Accessibility links

К.Бұрханов: «Я.Арафат сәл дипломатиялық саясат ұстанғанда, Палестина жерінде дербес мемлекет құрылар еді»

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Палестина автономиясының басшысы Ясир Арафаттың денсаулығына байланысты жұма, қарашаның 5-і күні Қазақстандық ақпарат құралдарында әртүрлі мәліметтер таратылды. Бірқатар ақпарат агенттіктері Палестинаны азат ету ұйымының жетекшісі «қайтыс болды» деген ақпаратты да жариялап жіберді. Осыған орай, Қазақстандық саясаттанушылардың да Таяу Шығыстағы ахуал, Палестина басшысы тұрғысында пікірлері де әр алуан. Саясаттанушы Камал Бұрханов: «Я.Арафат сәл дипломатиялық қалып ұстанғанда, Палестинада бүгінде дербес мемлекет құрылар еді» дейді. Ал саясаттанушы Әзімбай Ғали Ясир Арафат олай-былай болып кетсе, Таяу Шығыстағы жағдайдың қандай сипатта өрбитіні турасында 3 түрлі жорамал жасап отыр.

Саясаттанушы Камал Бұрхановтың айтуынша, Палестинаны азат ету ұйымының жетекшісі Ясир Арафат өз халқының тағдыры үшін бар ғұмырын сарп еткен жан. «Тек оның өте принципшілдігі түпкі мақсатына жетуде үлкен кедергілерге арқау болды» дейді Камал Бұрханов:

- Ол кісінің бір қатып қалған принциптері болды. Соның салдарынан Палестина азаматтары әлі күнге дейін өзінің мемлекетін құра алмай отыр. Анығында, Палестина халқының мемлекет құруына талай мәрте мүмкіндіктері болды. Ел басшылығы соны оңтайлы пайдаланбады. Соған байланысты әлі күнге шейін қантөгіс тоқтамай отыр, шешілмеген түйткілді мәселелер көбеймесе азайған жоқ. Бұл жерде Я.Арафат мырза кішкене дипломатиялық ұстаныммен жүргенде, бейбітшілік жолмен мемлекет құрып алар еді.

Тағы бір саясаттанушы Әзімбай Ғали: «Ясир Арафат өзінің қайраткерлік жолын террорлық бағыт ұстанған ұлттық қозғалыстан бастады» дейді. Әзімбай Ғалидың айтуынша, Палестинаны азат ету ұйымы жетекшісінің басты ерекшелігі – оның билік басына келгенде, радикалды күштер мен мемлекетшіл топтың арасына дәнекер бола білуінде:

- Египет, Сирия, Иордания елдері бірнеше рет Израильге жабылып, жеңіліске ұшырады. Ал Палестина қозғалысы Израильді кішкене шегіндірді. Яғни, бұл қозғалыс алдыңғыларға қарағанда пәрмендірек болып шықты.

Бұл ретте саясаттанушы Әзімбай Ғали Қазақстандық бірқатар ақпарат құралдарының Ясир Арафат көз жұмды деп таратқан мәліметін тілге тиек етіп, Арафатсыз Таяу Шығыстағы ахуал қалай өрбиді деген тұрғыда 3 түрлі болжам айтты:

- 1-ші жағдайда - ондағы ахуал шиеленісе түседі. Яғни, ол аумақта тоқтаусыз-шексіз террорлық әрекеттер жүреді. Бірақ, бұл күрес Израильдің билеуші топтарын қайта біріктіріп, бұл бағыт ақыр аяғында пәрменсіз болып шығады. 2-ші жағдайда – бүгінгі ахуал сақталады. Бұл – Арафаттың тактикасы. Анда-санда бір әрекет жасайды. Нәтижесінде Израильдің мазасы кетеді. 3-ші жағдай – ортақ ымыра болады. Палестиндік қозғалыстар бірте-бірте бәсеңдейді. Олар сепараттық келісімдерге баратын болады. Бір-бірін сата бастайды. Арнайы қызметтермен жұмыс істейді.

Ал 1992 жылы Қазақстанның мәдениет министрінің 1-ші орынбасары болып қызмет істеп жүрген кезінде Палестина автономиясының басшысымен Тунисте кездейсоқ кездесіп қалып, оның Қазақстаннан елшілік ашу жөніндегі өтініш үшбу-хатын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жеткізгенін айтқан театр сыншысы Әшірбек Сығай: «Мен 2 сағат әңгімелескен уақытта Ясир Арафаттың әлемдік дәрежеде мойындауға болатын тұлға екеніне көз жеткіздім» дейді:

- Ауыспайтын, өзгермейтін өмір жоқ десек те, тұлғаға байланысты Я.Арафат пен Ф.Кастроның есімдерін ерекше бөліп айтар едім. Бұларды өз басым әлемдік аренадағы биік тұлғалар деп ұғамын. Мен оларды зерттеп жүрген саясаттанушы адам емеспін. Бірақ, ол кісінің әлі де ел басқарғанын қалаймын. Я.Арафаттар қай кезде де керек. Ондай азаматтар өзінің елі үшін, халқы үшін отқа да, суға да түсіп, өзінің еркіндігі, азаттығы, дербестігі үшін күреседі. Ол кісі ешкімге зиян жасап отырған жоқ.

Ал, Палестина автономиясының Қазақстан республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Мохаммад Таршахани: «Кейбір әлемдік деңгейдегі саяси қайраткерлердің Ясир Арафатты Таяу Шығыстағы бейбіт өмір қалыптастыруға кедергі жасаушы тұлға деп қарастыруы мүлдем қисынға келмейтін әңгіме» дейді:

- Ясир Арафат мырза өз елінің мүддесін ойлайтын жан. Ол кісі Израил жағымен тарихи маңызға ие бейбіт келісім-шартқа қол қойды. Бұл ретте Арафат мырза Палестина халқы өз мемлекетін өз иелігіндегі жердің 22 пайызына ғана құрады деген тоқтаммен келісті. Яғни, Палестина жерінің 78 пайызына Израиль азаматтары қоныстанды. Бүкіл әлем жұртшылығы ол жерлердің Израилдікі емес екенін біледі де. Осының салдарынан Израил мемлекетінің аумағында әлі күнге шейін мүліктік мәселелер жөнінде проблемал туындайды. Өйткені, ол жерлерде Палестиндіктердің үйлері, түрлі ғимараттары қалып қойған.

Ал өз басшыларының денсаулығына байланысты елші Мохаммад Таршахани мырза: «біз ол жақтағы басшылармен тығыз байланыста отырмыз. Ясир Арафаттың денсаулығы күрт нашарлап кеткені рас, ал оны ана дүиеге аттанып кетті деп таратылған ақпарат шындыққа жанаспайды» деген пікір білдірді.
XS
SM
MD
LG