Accessibility links

Я.Арафаттың өлімінен кейінгі Таяу Шығыстағы ахуал турасында Қазақстандық сарапшылар әртүрлі болжам айтуда

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Палестина автономиясының басшысы Ясир Арафаттың қайтыс болуына байланысты, енді Таяу Шығыстағы саяси ахуал қандай сипатта өрбиді деген сауал Қазақстандық сарапшыларды да толғандырып отыр. Ұзақ жылдар елшілік қызмет атқарған, дипломат Болатхан Тайжан: «соңғы уақыттары қалыптасқан саяси ахуалдарға қарап отырып, Палестинаның жаңа басшылығы Израиль жетекшілерімен тіл табысуға мәжбүр болады деп болжам жасауға болады» дейді. Ал саясаттанушы Берік Әбдіғалиев болса: «Алдағы уақытта Палестина автономиясының басшылығына радикалды күштер келмесе, Ясир Арафат ұстанған саясат ары қарай жалғаса береді. Яғни, Таяу Шығыста анау айтқан өзгеріс бола қоймайды» деп отыр.

Палестина автономиясының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Мохаммад Таршахани: «Біздің басшымыз Ясир Арафат өмір бойы қандай мәселені болсын бейбіт жолмен шешу ұстанымында болған жан. Билік басына келетін жаңа басшылық та Я.Арафат мырзаның сол бағытын ары қарай жалғастырады деп сенемін» дегенді айтты:

- Біздің марқұм басшымыз әрқашан: «біздің стратегиялық таңдауымыз - кез-келген мәселені бейбіт жолмен шешу болып табылады» дегенді айтып өтті. Менің ойымша, жаңадан келетін басшылық та алдағы уақытта осы ұстаным шеңберінде жұмыс істейтін болады.

Мохаммад Таршахани мырзаның айтуынша, бұл ретте Израиль басшылығының да Таяу Шығыстағы шиеленіскен жағдайды шешуде қарулы қақтығыстар мен күш көрсету тәсілін емес, бейбіт мәмілегерлік жолды таңдағаны дұрыс болады:

- Ең бастысы - Израиль жағының да бейбіт келісімді қалап, алдағы уақытта орын алған қақтығыстарды қарумен реттеу мәселесінен бас тартуы қажет.

Қазақстандық саясаттанушы Берік Әбдіғалиевтің пайымдауынша, Палестинаны азат ету ұйымының жетекшісі Я.Арафаттың өмірден өтуі Таяу Шығыстағы ахуалға ешқандай өзгеріс әкелмейді. «Өйткені, оның орнын басатын кісілердің Палестина автономиясы ұстанып отырған саясатқа қандай да бір ерекшелік енгізер нышаны байқалмайды» дейді Берік Әбдіғалиев:

- Егер де радикалдық бағыт ұстанған топтар күшейіп кетпесе, сосын Палестинаның басшыларының арасында Я.Арафаттың орнына талас тумаса, үлкен бір өзгеріс бола қоймайды деп ойлаймын. Жалпы Палестинаны азат ету жолындағы күрес, Я.Арафаттың бастаған істері ары қарай жалғасуы керек.

Ал ұзақ жылдар елшілік қызмет атқарған, дипломат Болатхан Тайжан: «Я.Арафаттың қайтыс болуына байланысты Таяу Шығыстағы жағдай 2 түрлі бағытта өрбуі мүмкін» деген болжам жасап отыр:

- Мен Я.Арафаттың маңайындағы адамдардың біразын танимын. Олардың пікірлерін де білемін. Оның маңайында мына «Израильмен қатал, батыл саясат жүргізу керек» деген топ бар. Екінші жағынан керісінше, «біз осына қойсақ, Израильмен тіл табысып, бейбіт жолмен дамысақ» деген де бағыт бар. Екі қанатты да біріктіретін ортақ мүдде – Палестина мемлекетін құру. Сондықтан, бұл арада қай жақ жеңеді, сол топтың саясаты жүргізілетін болады.

«Сондай-ақ Палестина автономиясында жүргізілер саясаттың алдағы уақытта қалай қалыптасатынына сыртқы факторлар да әсер етпей қоймайды» дейді дипломат Болатхан Тайжан:

- Мысыр мемлекеті Израильді ұстамдылыққа шақырып отыр. Оның үстіне Д.Буш орнында қалды. Ол Палестинаны Израильдің ой-пікіріне көндірмей, бағындырмай қоймайды. Сондықтан, бұл арада Палестинаның жаңа басшылығы Израильмен тіл табысуға мәжбүр болады.

Ал саясаттанушы Досым Сәтпаев: «дәл қазір Палестина автономиясының билігі кімнің қолына өтетіндігі үлкен маңызға ие» дейді. Оның айтуынша, Таяу Шығыстағы ахуалдың қалай дамитыны ең алдымен Палестинаның саяси элитасы өз ішінде қандай ортақ келісімге келетіндігіне байланысты болмақ:

- Таяу Шығыста Палестина автономиясының лидерлерінен өзге «Хамас», «ХезБолла», «Ислам жиһады» секілді жекелеген радикалды топтардың басшылары да бар. Олардың ешқайсысы да дәл қазір қаруларын тапсырып, бейбіт келісім жасасуға құлықты емес. Сондықтан да Таяу Шығыстағы ахуал, жуыр маңда тұрақтала қояды деп айта алмаймын.

Ал дипломат Болатхан Тайжан: «Палестина автономиясының азаматтары түптің түбінде ұзақ жылдар аңсаған азаттыққа қол жеткізеді. Бүтін бір халықты күшпен иліктіріп ұстап отыру тарихта болмаған жайт. Таяу Шығыстағы бүгінде қалыптасып отырған ахуал Израиль жетекшісі Ариэль Шаронның биліктен кеткенінше ғана жалғасуы мүмкін» дейді.
XS
SM
MD
LG