Accessibility links

Дипломатиялық қызметке қабылдану үшін мемлекеттік тілді білу міндетті


Қазақстан Республикасының Сыртқы Істер министрлігі «Дипломатиялық қызмет туралы» заңға осындай түзету енгізуді қолға алды. Осы мақсаттағы заң жобасын сыртқы істер министрлігі дайындап өзге министрліктермен келісіп, үкімет қарауына тапсырып та қойды. Бұл туралы «Азаттық» радиосына аталған министрліктің баспасөз қызметі хабарлады. Алайда, парламент депутаттары аталған заңға мемлекеттік тілді білу туралы ұсыныстың бұрын жасалғанын, бірақ қолдау таппағанын айтады. Бірақ енді мұндай ұсынысқа Сыртқы істер министрлігінің өзі бастамашылық етіп жатса, құба-құп деп отыр.

Парламент Сенатының депутаты Абылхан Машани дипломатиялық қызметке қабылдану үшін мемлекеттік тілді білу талабы заң жүзінде қабылданып іске асып жатса ол тіл мәртебесін көтеретін айтулы қадам деп есептейді. Сенат депутаты Уәлихан Қайсаров дипломатиялық қызмет туралы заңға мемлекеттік тілді білу міндеті жайында түзету енгізуді депутаттардың бұрын көтергенін айтады. Сенаттың тағы бір депутаты Зәуреш Батталова сыртқы істер министрлігінің бұл қадамын қолдайды және бұл барлық министрлікке үлгі болуы керек деген пікірде. Ал, Мәжілістің халықаралық істер қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Серік Әбдрахмановтың пікірінше, үкімет осындай түзету ұсынып отырса, ол парламенттен өтеді дегені. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы алқалы бір жиында елшілік қызметкерлерінің мемлекеттік тіл қазақ тілінде сөйлемеуін сынға алған–ды. Ал, сөз болып отырған заң жобасы жайында Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметкері Мұхтар Кәрібай дипломатиялық қызмет туралы заңға ұсынылған аталған түзетулер үкімет қарауында жатыр, содан соң парламентке түсуі керек дейді.
XS
SM
MD
LG