Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11-05-2004

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Біраз уақыт үнсіздіктен кейін, мәжілістің бұрынғы төрағасы Жармахан Тұяқбай “Республика” басылымы арқылы өзінің соңғы жасаған мәлімдемесіне байланысты түсініктеме беріпті.. Ал, бірқатар тәуелсіз басылымдар Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәжілістің бұрынғы құрамын мерзімінен бұрын таратып жіберу арқылы Жармахан Тұяқбайдан кегін алды деген қорытынды жасапты.

“Республика” газетінің тілшісіне берген көлемді сұхбатында мәжілістің бұрынғы төрағасы Жармахан Тұяқбай Қазақстанда мерзімінен бұрын президенттік сайлаудың өтуі мүмкін екендігін жоққа шығармапты. Алайда ол алдағы өтетін сайлауда өз кандидатурасын президенттіке ұсынбақ ойының жоқ екендігін білдіріпті. Жармахан Тұяқбай Қазақстанда алдағы болатын президенттік сайлауда өз кандидатурасын президенттікке ұсына алатын ақылды саясаткерлер жеткілікті деп есептейді екен. Сондай-ақ Жармахан Тұяқбай сайлау әділ өтпеді деп жасаған мәлімдемесінен кейін, Мемлекет басшысымен кездескендігін және өзінің ешқандай да лауазымды қызметті қажет етпейтіндігін тілге тиек етіпті. Жармахан Тұяқбайдың айтуынша, соңғы сайлау барысында орын алған өрескел заң бұзушылықтар оның осындай мағынадағы мәлімдеме жасауына мұрындық болған. “Маған ешқандай да қызметтің керегі жоқ. Мен жоғары қызметтердің бәрінде де істеген адаммын. Адам өзінің істеп жатқан жұмысынан моральдық тұрғыда рахат алуы керек. Ал, мына жұмыс істеп жатқан Конституцияның аясында ештеңені іске асыру мүмкін емес” деген Жармахан Тұяқбай, президенттің мәжілісті мерзімінен бұрын тарату туралы шешімінде ешқандай да қисынның жоқ екендігін тілге тиек етіпті. Мәжілістің бұрынғы төрағасы Жармахан Тұяқбайдың пікірінше, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәжілісті бұрынғы құрамын мерзімінен бұрын тарату арқылы, барлық мәселеге нүкте қойып, сайлаудың әділетсіз өткендігі туралы әңгімелерді жылы жауып тастағысы келіп отыр.

Сондай-ақ “Республика” басылымында жарық көрген Мұхаметжан Әділовтың мақаласында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәжілістің бұрынғы төрағасы Жармахан Тұяқбайдан кек алу үшін, оның құдасы Нұрлан Балғымбаевты қылмыскер қылудың жолын қарастыра бастайды деген болжам жасалыныпты. Мақала авторының айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстан Президентінің әкімшілігі Қытайда емделіп жатқан экс-премьер Нұрлан Балғымбаевтың келуін асыға күтіп отыр. Мақала авторы енді президент Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақгейт” оқиғасына байланысты экс-премьер Нұрлан Балғымбаевты еш ойланбастан құрбандыққа шалып, мұнай келісім-шарттарына байланысты алынған параның бәрін де экс-премьер Нұрлан Балғымбаевтың мойнына жабу арқылы, мәжілістің бұрынғы төрағасы Жармахан Тұяқбайдан өшін алады деп пайымдайды.

“Жас қазақ” басылымы Мәжілістің бұрынғы төрағасы Жармахан Тұяқбайдың әзірге ешқандай партияға кіруге шешім қабылдамағандығын хабарлапты. Сондай-ақ мақалада Жармахан Тұяқбайдың мәжілістің мерзімінен бұрын ерте таратқандығына қарсылық білдіргендігі де айтылыпты.

“Эпоха” басылымына берген сұхбатында саясаткер Сейдахмет Құттықадам мәжілістің бұрынғы төрағасы Жармахан Тұяқбайды біраз уақыттан бері білетіндігін, оның салмақты да салиқалы саясаткер екендігіне айрықша тоқталыпты. Саясаткер Сейдахмет Құттықадамның айтуынша, Жармахан Тұяқбайдың аты-шулы мәлімдемесінен кейін, президент пен спикердің арасында біраз уақыт бойы, психологиялық үнсіздік ойыны басталған. Сейдахмет Құттықдам Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәжілістің төрағасы Жармахан Тұяқбайдан кек алу үшін бұрынғы Парламенттің жұмысын тоқтатып отыр деген ой айтыпты. Сейдахмет Құттықдамның пікірінше, Қазақстанның саяси өмірінде болып жатқан соңғы оқиғалардың бәрі де Америка Құрама Штатында өтетін “Қазақгейт” сот процесімен тығыз байланысты.

Экс-депутат Серікбай Әлібаев болса, “Начнем с понедельника” басылымына берген шағын сұхбатында Мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбайдың аты-шулы мәлімдемесінен кейін, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәжілістің бұрынғы құрамының жұмысын мерзімінен бұрын тоқтатқызу туралы шешім қабылдауы , демократиялық күштердің бірігіп кетуіне еш кедергісін келтіре алмайды, қайта ол процестің жедедей түсуіне ықпал жасайды деген пікір білдіріпті. Экс-депутат Серікбай Әлібаевтың айтуынша, билік тарапынан қандай қадамдар жасалса, да экс-спикердің мәлімдемесін қоғам өзінше қабылдап үлгірді. “Егер де Жармахан Тұяқбай жеңіл өмірдің рахатын көргісі келсе, ол Парламентте тып-тыныш отыра берер еді” дейді экс-депутат Серікбай Әлібаев.

“Ана тілі” басылымы мәжілістің бұрынғы төрағасы Жармахан Тұяқбайдың жұмыссыз қалғандығын хабарлапты. Мақала авторының айтуынша, Жармахан Тұяқбай журналистермен кездескен кезінде, “Президент командасында қалу үшін онымен бірге жұмыс істеу керек. Жұмыссыз адам ол командада қалай қала алады” деп мәлімдепті.

“Сөз” газетінде жарық көрген Гүлжан Ерғалиеваның мақаласында көптеген адамдардың Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы мәжілістің жұмысын мерзімінен тоқтатқызу туралы шешімге келуін, мемлекет басшысының Жармахан Тұяқбайдан алған кегі ретінде бағалап жатқандығын айта келіп, оның нағыз себебінің басқада болуы мүмкін екендігі туралы болжам жасапты. Гүлжан Ерғалиеваның айтуынша, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мұндай асығыс қимыл танытуының басты себебі, Мемлекет басшысының бұрынғы кеңесшісі Джеймс Гиффенге қатысты Америка Құрама Штатында өтетін сот процесімен байланысты болып отыр. Мақала авторының айтуынша, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штатында “Қазақгейт” ке қатысты екі айдан кейін сот процесі басталатын болғандықтан, мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізудің айла-амалына кірісіп кетті.
XS
SM
MD
LG