Accessibility links

Ирақтың Фаллужа қаласындағы көтерілісшілермен шайқас сейсенбі күні де жалғасты


АҚШ күштері мен Ирақтың 1500 дей үкіметтік жасағы сейсенбі күні Фаллужаның орталығына қарай көшелерде соғыса отырып, шабуылдарды жалғастырды. Көтерілісшілерге қарсы бастапқы ұрыстар кескілескен қатал түрде жүрді.

Сейсенбі күнгі таңғы шайқастарда әскерлер қаланың ішіне екі көшенің бойымен шамамен 1 шақырымдай дендеп кіре алды.

Фаллужаның ішіндегі әуеден емес, жерден жасалған басты шабуылды дүйсенбі күні кешке қарай қаланың солтүстік жағынан негізінен бастап жүргізгендер АҚШ теңіз жаяу әскерлері болды. Бұл шабуылдар сол дүйсенбіде, күндіз қаланың батысындағы ең үлкен деген аурухана мен Ефрат өзенінен өтетін стратегиялық маңызы бар екі көпір алынған соң басталған болатын.

Дүйсенбінің түнінде атқарылған алғашқы операциялардың мақсаты- көтерілісшілер жолдарға қойып кеткен жарылғыш заттарды тазартып, Фаллужаның солтүстік жағындағы теміржол бекетін қолға алу болатын.

Теміржол бекеті алынған мезетте АҚШ күштері мен оның ирақтық одақтастары қаланың солтүстігіндегі Жолан жане Аскари деп аталатын екі ауданы арқылы жаяу әскерлер танктердің қолдауымен орталықққа қарай бет алды.

Жасақтармен бірге жүрген тілшілердің хабарлауынша, Америка мен Ирақ күштері қаланың ішінде кескілескен ұрыс сала отырып, бір шақырымдай алға жылжыған.

Фаллужаның 300 мыңдай тұрғынының басым көпшілігі соңғы бір айдың ішінде қаланы, үйлерін тастап кетіп қалған. Дегенмен де кейбір деректерге қарағанда қалада бұл күнде ешқайда кетпей қалған 50 мыңдай халық бар.

Пентагонның мәліметтері бойынша, Фаллужада қазір күрес жүргізіп жатқан көтерілісшілердің саны 1-6 мыңға дейін болып қалады.

АҚШ-ң қорғаныс министрі Доналд Рамсфелд дүйсенбі күні Вашингтонда журналистер алдында Фаллужа Ирақ көтерілісшілері тұрақталып қалған басты орын, бірақ та Пентагон мұндағы шабуылдар Ирақ көтерілісшілеріне қарсы соңғы ұрыстар болады деп күтпейтіндігін айтқан:

-Экстремистердің Фаллужадан айрылса, көп нәрсені жоғалтатындары айқын. Менің ойымша олар бұлай болдыртпауға барынша тырысып бағады. Ұсынысым мұның шегіне жету үшін қатал күрес, жұмыс керек, ал ол болса уақытты қажет етеді деп ойлаймын,-деген Рамсфелд.

АҚШ-ң қорғаныс министрі сондай-ақ Ирақтың Рамади жане Самарра қалаларындағы көтерілісшілерге де қарсы мұндай шабуылдар жоспарланып отыр ма, жоқ па, ол жөнінде нақты ешнәрсе айтпаған. -Мұндай негізгі шешімдерді ең алдымен Ирақ үкіметі қабылдайды. Сонан соң олар оны коалция күштерімен талқылайды. Егер біз ондай шешімдермен келісетін болсақ, онда біз көмектесе алатындай әдістермен көмек береміз. Сондықтан бұл ретте жауап Ирақ үкіметінен болу керек. Екіншіден егер біз ол қалаларға, яғни Самарра мен Рамади қалаларына баруды жоспарлаған болсақ та, ол жөнінде айтпас едік,-деген ол.

Түсіп жатқан хабарларға қарағанда Бағдадтың солтүстік шығысындағы Бақуба қаласының маңайында көтерілісшілер полиция бекетін шабуылдаған. Ирақ генералы Уалид әл-Аззауидің айтуынша, көтерілісшілердің төртеуі опат болған. Жалпы бұл қақтығыста қаза болған адамдардың саны жөнінде кейбір қайшылықты мәліметтерде болған.

Көтерілісшілердің бұл полиция бекеттеріне қарсы біраз күндерден бергі осымен үшінші шабуылы. Сондай-ақ Киркуктың жанындағы Ирақтың ұлттық күзетіне қарсы жасалған жанкештілік бомба шабуылында үш адам опат болды деп те хабарланып отыр.
XS
SM
MD
LG