4-нен бастап барлық номинациялар бойынша жұмыстарды саралайтын болады. Халықаралық VII «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің ашылу салтанатына бұған дейінгі өткізілген «Шабыт» фестивалінің гран-при иегерлері атанған жастар қатысып, өнерлерін ортаға салды. Эстрадалық жанр бойынша фестивальдың 2000 жылғы гран-при иегері Тұрсынбек Қабатов «Шабыт» фестивалі басқа байқауларға қарағанда өзгеше. Басқа байқаулар бір адамның атында немесе бір ғана номинациялар бойынша өткізілетін, ал мұнда бірнеше номинация және мыңдаған жастар қатысады, сондықтан «Шабыттың» болашағы бар», - дейді.

Қазақ станның Халық әртісі, «Театр өнері» номинациясы бойынша қазылар алқасының төрағасы Досхан Жолжақсынов осы фестиваль арқылы бұған дейін көрінбей, еленбей келген жас таланттардың бағы жануы мүмкін деп есептейді. «Негізгі біздің нысанамыз жастар болғаннан кейін жастардың бағытын, театр сахнасындағы алғашқы қадамдарын білсек. Театр түсінігі бізде көкіректің төрінде жүрсе де кейде үлкен театрдың аты, театрдың ұжымы ретінде ғана бағаланады да соның ішіндегі серкелері көрінбей жатады, дұрыс баға берілмей жатады. Осы жағынан келгенде біз жұмыстардың барлығын шұқшия отырып қарауымыз керек. Театр тұлғаларын жасауымыз керек, оларға жағдай жасау керек, осы жағынан алғанда «Шабыттың» мән-мағынасы зор», - дейді.

Ал Парламент Сенаты бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс бөлімінің басшысы, «Журналистика» номинациясы бойынша қазылар алқасының төрағасы Сәді-Бек Түгелдің айтуынша, аталған номинация бойынша 70-тен астам жұмыс түскен, олардың тақырыбы да әртүрлі. «Негізгі мақсат – дарынды, қолдарынан іс келетін журналистерді іріктеп, соның ішінен жүйріктерін таңдау. Осымен мен 7-ші рет қатысып отырмын, сондықтан да қазылар алқасы мейлінше әділетті түрде шешім қабылдайды деп айта аламын. Журналистика номинациясы бойынша 76 жұмыс түсті. Оның ішінде Астана құрылысына, ауыл жылына арналған көптеген мақалалар бар, мәдениет тақырыбында да материалдар баршылық. Тағы бір байқағаным биыл жазғы олимпиада өткізілгеннен кейін спорт тақырыбына да қалам сілтегендер бар екен», - дейді.

«Театр өнері» номинациясы бойынша бақ сынағалы отырған Маңғыстау облыстық драма театрының актеры Кенжебек Башаров жақсы дайындықпен келгендіктерін айтады: «Мықты-мықты театрлардан өнер майталмандары жиналған екен. Ағаларымызбен сахнада кездесеміз деген ойдамыз. Дайындық жаман емес, өзімізге сенімдіміз. Біздің өз ұранымыз да бар: «Өзімізге-өзіміз сенеміз, сол үшін де бәрін де жеңеміз!».

Ал Алматы облыстық филормониясының әншісі Төлеутай Серіков «Халық музыкасы» номинациясы бойынша екінші рет қатысқалы отыр екен. «Мен байқауларға қатысқа сайын бұрын айтылмай жүрген, ұмытылып кеткен немесе өзімнің зерттеп жүрген дүниелерімді көрсетуге тырысамын. Бұған дейін «Шабытқа» қатысқанымда Иманжүсіптің «Сарыарқа» әнін әкелген едім, жанымдағы балалар диктофондарына жазып алып, қазір өз репертуарларына енгізіпті. Өзімнің дипломдық жұмысымның тақырыбы Тайжан Қалмағанбетовке арналған еді, ол кісінің 11 әнін зерттеп, тапқанмын. Осы жолғы байқауға сол Тайжанның 1 әнін алып келіп отырмын, насихаттап қайтсам деген ойым бар», - дейді Төлеутай Серіков.

Ал «Эстрадалық жанр» номинациясы бойынша сынға түскелі отырған Әсел Смағұлова мұндай халықаралық байқауларға алғаш рет қатысып отыр екен. Әселдің айтуынша, жастарды қанаттандырып, алға жетелейтіндей «Шабыт» секілді фестивальдардың жиі ұйымдастырылып тұрғаны жақсы. Халықаралық VII «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалі қарашаның 8-не дейін жалғасады.
XS
SM
MD
LG