Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11-11-2004


Мерзімді басылымда Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан демократия және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі Ұлттық комиссияның құрылғандығына баса назар аударыпты. Ал, осы комиссияның төрағасы болып тағайындалған Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Болат Өтемұратов Ұлттық комиссияның ережесіне сәйкес, оның жұмысына Мемлекет басшысының қатысуы мүмкін екендігін тілге тиек етіпті

“Сөз” басылымы “Қазақпаратта ” жарық көрген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы демократия және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі Ұлттық комиссияны құру” туралы шешімге қол қойғандығы туралы ақпаратты көшіріп басыпты. Аталмыш ақпаратта бұл комиссияның Қазақстандағы саяси мәселелерді дамыту мақсатында құрылғандығы айтылыпты. Газетте жарық көрген ақпаратқа сүйенсек, бұл Ұлттық комиссияның құрамы да бекітіліп, оның төрағасы болып Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Болат Өтемұратов бекітіліпті.

Сондай-ақ бұл Ұлттық комиссияның құрамына Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Серікболсын Әбділдин, Парламент мәжілісінің депутаты Серік Әбдірахманов, “Ақ жол” демократиялық партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменов, Парламент сенатының депутаты Анатолий Башмаков, “Руханиат” партиясының төрағасы Алтыншаш Жағанова, “Отан” саяси партиясы төрағасының орынбасары Амангелді Ермегияев, Қазақстан Республикасының Әділіт министрі Оңалсын Жұмабеков және тағы да басқа саяси партиялардың басшылары мен мемлекет қызметкерлері кіріпті.

“Түркістан” басылымында жарық көрген Гүлбиғаш Омарованың мақаласында тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстанда түрлі комиссиялардың көбейіп кеткендігі сөз болыпты. Мақала авторының айтуынша, сол комиссиялардың көпшілігінің не бітіріп, не қойғанын кейіннен ешкім де білмей қалады екен. Гүлбиғаш Омарова бұрынғы Тұрақты Кеңестің орнына “Қазақстан Президенті жанынан құрылған демократияландыру және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі комиссияның” да келешекте бір маңызды жұмыс атқара алатындығына күдік келтіріпті. Мақала авторы бірнеше жылда бірнеше отырыс өткізіп, саяси партиялар тарапынан тек наразылық тудырған Тұрақты кеңес тарихқа кетіп, енді оның міндетін атқаратын Ұлттық кеңес не бітіре алады деген сауал қойыпты. Газет тілшісінің айтуынша, бұл Ұлттық комиссия да құрылғанда жарты әлемге жар салып, таралғанын тірі жан білмей қалатын көп комиссияның бірі болып қалуы ықтимал.

Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “Мегаполис” апталығында саясттанушы Ерлан Қарин, Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Әбдірахманов, Қазақстан Коммунистік Халық партиясының бірінші хатшысы Владислав Косарев, “Ақ жол” демократиялық партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменов “Қазақстан Президенті жанынан құрылған демократияландыру және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі комиссияның” келешегіне байланысты өз ойларын ортаға салыпты. Саясаттанушы Ерлан Қариннің пікірінше, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Отан” партиясының құрылтайындағы көтерген саяси бастамалары жаңадан құрылған Ұлттық Комиссия атқаратын жұмыстардың негізгі нысанасына айналуға тиіс. Сондай-ақ Ерлан Қарин оппозиция өкілдері Парламент мәжілісінде бірде бір орынға ие бола алмағандықтан, олардың бұл комиссияның жұмысына қатысуы бос уақыт өткізу болып табылады деп есептейді. Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Әбдірахманов болса, Ұлттық кеңес қоғамдық ойдың ұйытқысына айнала алады деген ойын білдіріпті.

“Ақ жол” партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменов бұл Ұлттық комиссияның төрағасы болып Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Болат Өтемұратовтың тағайындалуының себебін түсінбегендігін білдіріпті. Ал, Қазақстан Коммунистік Халық партиясының бірінші хатшысы Владислав Косарев Ұлттық Комиссияның төрағасы болып Болат Өтемұратовтың тағайындалуы, бұл ұйымның жұмысы мен өкілеттілігін күшейте түседі деген пікір айтыпты.

“Время” газетіне берген сұхбатында Қазақстан Патриоттар партиясының басшысы Ғани Қасымов “Қазақстан Президенті жанынан құрылған демократияландыру және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі комиссияның” төрағасы болып, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Болат Өтемұратовтың тағайындалуы онда талқыланатын мәселелердің маңыздылығын күшейте түседі деп есептейтіндігін тілге тиек етіпті. Ғани Қасымовтың пікірінше, Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Болат Өтемұратовты Қазақстан Президенті жанынан құрылған демократияландыру және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы етіп тағайындау арқылы, шын мағынасындағы демократиялық реформаларды жүргізуге ниет білдіріп отыр.

“Казахстанская правда” газетіне берген сұхбатында Қазақстан Президенті жанынан құрылған демократияландыру және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі комиссияның” төрағасы болып тағайындалған Болат Өтемұратов, Ұлттық комиссияның ережесіне сәйкес, Ұлттық Комиссияның жұмысына Мемлекет басшысының қатысуы мүмкін екендігін тілге тиек етіпті. Болат Өтемұратовтың айтуынша, Қазақстанда демократияландыру процестерін ілгері жылжытып, азаматтық қоғам құру қажеттілігі туындап отырғандықтан, аталмыш комиссияның атқаратын жұмысы да зор болмақ. Сондай-ақ Болат Өтемұратов “Казахстанская правда” газетіне берген көлемді сұхбатында аталмыш Комиссияның жұмысында сайлау нәтиежелеріне байланысты мәселелердің талқыға салынбайтындығын, оны қарау сот орындарының құзырындағы мәселе екендігін де атап өтіпті.
XS
SM
MD
LG