Accessibility links

Астанада жас суретшілер мектебі ашылды

  • Айнагүл САҒДИ

Қарашаның 12-сі күні Астанада жастар бірлігі апталығы бағдарламасы аясында «Новая линия»-«Жаңа жол» атты жас суретшілер мектебінің тұсаукесер рәсімі өткізілді. Мектептің компьютерлік суретшісі Болат Мұхамедиевтің айтуынша, мектеп ұмыт болып бара жатқан өнерді жаңаша тұрғыдан көрсетуді қолға алатын болады. Болат Мұхамедиев: «Линия» дегенді қазақша сызықша деп алайық. Бұл жерде сызықша деген мағынада емес, жол деген мағынада қолданғанымыз дұрыс. Бұрынғы өнерді жаңаша көзқараспен, жаңа техникамен, жаңаша оймен жасап шығарып, халыққа көрсетуіміз қажет», - дейді.

«Қазақстанның өзінің ұлттық өнерінің үлгісі, өнерде өз белгісі болуы керек. Мысалы, Алтын адамды дүниежүзінің бәрі біледі, ал қазіргі өнерімізді әлі танып үлгерген жоқ. Менің мақсатым-ата-бабамыздың қолөнерін дүниежүзіне әйгілеп, халықаралық дәрежеге көтеру, халықтың менталитетімен байланыстыра отырып, үлкен философиялық мектеп ашу», - дейді жас суретшілер мектебінің жетекшісі Армат Бектасов.

Суретші Болат Мұхамедиевтің айтуынша, суреттің өзін компьютер арқылы өңдеп, адамның ақыл-ойымен біріктіре отырып тамаша дүние жасап шығаруға болады. «Біреулер айтады, компьютер өнерді құрғатып жібереді, - дейді. Менің ойымша ол қате түсінік. Мен өзім компьютермен 8 жылдан бері айналысып келемін. Алғашқыда клавиатураны басып, мониторда суреттің шыққанын ғана қарап отыратынмын. Компьютер басқалар ойлағандай құрғақ нәрсе емес. Егер тілін таба білсең өзіңнің ойыңмен салыстырып, екеуін біріктіріп жіберсең керемет әдемі дүниелер жасап шығаруға болады. Мысалы, архитекторлар бұрын қолмен сызғандарынан не шығатынын көре алмайтын. Ал компьютер арқылы қай жері артық, не жетіспейді осының бәрін көруге болады», - дейді.

Мектепте жас суретшілермен қоса, танымал қылқалам шеберлері, «Бөбек» қорының «Өзін-өзі тану» мектеп-гимназиясының оқушылары, жас модельерлер де өз өнерлерін шыңдайтын болады. Модельерлік өнер мен сурет өнерін байланыстырып жүрген Улия Молдагалиева мектептің Астанада алғаш рет ұйымдастырғалы отырған көрмесіне өзінің коллекциясы бойынша жасалған туындыларын көрермендер назарына ұсынуды жоспарлап отыр екен. Ол: «7-12-ші ғасырлардағы түрік әскерлерінің киімі бойынша жасалған. Этноавнгард стилінде, былғары, тері, темірді қолдандым. Бұл менің бірінші суретім», - дейді. Сән өнеріне бейнелеу, суретшілік өнерінің бір саласы ретінде қарайтын Улия Молдагалиева: «Қазақстанда сән-модельерлік бизнесті дамыту қиынға түсіп отыр. Өнеркәсіп орындары жоқтың қасы», - дейді.

Бүгінде «Жаңа жол» суретшілер мектебі Қазақстан бойынша ашылып отырған екінші мектеп. Мектептің жетекшісі Армат Бектасов алдағы уақытта мұндай мектептерді Алматы мен Астанадан басқа қалаларда да ашу жоспарланып отырғандығын айтады.
XS
SM
MD
LG