Accessibility links

Қазақстанның мұнайлы өңіріндегі әр бөлке нан бағасы елу теңгеден жоғары


Қазақстанда биыл 13,9 миллион тонна астық жиналды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне қарағанда, оның 4 миллион тоннасын экспортқа шығаруға болады. Ал, ішкі базардағы астық бағасын тұрақтандырып ұстаудың қиындыққа түсетін түрі бар. Мамандардың айтуына қарағанда оған Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдеріндегі бидайдың бағасының және халықаралық базардағы мұнай бағасының қымбаттауы әсер етіп отыр. Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, өткен жылы ТМД мемлекеттерінің сұранысы 7 миллион тонна болатын. Биылғы сұранысы 3 миллион тонна. Былтыр Украина мен Ресейде әр тонна бидай 160-200 доллардан бағаланды. «Былтыр осы уақытта астықтың тоннасы 140 доллар болса, қазір 110 доллар.Қазіргі уақытта нан бағасы өсіп кетсе, оған астық өсірудің өзіндік құнының қатысы жоқ, »,- дейді Ақылбек Күрішбаев. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Аманжол Сейтжанов «Қазақстан астықты мемлекет болғанымен ел ішінде нанның бағасының әркелкілігі сақталып отыр. Мұнайлы өңірлерде бір бөлке нанның бағасы елу теңгеден жоғары болса, солтүстік аймақтарда 30 теңге мөлшерінде. «Әзірге оны үкіметтік тұрғыда тұрақтандыру қиынға түсіп отыр»,-дейді.

Бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Валентин Двуреченский болса, көршілес елдерге қарағанда Қазақстандағы астықтың бағасы екі есеге төмен. Ал халықаралық базарда нан бағасы бір жарым екі долларға дейін барады. Сондықтан Қазақстанда нан бағасын еркімен жіберу қажет деген пікірде.Сарапшы Талғат Әбілев болса, нан бағасын республика көлемінде тұрақтандырып ұстау үшін бюджеттен қаруар қаржы бөлініп қана қоймай, арзан астық өнімдерінің көршілес елдерге көп мөлшерде кетіп қалуына әкеліп соқтыратындығын айтады. Қазақстанның Ұлттық фермерлер федерациясының президенті Барыс Қасымов қандай көлемде қаржы шықса да Оңтүстік, Орталық және Батыс өңірде мемлекеттік үйлестіру есебінен астық өнімдері бағасын арзандату қажет. Мемлекет азық-түлік корпорациясы арқылы қайтарымсыз қаржыға астық бағасын түсіріп, наубайханаларға беруі тиіс деген ойда.

Қостанай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Марс Итпаев бұл облыс Ресйдің бес облысымен шектесетін болғандықтан диқандардың өнімдері бір орталықтан келісімді бағаға сатып алынады. Соның есебінен биылғы жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер көктемде алған 1 миллиард теңге қарызын қайтарыпты. «Қостанай өңірінде нан бағасын өсірмей, осы шамада ұстай аламыз,»-дейді Марс Итпаев.

Ал, Жамбыл облысы әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Ермек Үсенбаев сол өңірде астық мониторингісін жүргізу арқылы нан бағасын тұрақтандырып отырғандықтарын айтады. Астана тұрғындарының бірқатары нан бағасының жиі-жиі көтерілуіне наразылық білдірсе, енді бірі астық өнімдерінің қымбаттағаны дұрыс деген пікірде. Жамбыл облысы әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Ермек Үсенбаевтың айтуынша, облыс көлемінде анан бағасын тұрақты ұстап тұруға көп қаржы жұмсалатын болса, онда халықтың тұрмысы төмен бөлігін жергілікті әкімдіктер арқылы арзан нан өнімдерімен қамту жолын ұсынады.
XS
SM
MD
LG