Accessibility links

Астанада жасөспірімдер арасында ауыр қылмыс жасау оқиғасы көбейген


«Астанада жасөспірімдер арасында болатын қылмыс саны былтырғы жылмен салыстырғанда азайған. Оның есесіне, ауыр қылмыс жасау оқиғасы күрт көбейіп кетті. Жалпы, жасөспірімдер арасындағы қылмыс 2003 жылға қарағанда 36,6 есеге төмендеді. Ауыр қылмыстар қатарына жататын адам өлтіру оқиғасы 3%, денсаулыққа зиян келтіру 3%, қарақшылық шабуыл жасау 3 пайызға дейін өскен. Бүгінде 90 бала қылмыстық жауапкершілікке тартылып отыр», - дейді Астана қалалық ішкі істер бас басқармасының кәмелетке толмаған жастар і сі жөніндегі бөлімнің инспекторы Ақмарал Раева.

Астана қалалық ішкі істер бас басқармасының баспасөз қызметінің инспекторы Эльмира Шәуленованың айтуынша, жасөспірімдер арасындағы қылмыскерліктің көбейіп кетуінің бірқатар себептері бар. Эльмира Шәуленова: «Мектеп жасындағы жасөспірімдердің сабаққа бармайтын кездері кездесіп жатады, сабақтан кейін бос жүреді, түнгі уақыттарда бейберекет жүріп, спирттік ішімдіктерді пайдаланады да соның арты төбелеске ұласады. Соңғы кезде ұялы телефон ұрлау оқиғасы көптеп тіркелуде. Осындай оқиғалардың соңы бірнеше күдікті деген жасөспірімдердің үстінен қылмыстық іс қозғауға итермелеп отыр», - дейді. Оның айтуынша, студент жастардың арасында да бір-бірлеріне қол жұмсау, соққыға жығу, топ-топ болып төбелесу оқиғалары азаймаған. «Қазан айында орталық теміржолшылар ауруханасында 1987 жылғы туылған жасөспірім қайтыс болды. Ол Астана мектептерінің бірінде 11 сыныпта оқитын. Криминалдық полиция қызметкерлері арты қайғылы жағдайға әкелген оқиғаға себепші болған 1987 жылы туылған азаматты ұстап, одан дәлелді айғақтар табылған соң қылмыстық іс қозғалып, бүгінде ол Астана қалалық ішкі істер бас басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды», - дейді Эльмира Шәуленова.

Осындай қылмыстардың алдын-алу және болдырмау мақсатында Астанада «Топ» атты шұғыл шаралар жүргізілуде. Сондай-ақ, қылмыс санын азайту үшін басқарма өз тарапынан коменданттық сағат енгізуге мәжбүр болған. «Бұл әсіресе, шартты түрде жауапқа тартылған жасөспірімдерге қатысты», - дейді кәмелетке толмаған жастар ісі жөніндегі бөлімнің инспекторы Ақмарал Раева.

Жұртшылық өкілдерін сөзге тартқанымызда Гүлмира есімді Астана қаласының тұрғыны «Балаларды күні бойы қадағалап отыруға қол тие бермейді. Олардың көшеде не істеп жүргенін кім білсін», - десе, «Балаларды бос жүргізбей, ата-аналар тарапынан тәртіпті күшейту керек, бетімен жүргізбей, сабақтан кейін қадағалап отырған жөн. Жастардың көбі жұмыссыздықтың салдарынан да қылмысқа барады. Барған жерде еңбек стажын сұрайды, басқа да келергілер жетіп артылады. Сөйтіп, қалталарында ақша болмағаннан кейін ұрлыққа барады, есірткі қолданады, барлығы отбасындағы тәрбиеден басталады», - дейді Айман есімді көп балалы ана.

Ал жастар «Көпшілігі ақшаның жоқтығынан қылмысқа барады, қылмыс қай уақытта да жасалады, сондықтан оны тоқтатудың жолы жоқ», - деп есептейді.

«Астана қалалық ішкі істер бас басқармасының тарапынан өткізіліп тұратын жедел-іс-шаралардың қылмыс санын азайтуға септігі мол, мұндай жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз», - дейді кәмелетке толмаған жастар ісі жөніндегі бөлімнің инспекторы Ақмарал Раева.
XS
SM
MD
LG