Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11-16 - 2004


Мерзімді басылымдар Алматы қаласында Қазақстан қаржыгерлеренің форумының өткендігіне баса назар аударыпты. Ал, кейбір мәрзімді басылымдарда Қазақстан Киноматографистер одағының төтенше сьезінің өткендігі сөз болыпты.

“Егемен Қазақстан” басылымының сейсенбілік санында Қазақстан қаржыгерлерінің форумына дүниежүзілікбанктің президенті Джеймс .Д. Вульфенсон мырзаның қатысқандығы хабарланыпты. Газет тілшісінің хабарлауынша, Президент қаржы жүйесі қызметінің көптеген маңызды ұйымдық мәселелерін мемлекеттің шешіп бергенін айта келіп, өзінің әрдайым қаржыгерлерге қолдау білдіріп отырғандығын еске салыпты. Сондай-ақ мемлекет басшысы – Алматыда халықаралық қаржы орталығын құру мәселесіне де айрықша назар аударып, халықаралық қаржы рыноногының жұмысына қажетті жағдай туғызу қажеттілігін атап өтіпті.

“Казахстанская правда” газеті Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматы қаласында ашылған Қазақстан қаржыгерлерінің ІV Конгресінде Қазақстан мемлекетінің Шығыс Еуропа елдерінің ішінде алғашқылардың бірі болып, жинақтаушы зейнетақы қорын құрғандығын тілге тиек еткендігін баяндапты. Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда жинақтаушы зейнетақы қорларында жиналған қаржының көлемі 446 миллиард теңгені құрайды.

“Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасы, Алматы қаласында ашылған Қазақстан қаржыгерлерінің ІV Конгресінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметке қаржы саласын әрі қарай дамыту қатысты жеті тапсырма бергендігін, және осы конгрестің соңында осы президент айтқан жеті тапсырманың бәрі де қамтылған резолюцияның қабылданғандығын атап өтіпті.

Ал, саясаттанушы Ерлан Қарин “Жас алаш” газетінің сейсенбілік санына берген көлемді сұхбатында, Қазақстандағы бизнесмендер мен қаржыгерлердің, ертеңгі күніне күдікпен қарап отырғандығына талдау жасапты. Ерлан Қарин мұның себебін Қазақстандағы үлкен бизнесте үлкен күдіктің бар екендігімен түсіндіріпті. Ерлан Қариннің пікірінше, үлкен бизнес келешекке күмәнмен қарағандықтан, шамалап-шамалап капиталды сыртқа шығарып жатыр. “Президенттің өткендегі мегахолдингтерге қатысты айтқан пікірі күдікті одан сайын күшейтіп жіберді десек қателесе қоймаймыз. Президенттің сөзін әркім өзіне қарата түсінді” дейді саясаттанушы Ерлан Қарин. Саясаттанушы Ерлан Қарин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мегахолдингтерге қатысты айтқан пікірін, оның барлық экономикалық топтарға жасаған ескертуі деп бағалапты.

“Жұма таимс немесе Дата недели” апталығында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің кеңесшісі болған американдық бизнесмен Джеймс Гиффен арқылы 78 миллион доллар көлемінде пара алғандығы туралы ақпарат жарияланыпты. Мақалада сондай-ақ Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың біраз жылдан бері Америка Құрама Штатына бара алмай жүргендігі туралы дерек келтіріліпті. Мақала авторы “Қазақгейт” оқиғасына шейін мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жылына бір рет міндетті түрде Америка Құрама Штатына барып тұрғандығына тоқталыпты. Газет тілшісінің хабарлауынша, Америка Құрама Штатының президенті Джордж Буштың коррупцияға немесе пара алуға қатысы бар мемлекет басшыларын Америка Құрама Штатының территориясына кіргізуге тиым салу туралы Жарлыққа қол қоюынан кейін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл елге шығуы да тым сиреп кеткен. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақгейт” оқиғасынан кейін, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының жиынына барудан да қашқалақтайды екен.

“Экспресс К”, “Айқын” және “Литер” басылымдары Қазақстан Кинематографистер одағының төрағасын сайлауға қатысты әр түрлі қиыншылықтардың туындап отырғандығы жайлы мәселені сөз қылыпты.

“Айқын” газетінде жарық көрген Айгүл Аханбайқызының мақаласында, Ардақ Әміреқұлов төрағалық қызметтен бас тартқаннан кейін, аталмыш міндетті атқару Асанәлі Әшімовке жүктелгендігі айтылыпты. Алайда кейбір киногерлердің айтуынша, ол кісі одақ жұмысына араласпаған. Мақала авторы осыған орай, дәл қазіргі уақытта Қазақстан киноматографистер одағының мықты ұйымдастырушы басшыға сусап отырғандығына тоқталыпты. . “Айқын” газетінің хабарлауынша, Парламент қарауына жіберілген “Кино туралы” заңның қабылданбай келе жатқанына бірнеше жыл болған. Сондай-ақ мақала авторы, өзінің осы мәселеге байланысты “Қазақфильм” киностудиясының басшысы Сергей Әзімовпен сөйлескісі келген әрекетінен түк нәтиже шықпағандығын да тілге тиек етіпті.

“Литер” басылымына берген шағын сұхбатында режиссер Дәріжан Өмірбаев осымен үшінші рет Қазақстан Киноматографистер сьезін өткізу мүмкіншілігінің тумай отырғандығын айтып өтіпті. Режиссер Дәріжан Өмірбаевтың айтуына қарағанда, бұл жолғы өткен Қазақстан Киноматографистер одағының сьезіне тек жұмыссыз қалғандар мен басқа ұйымда жұмыс істейтіндер ғана жиналған.

“Экспресс К” басылымы болса, 13 қараша күні өткен Қазақстан Кинeматографистер одағының сьезіне бұл ұйымның 240 мүшесінің тек 66 сының ғана қатысқандығын хабарлапты.

Арнайы “Азаттық” радиосы үшін Амангелді Кеңшілік.
XS
SM
MD
LG