Accessibility links

Алматыдағы экономика Университетінің жатақханасында тұрып жатқан азаматтар аштық жариялаймыз деп отыр


Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық Университетінің жатақханасында тұрып жатқан азаматтар бейсенбі, қарашаның 18-і күні өздері тұрып жатқан жатақхана алдында наразылық жиын өткізді. Олар: «оқу орны басшылығы бізді баспанамыздан заңсыз қуып жатыр» деп отыр. Олардың барлығы дерлік бұрындары осы оқу орнында қызмет істеген адамдар. Бұрынғы ауыл шаруашылығы институтында басында жатақхана кезекшісі, кейіннен оқу орны кафедрасында лаборант болып жұмыс істеген Света Қасымова: «бізді жатақханадан заңсыз қуып жатыр, ол әрекеттер тоқтатылып, бізге тыныштық берілмесе, алдағы уақытта аштық жариялайтын боламыз» дейді.

2 баланың анасы Ақылдас Сәлиева бұл жатақханада тұрып жатқанына 10 жылдан асқанын айтады. «7 жылдан бері басылмаған дауға өзек болған жатақханада қазір 61 отбасы тұрып жатыр. Шенеуніктер талабы бойынша далаға шығарылуы тиіс 312 адамның 102-сі кәмелеттік жасқа толмаған балалар» дейді Ақылдас Сәлиева:

- 1994-ші жылы қазанның 23-і күні Университет ректоры Мамыровтың бұйрығымен осы жатақханаға көшіп келдім. 2 бөлме берді, қолымызда ордеріміз болды. Басында бізге «кейін жекеменшікке беріледі, өздерің сатып алатын боласыңдар» деп үміттендіріп берді. Кейіннен мені жұмыстан шығарып жіберді, қазір еш жерде істемеймін. Күйеуім базарда сауда сатады. Бүгінде менің ешқандай құжатым жоқ. Тиісінше мемлекеттен ешқандай жәрдемақы алмаймыз. Ең алғаш рет бізді 1997-ші жылдың 18-ші ақпан күні қуып шыққысы келді. Бірақ, ол жолы халық көтеріліп басып тастады. Екі ұлым да осы жерде туды. Осы жатақханада тұрып жатқаныма 12 жыл болыпты. Неге мен 12 жыл бойы тұрып келе жатқан баспанамды өз меншігіме ала алмаймын?..

Ал осы жатақхананың келесі бір тұрғыны Света Қасымова баспана төңірегінде туындаған мәселе туралы былай айтып берді:

- Осы қазір тұрып жатқан үйімде алғашында вахтёрша болып жұмыс істедім. Одан 1998-1998 жылдары кафедрада лаборант болдым. Сол 1999-шы жылы сәуір айының 1-інде Университет басшылығы бізге: «не жұмыста қалыңдар, болмаса, жатақханадағы бөлмені босатыңдар» деген талап қойды. 3 мың теңге жалақы беретін жұмысты қайтемін. Одан да бөлмемді иеленіп қалайын дедім. Содан бері міне 5 жыл болды осында тұрып жатырмын. 1999-шы жылы жұмыстан шығарған кезде, қалалық тіркеу құжатынан да шығарып тастапты. Қазір баламның жасы 16-дан асты. Онда да прописка жоқ. Қазір балама айтады екен «17 жасқа дейін төлқұжат алмасаң, айып төлейсің» деп. Сонда мен оны қай жерге апарып тіркеуге тұрғызамын. 1999-шы жылы жұмыстан шыққаннан 2 айдан кейін күйеуім жол апатынан қайтыс болды. Ал содан кейін 2 айдан соң, «жатақханадан шық» дейді. Осы дұрыс па енді?..

Біз осы мәселеге орай Т.Рұсқұлов атындағы экономикалық Университет ректорына хабарласқанымызда хатшы қыз Мамыров мырзаның қызмет орнында жоқ екенін айтты. Біз осыдан кейін де Университет басшылығынан түсінік алу мақсатымен оқу орнына барғанымызда күзетші жігіт: «қазір ректор да, проректор да жоқ» деп жауап қайтарды. Ақылдас Сәлиева 1999-шы жылдан бері жатақхана тұрғындарының көмек сұрап шағымданбаған құзырлы мекемесі қалмағанын айтады:

- Президент Н.Назарбаевтың атына жаздық. Білім және Ғылым министрі Ж.Құлекеевтің атына жақында жеделхатпен салып жібердік. Аудан әкіміне, қала әкіміне шағымдандық. Ешкімнен жауап жоқ.

Ал Білім және Ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Жанар Үсіпбекова: «жатақхана тұрғындарының басындағы жағдайдан мүлдем бейхабармын» дейді. Жатақхана тұрғындарының айтуынша, Т.Рысқұлов атындағы Университет басшылары бұған дейін аудандық сотқа шағымданып, сот солардың есебіне шешіліпті. Ол шешіммен келіспеген тұрғындар қалалық сотқа шағым түсірген. «Бүгінде қалалық сот шешім шығаруға асығар емес. Ол шешім де заңсыз болатын болса, бізге аштық жариялаудан басқа амал қалмайды» дейді Света Қасымова.
XS
SM
MD
LG