Accessibility links

Павлодар облысының Железинский аудандық газеті оқырмандар санын көбейту үшін, газет жазылушылары арасында бас сыйлыққа торай, қозы немесе қаз тігілген лотерея ойнатуды шешкен


Павлодар облысының Железинский аудан орталығында лотерея алам дейтіндер алдымен жарты жылға «Родные просторы» газетіне жазылып, 580 теңге төлеуі тиіс. Сыйлыққа біз әр түрлі стөл шамдарын, сағаттарды, ыдыс-аяқ, суреттер тіктік, дейді газет есепшісі Надежда Жуган. Бірақ, басты сыйлықтарымыз қаз, қозы, торай, дейді ол.

Газет Ресейде шығатын «Журналист» басылымында газет таралымын көбейту үшін, бір ауылда сиыр тігілгенін оқиды. Бертін келе, осы амалды аудандық газетке қолдануды жөн көреді. Газет есепшісі Надежда Жуганның сөзіне қарағанда, лотереядағы сыйлықтарға басында барлығы күліп қараған, кейін мұғалімдердің бәрі жазылды дейді ол.

Қызылорда облысының Шиелі аудандық газеті 6 мың данамен шығады. Газет редакторы Алтай Айыптың мәліметінше, аудандық газеттің оқырмандары азайған емес, бірақ оқырмандарды тұрақты қылу үшін, газет редакциясы мынадай амалдарды қолданады екен:

- Қосымша 4 газет шығарамыз. Мысалы жастарға бөлек.

Қызылорда облысының Шиелі аудандық газетінің редакторы Алтай Айыптың мәліметінше, оқырмандар санын ұлғайту үшін, соңғы кезде, газет бірқатар өзгерістерге ұшыраған:

-Орыс, қазақтарға бөлек газет шығарамыз. Сосын түрлі түсті қылып, айдарларды көп қолданамыз.

Оңтүстік Қазақстан облысының Леңгір аудандық газетінің редакторы Қадірбек Баударбековтың айтуынша, бұл газеттің барлық жарнамасы сыни мақалалармен шектеледі. Бірақ, азулы материалдардың оқырмандарды тартатын күші басым, дейді газет редакторы Қадірбек Баударбеков:

- Аудан өмірін нақты көрсетеміз. Сын материалдар көп. Жергілікті әкімнен бастап, кемшіліктері болса. Сын материалдар бойынша шаралар қолданылады.

Ал, Қарағанды облысы Қарқаралы аудандық газетінің қызметкері Мақсым Омарбековтің мәліметінше, соңғы кезде газет беттерінде сын материалдар азайған:

- Сын материалдар жарияланбайды, өйткені олар бюджетке тәуелді.

Ақпарат мәдениет және спорт міністрлігінің маманы Андрей Сокулинскийдің мәліметінше, жергілікті газеттер барлық басылымдардың тең жартысын қамтиды, негізінен оларға жергілікті әкімшіліктер құрылтайшы болады. Аудандық газеттерде ауыл тұрғындарына қажет мәлімет жиі басылатындықтан бұл газеттерге ауылдарда сұраныс көп, дейді ол.

Қарағанды облысы Қарқаралы аудандық газетінің қызметкері Мақсым Омарбековтің мәліметінше, аудандық газеттер қысқарып қалуы мүмкін деген сыбыс шыққан,ал бұл жорналшылардың қысқаруына әкеп соғады, дейді Мақсым Омарбеков.

- Біздің есебіміз бойынша, аудандық газеттерді қысқартса, 2000 журналист жұмыссыз қалады.

Осылайша, аудандық газеттер оқырмандарын жоғалтып алмас үшін, әр түрлі амалдар қолданып жатыр. Мәселен, Алматы облысының Текелі аудандық газетінің қызметкерлері жергілікті кітапханаға келетін тұрғындармен сауалнама жүргізіп, тұрғындарға қажетті материалдарын біліп алады екен. Нәтижесінде, аудан орталығының тұрғындары газет бетінде өздері туралы немесе өздерінің көршілері туралы ақпаратты білгісі келетіндері анықталған. Қазір, Текелі қаласында таратылатын аудандық газет бетіндегі материалдардың басым көпшілігі қарапайым тұрғындарға арналатын болды.
XS
SM
MD
LG