Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11-10 - 2004

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Тәуелсіз басылымдарда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен кейбір зиялы қауым өкілдерінің айтқан сөздері сынға алыныпты. Сондай-ақ мерзімді басылымдарда “Наурыз Банктің” төңірегінде болып жатқан оқиғалар сөз болыпты.

Тәуелсіз “Азат” апталығында жазушы Дінәш Нұрмұхамбет Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен кейбір зиялы қауым өкілдерін сынға алып өтіпті. Мақала авторы, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың зиялы қауым өкілдерімен кездескен кезінде, Парламент сайлауының әділетті өткендігін мақтаныш еткендігін тілге тиек еткендігін атап өтіпті. Жазушы Дінәш Нұрмахамбет “Азат” газеті арқылы, егер де Президенттің сөзі рас болса, Парламент мәжілісінің төрағасы Жармахан Тұяқбай сайлау әділ өтпеді деп мәлімдеме жасап, қызметінен кетпеген болар еді” деген ойын білдіріпті. Мақала авторының айтуынша, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде қазақты үйреншікті әдетімен кемсітіп сөйлеуге тырысқан, ал кейбір зиялы қауым өкілдері оған жағымпазданып, көңілін табуға тырысқан. Сондай-ақ “Азат” газеті ақын Нұрлан Оразалиннің “саяси партиялар елді қозғап жатыр” деген сыңайдағы айтқан сөздерін беріпті. Ал, жазушы Дінәш Нұрмахамбет болса, Қазақстан Жазушылар Одағының бірінші хатшысы Нұрлан Оразалин осы сөзді айту арқылы Президентке жағынып қалуды мақсат етті деген сын айтыпты. Жазушы Дінәш Нұрмахамбет Қазақстан Жазушылар Одағының бірінші хатшысы Нұрлан Оразалин саяси партиялар елді қозғап жатыр деп мәлімдегеннен кейін, ол партиялардың атын атауы тиіс еді деген пікірін білдіріпті. “Ұлттың тұтастығын бұзғысы келіп жүрген қай партиялар. Терещенко мырза пәлен жыл бойы басқарып аттандаумен өткен партия ма? Жазушылар Одағын басқарып отырғаннан кейін ол кімнен именіп, кімнен қорқады. Одан да Нұрлан Оразалин “Отан” партиясының жырын жырлаймыз деп, елге күлкі болдық деп айтпай ма” дейді жазушы Дінәш Нұрмахамбет. Жазушы Дінәш Нұрмахамбеттің айтуынша, жазушы Ақселеу Сейдімбек пен әнші Бекболат Тілеуханның сөздері де тек Президентті қолпаштаудан аса алмаған.

Қазақстан Президентінің зиялы қауым өкілдерімен кездесуіне аймақта шығатын басылымдар да айрықша назар аударыпты. Орал қаласында шығатын “Жүздесу” басылымының 45 санында жарық көрген мақалада Қазақстан Президентімен кездескен кездегі ақын Мұхтар Шаханов сөйлеген сөздері сынға алыныпты. Мақала авторының айтуынша, ақын Мұхтар Шаханов “Нұреке, қызметте өзіңіз өсіргендер жұмысын сәл төмендетсе, өзіңізге шабуыл жасап жатыр. Мына біздердей зиялы қауым өкілдерінің арасында ондайлар жоқ” деп Мемлекет басшысына барынша жағынуға тырысқан. Мақала авторы ақын Мұхтар Шаханов осындай мағынадағы сөздерді айту арқылы, Жармахан Тұяқбай, Ораз Жандосов, Алтынбек Сәрсенбайұлы, Григорий Марченко, Әлихан Бәйменов, Төлеген Жүкеев, Ғалымжан Жақиянов, Заманбек Нұрқаділов, Жаннат Ертілесова сынды қайраткерлердің шалғайына жармасып, оларды тұқыртуға тырысып бақты деген пікір білдіріпті. Мақала авторы келтірген деректерге жүгінсек, ақын Мұхтар Шахановтың бұрынғы және кейінгі кездері айтып жүрген әңгімелеренің арасында жер мен көктей айырмашылық бар.

Сондай-ақ мерзімді басылымдар “Наурыз банк” төңірегіндегі болып жатқан оқиғаларға да баса назар аударыпты. “Айқын” газеті бейресми ақпарат бұлақтарының Қазақстандағы екінші дәрежедегі банктің бірі болып табылатын “Наурызбанктің” өз жұмысын тоқтатқандығы туралы ақпарат таратқандығын хабарлапты. Мақалада бұл деректің ресми ақпарат емес екендігі, алайда бірқатар интернет-сайттары мен қаржы сарапшыларының “Наурызбанктің” күні санаулы екендігін болжап қойғандығы айтылыпты. Мақала авторының айтуынша, қарашаның тоғызы күні банктің клиенттері Қаржы рыногы мен қаржы ұйымдарын қадағалау жөніндегі Агенттіктің “Наурыз банктің” жұмысын уақытша тоқтатылғаны туралы ескертуін алыпты. Онда уақытша әкімшіліктің жазбаша келісімінсіз жасалған кез-келген шарттың заңсыз болып табылатындығы айтылыпты. Сондай-ақ “Айқын” басылымы банк жұмысын тоқтату көз жұма салатын дерек емес екендігін айта келіп, оның қаржы құрылымы ретінде клиенттерінің алдында нақты міндеттерінің бар екендігін атап өтіпті. Алайда мақала авторы, бұл жөнінде бір дерек алғысы келген әрекеттерінен еш нәтиже шықпағандығын, Ұлттық Банк пен қаржы рыногын бақылайтын Агенттіктің де бұл жөнінде ақпар бермегендігін айрықша атап өтіпті.

“Литер” басылымында Қаржы рыногы мен қаржы ұйымдарын қадағалау жөніндегі Агенттіктің “Наурыз банк” жұмысының уақытша тоқтатылғаны туралы ескертуінің мәтіні беріліпті. Сондай-ақ “Литер” басылымында жарық көрген мақалада 9 қараша күні сағат 12 де, Алматыдағы “Наурыз Банктің ” кеңсесіне полиция қызметкерлерінің келгендігінің мән-жайысы баяндалыпты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, “Наурыз Банкке”, қызмет формасын киіп келген адамдар, оларға “Наурыз Банк” жұмысының уақытша әкімшіліктің иелігіне өтетіндігі туралы Қазақстан Республикасы қаржы ұйымының ресми шешімін алып келген. Мақала авторының айтуынша, “Наурыз Банктің” аймақтардағы 20 бөлімшесінің жұмысы да осылайша санаулы минуттарда өз жұмысын тоқтатқан. “Алдымен банк күзеті полиция қызметкерлерімен ауыстырылған. Содан кейін қызметкерлердің бөлмелерін мөр басып жаптыртқызған. Және бұл операцияның бәрі “Наурызбанктің” барлық бөлімшелерінде бір уақытта, санаулы минуттарда жүзеге асырылған” дейді мақала авторы.
XS
SM
MD
LG