Accessibility links

Қазақстанның Жоғарғы Соты Астанадағы жекеменшік жер иесі «Сауд Бен Ладен жауапкершілігі шектеулі тобы» компаниясының қазақстандық құрылыс компаниялары үстінен талап арызын қарады

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Қарашаның 18-і күні Қазақстанның Жоғарғы Сотында Сауд Арабиясының «Сауд Бен Ладен жауапкершілігі шектеулі тобы« компаниясының шағымы қаралды. Аталған компания Есілдің сол жағалауындағы «Астана еркін экономикалық аймағында» құрылыс салып жатқан фирмалардан жер даулауда. 2000 жылғы шілденің 28-інде Астана әкімшілігі «Сауд Бен Ладен жауапкершілігі шектеулі тобы» компаниясына Есіл өзенінінің сол жағалауынан жекеменшікке жер берген. Қазір ол жерлерде басқа компаниялар құрылыс жүргізуде. Қазақстанның Жоғарғы сотының төрешісі Бақытжан Жақыповтың баяндауынша, «Сауд Бен Ладен жауапкершілігі шектеулі тобы» компаниясының жекеменшік жерінің аумағында құрылыс жүргізіп жатқан компаниялардың жұмысын тоқтату туралы шағым арызын Астана қалалық соты 2004 жылғы қазанның 6-сында қанағаттандырмай тастаған. «Сауд Бен Ладен жауапкершілігі шектеулі тобы» компаниясының заңгері Павел Дмитриенконың 1998 жылы шілденің 6-сында Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков пен «Сауд Бен Ладен жауапкершілігі шектеулі тобы» компаниясы арасында құрылыс жүргізуге жекеменшікке жер беру туралы келісім шарт жасалды. Қазақстан Президенті мен Үкімет мақұлдаған соң ол келісім 2000 жылғы шілденің 28-інде ресімделді,-дейді.

«Сауд Бен Ладен жауапкершілігі шектеулі тобы» компаниясына жекеменшікке берілген аумақта құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан компаниялардың бірі «Стройинвест» компаниясының заңгері Нұрлан Қасымовтың айтуынша, аталмыш құрылыс кәсіпорны барлық құжаттарды заңды түрде әзірлеген. «Бүгінгі таңда «Стройинвест» жауапкершілігі шектеулі кәсіпорны жерді құрылысқа дайындаудың өзіне 3 миллион доллар қаржы жұмсады. Соған сәйкес компания жұмысын тоқтату туралы еш ойланбайды.

Керісінше, біз Астана қалалық сотына «Сауд Бен ладен жауапкершілігі шектеулі тобы» компаниясының құжаттарының заңдылығын анықтау туралы шағым жасадық»-дейді.

Бұл орайда «Сауд Бен Ладен жауапкершілігі шектеулі тобы» компаниясының өкілі Павел Дмитриенко болса, даулы жер «Сауд Бен Ладен тобының» жеке меншігі екенін бірнеше қайтара айтты. Ол: «Жекеменшік иесі ғана жерді қалай пайдалану жайын шеше алады. Оған мына жерден құрылыс сал, салма немесе мына жерді қаз, қазба деп нұсқау бере алмайды»- дейді.

«Стройинвест» компаниясының өкілі Нұрлан Қасымов болса, « Біздің компанияға 2003 жылы жерді пайдалануға берген кезде жердің жобалық нобайы да болмады. Бұрын басқа біреуге жекеменшікке берілгендігінен жергілікті атқару органы да хабарсыз еді,-дейді.

Заңгер Төремұрат Ділмұхамедовтің айтуынша, Қазақстан Президентінің «Жер туралы» 1995 жылғы заң күші бар Жарлығына сәйкес шетел азаматтарына тұрақты пайдалануға жер берілмейді. Бұл туралы Конституциялық Кеңестің шешімі де бар. Бүгінгі сұрақтың басы ашық күйінде қалды,-дейді. Ал, «Сауд Бен Ладен жауапкершілігі шектеулі тобы» компаниясының өкілі Павел Дмитриенко болса, қала әкімдігі басқа компаниялардық құрылыс жүргізудегі кемшіліктерін анықтаған соң бізді шақырып алып, қате кетті сәл ысырылыңдар деуі мүмкін деп ойладық. «Біз әрине, өтемақы арқылы болса да келісімге келерміз деп ойлаған болатынбыз. »-дейді.

Бұл оқиға жөнінде Қазақстанның Жер ресурстарын пайдалану жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Қаналбек Райымбеков заңгерлердің жерді тұрақты пайдалану мен жерді жекеменшікке беру ұғымдарын шатастырып отырғындықтарын айтады. Қазақстан Жоғарғы сотының төрешісі Сағымбек Райымбаев қарашаның 18-і күнгі сот отырысында тараптардың қалалық әкімшіліктің араласуымен мәмілеге келу жөнінде ұсыныс жасап, сот ісін жалғастыруды кейінге қалдырды.
XS
SM
MD
LG