Accessibility links

Жасөспірім мүгедектер арасында спорттық жарыстар өткізілді


Жастардың дүниежүзілік күні Астана жастарының бірлігі апталығы жарияланып, оның аясында қарашаның 11-і күні ақыл-есі кем балаларға арналған интернаттың және мүгедек балаларды бейімдеу мектебінің тәрбиеленушілері арасында спорттық жарыстар өткізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, нашақорлық пен арақ-шарапқа әуестік белең алып тұрған бүгінгі таңда мұндай шараларды көптеп ұйымдастырған дұрыс.

Астана қалалық әкімшілігінің қолдауымен өткізілген спорттық шараларға қатысушылар үстел теннисі, баскетбол, арқан тартудан сынға түсті. Ақыл-есі кем балалар интернатынан жарысқа қатысуға 12 бала келіпті. Интернатта тәрбиеші болып жұмыс істейтін Гүлсім Батталқызы балалардың шама-шарқынша осындай шараларға қатысып тұратындығын айтады «Интернат үйінде 112 бала тәрбиеленіп жатыр, соның ішінде 6 ер бала мен 6 қыз баланы жарысқа әкеліп отырмыз. Баскетболдан 2:6 есебімен балаларымыз ұтылып қалып, ренжіңкіреп қалды. Есесіне, алдыңғы эстафеталық ойындардан жеңіп шықты, нәтиже жаман емес», - дейді.

Станислав Сигерьевтің ақыл-есі кем балалар интернатында тәрбиеленіп жатқанына 12 жыл болыпты. Ол спорттық ойындарға қатысып тұрғанды ұнатады екен. «Таяуда футболдан Қостанайға барып келдік, 4-ші орын алдық. Маған бәрінен бұрын футбол ұнайды», - десе, 16 жасар Мадияр Сүйінбаевтың мүгедек балаларды бейімдеу мектебіне барып жүргеніне 3 жыл болыпты. Мадияр: «Мен өзім баскетбол және волейбол ойнағанды ұнатамын. Мектебімізде болатын осындай спорттық ойындарға қатысып тұрамыз. Жалпы, осындай үлкен спорттық шараларға бірінші рет қатысып отырмын» - дейді.

«Біреулер баскетбол ойнағысы келеді, біреулер теннис ойнағанды ұнатады, әр баланы қабілетіне қарай спортқа бейімдеп, түрлі жарыстар ұйымдастырып тұрамыз, мұндай шараларды алдағы уақытта да жалғастыру жоспарда бар. Негізінен жасөспірімдер спорттың қай түрімен айналысса да ешқандай зияны жоқ деп ойлаймын. Өйткені, бос уақыттарында көше кезіп, басқа пайдасыз іспен айналысқанша, спортпен шұғылданғандары денсаулықтарына да жақсы», - дейді жарысты ұйымдастырушылардың бірі Жалғас Балманов.

«Ақыл есі кем балалар арасында да спортпен шұғылданғысы келетін талапкерлер аз емес. Біріншіден, бүгінгі жарыс олар үшін үлкен қуаныш. Екіншіден, спорттық жарыстарды өткізу арқылы олардың қоғамдық ортамен байланысын нығайтуға болады. Біздің интернатта да түрлі жарыстар болып тұрады, бізді де шақырып тұрады. Балалардың ынтасы да, көрсеткіштері де жаман емес. Өйткені, арнайы денешынықтыру сабағы өткізіліп тұрады, өздерінің мүғалімдері бар», - дейді ақыл-есі кем балаларға арналған интернат тәрбиешісі Гүлсім Батталқызы.

Бүгінде Астана қалалық мүгедектер қоғамында 9 мыңнан астам мүгедек тіркеуде тұр екен. Спорт жарысына көрермен ретінде қатысқан мүгедектер қоғамының төрағасы Бақтыбай Мырзабековтың айтуынша, бюджеттен қаржы бөлінбейтін болғандықтан, мүгедек жандарға мереке күндері демеушілердің көмегімен аздаған сыйлықтар жасап тұруға тура келеді. «Қаладағы ірі мекемелер, кәсіпкерлер қол ұшын беруден қашқақтайды, бүгінде жеңіл еңбекке шамасы жететін мүгедектерге жұмыс тауып беруге де мүмкіндік болмай отыр. Өткен жылы 8 мүгедекке қалалық әкімшіліктің қолдауымен үй алып беруге мүмкіншілік туды, мүгедектердің спортқа бейімдері республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып тұрады, демеушілердің тарапынан осындай қолдау үнемі көрсетіліп тұрғанын қалар едік», - дейді Бақтыбай Мырзабеков.
XS
SM
MD
LG