Accessibility links

Мүгедектер кедейшіліктің төменгі шегінде өмір сүріп жатырмыз дейді


42 жастағы Сабырбек Сансызбаев ІІІ топтағы мүгедек. 18 жасында бір аяғынан айырылған. Бүгінде Алматы қаласындағы орталық мешітте қайыр тілейді. Бұл әрекетін ол өмірдің қиындығымен, мүгедек жандарға Қазақстан мемлекеті тарапынан көрсетілетін жәрдемақының мардымсыздығымен түсіндіреді.

-18 жастан мүгедек болу деген бір Алланың жазуы шығар. Мен жұмыс іздеп көрдім. Қайда барсам маған: “Ей, сен тұрмақ екі аяғы бар адамдарға жұмыс жоқ”, дейді. Семей өңірінде туып өстім. Алматы іргесіне қоныс аударғаныма биыл сегіз жыл, ал орталық мешітті кіріс көзіне айналдырғаныма 5 жыл болыпты. ІІІ топтағы мүгедектігіме байланысты 2600 теңге жәрдемақы аламын. Соны жеткізуге тырысамын.

Өмірдің қиыншылығын әрқилы көтеріп жүрген мүгедектер бүгінде қамқорлыққа өте зәру, дейді Алматы қаласы Бостандық ауданындағы мүгедектер ұйымының басқару кеңесінің мүшесі, ІІ топтағы мүгедек Нәсіп Әбденқызы:

-Жағдайымыз мәз болмай отыр. Біздің ұйымда жастар да бар. Көбі арбада отырады. Ауырған адамға дәрі керек, арба керек дегендей. Үкімет ешқандай көмек көрсетпейді. Ішіміздегі жүретіндеріміз жүрмейтіндерімізге қоларба басқа керек заттар сұрап, талай кеңселердің есігін тоздырып жүрміз. ҚазМұнайГаз компаниясына көмек сұрайын деп талай бардым. Есіктен әрі өте алмадым. Күзетшісі кіргізбейді.

Алматыдағы Соқырлар қоғамына қарасты N1-ші көрпе-жастық тігетін кәсіпорынның директоры Алтынай Ибрагимова: “Қазақстан бойынша 20 мың соқыр мүгедек бар. Оның 2 мыңы еңбекке қабілетті. Ал соның бүгінде 50-і ғана жұмыс істейді”, дейді: -Қалған мүгедек азаматтардың барлығы мемлекет тарапынан берілетін 5 мың теңге көлеміндегі жәрдемақымен ғана күндерін көріп отыр. Пәтерақы, дәрі-дәрмектері бар. Сонда олардың ақшалары мүлдем жетпейді.

Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік нормативтер және мүгедектерді сауықтыру департаменті директорының орынбасары Гүлнәр Тоқсейітованың келтірген деректеріне сүйенсек, Қазақстанда қазір 400 мыңға жуық мүгедектер бар. Оның 47-і мыңы балалар екен. Гүлнәр Тоқсейітова: “Келер жылдан бастап мүгедектерді әлеуметтік қорғау мақсатында бірқатар іс-шаралар атқарылып, еңбекпен қамту, медициналық сауықтыру мәселелеріне министрлік барынша көңіл аударып отыр” дегенді айтты:

-2005 жылдың бірінші қаңтарынан бастап мүгедектерге берілетін жәрдемақы категорияларына байланысты көтерілетін болады. Әр облыстық әкімшіліктер өз облыстары бойынша мүгедектерді жұмысқа орналастырудың 3 пайыздан төмен емес квотасын қарастырады.
XS
SM
MD
LG