Accessibility links

«Наурыз-Банк» 3 ай мерзімге консервацияланатын болды


Қазақстандағы қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі агенттік басқармасы 2-ші деңгейдегі банктердің бірі – «Наурыз-Банк»-тің жұмысын қараша айының 9-ынан бастап 3 айға консервациялады. Басқарма өкілдері таратқан арнайы баспасөз-мәлімдемесінде «Наурыз-Банк»-тің өз қызметі барысында заң бұзушылықтарға жол бергендігі айтылады. Қазақстан банкілері қауымдастығы төрағасының орынбасары Бейбіт Ақпейісовтың айтуынша, осы 3 айлық тексеру нәтижесінде банк қожайынының өзгеруі мүмкін. Естеріңізге сала кетсек, осыдан 5 ай бұрын парламент мәжілісінің депутаты Төлен Тоқтасынов «Наурыз-Банк» басқармасының төрағасы Оразалы Ержановтың Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жолдаған президент әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетов пен банк арасында 10 миллион доллар турасында даулы мәселе бар екендігі жөніндегі хатын жария еткен болатын.

«Наурыз-Банк Қазақстан» Ашық Акционерлік қоғамына хабарласқанымызда аты-жөнін атамауды жөн санаған баспасөз-қызметінің өкілі: «қазір банктің барлық іс-әрекетін қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі агенттік басқармасы реттеп отыр. Қандай да бір ақпаратты тек сол мекемеден біле аласыз» дегенді айтты:

- Агенттік таратқан баспасөз-мәлімдемесінде бәрі жазылған. Қазір банктің барлық қызметін сол мекеме реттеп отырады.

Ал осы мәселеге қатысты түсінік алу мақсатымен «Наурыз-Банк»-тің 3 ай мерзімге консервациялануы турасында қаулы шығарған Қазақстанның қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі агенттікке хабарласқанымызда, агенттіктің баспасөз-қызметкері Жетпісбай Бекболатұлы сәл сәл кейінірек хабарласуымызды сұрады:

- Енді оны мен қазір сұрап көрейін. Кімнің айтатын мүмкіндігі бар екенін. Біраздан кейін қайта хабарласыңыз.

Осыдан кейін де біз агенттік басқармасына сан рет телефон соқтық. Телефон тұтқасын ешкім көтерген жоқ. Осы агенттіктің арнайы таратқан баспасөз-мәліметіне қарағанда, 3 айлық консервация мерзімінде «Наурыз-Банк»-тың бар құзыреті уақытша әкімшілік қарауына өтеді. Сондай-ақ баспасөз-мәлімдемесінде «осы аралықта уақытша әкімшілік пәрменінсіз банктің кез-келген басшысы жасаған келісім-шарттардың барлығы дерлік заңсыз болып табылады» деп жазылған. Біз банктің бас кеңсесіне хабарласқанымызда, қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз: «басшылық өзгергені болмаса, барлық жұмыс қалыпты жүйемен жүріп жатыр» дегенді айтты. Ал «Наурыз-Банк» секілді, 2-ші деңгейдегі банктің консервациялануы турасында қаржыгер Ораз Жандосов мынандай пікір білдірді:

- Бұл мәселенің дұрыс-бұрыстығы жайлы айтпас бұрын, Банктің рейтингін қарау керек. Меніңше, «Наурыз-Банк»-тің рейтінгісі анау айтқандай жақсы емес.

Ал Қазақстан банкілерінің қауымдастығы төрағасының орынбасары Бейбіт Ақөпейісов: «Қазақстанда бұған дейін дәл осындай жағдай 1994-ші жылы орын алған болатын» дейді: - Бұған дейін «әл-Барака Қазақстан» банкінде консервация болған. Қазір ол банк «Каспий банкі» деп аталатын болды. Меніңше, осы консервациядан кейін мына «Наурыз-Банк»-тің қожайыны ауысуы мүмкін.

Естеріңізге сала кетсек, үстіміздегі жылдың маусымында парламент мәжілісінің жалпы отырысында депутат Төлен Тоқтасынов «Наурыз-Банк» басқармасының төрағасы Оразалы Ержановтың президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жолдаған хатын жария еткен болатын. Кейіннен «Отан» партиясының парламенттегі фракциясының жетекшісі Қайролла Ережепов, тағы біраздан соң «Наурыз-Банк» мекемесі: «ол хатты Ержанов жазбаған» деп мәлімдеме жасаған еді. Депутат Төлен Тоқтасынов оқыған хатта президент әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетовтың осы банкке 10 миллион доллар қаржыны құймай жүргендігі айтылған болатын.
XS
SM
MD
LG