Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11-19-2004


Тәуелсіз басылымдардың бетінде Лондон қаласында оппозиция өкілдерінің бас қосқандығы айтылыпты.

“Республика” басылымы тұңғыш рет Лондон қаласында Қазақстанның демократиялық күштерінің бас қосқандығын оппозицияның ең үлкен жетістігі ретінде бағалапты. Осы тақырыпқа орай газеттің екінші бетінде жарық көрген көлемді мақалада, президентшіл саясаткерлердің оппозиция келесі сайлауда ортақ кандидатты ұсына алмайды деген болжамы теріске шығып келеді деген қорытынды жасалыныпты. Мақала авторының пікірінше, егер де Қазақстандағы оппозиция бірікпесе, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мерзімінен бұрын сайлау өткізуге шешім қабылдаған күнде демократиялық күштер жеңіліске ұшырауы ықтимал. Қазақстандағы саяси жағдайға талдау жасаған мақала авторы, Мемлекет басшысының маңайындағы қаржы ресурстары бар элитаның келешекте өз капиталын қорғап қалуға ұмтылысы, мемлекетке үлкен өзгерістер әкелуі мүмкін деп есептейді.

Мақала авторының айтуынша, бүгінгі таңда Нұрсұлтан Назарбаев билігінің күннен-күнге әлсіреп бара жатқандығын сезген элита күндердің-күнінде бұл жүйе қирағанда оның астында қалып қойғысы келмейді. Мақала авторы жасаған талдауға сүйенсек, Батыста дау-дамай туғызып жатқан “Қазақгейт” оқиғасы Нұрсұлтан Назарбаевтың абырой-беделіне ғана нұқсан келтіріп қойған жоқ, сонымен қатар президент құрған саяси режимнің әлсіреуіне әкеліп соқтырып отыр.

“Жұма таймс немесе Дата недели” апталығы Қазақстандағы оппозициялық күштердің бірігіп жатқандығына байланысты демократиялық партия өкілдері мен саясаттанушылардың пікірін беріпті. Саясаттанушы Нұрболат Масановтың айтуынша, оппозицияның бірігуі іс жүзінде ешқашан да жүзеге асатын мәселе емес. Нұрболат Масанов бұл жерде ең алдымен оппозициялық күштер көздеген ортақ мақсатқа жеткізетін, ортақ жұмыстарды бірігіп жүзеге асыру қажет деп есептейді. Кәсіпкер Болат Әбілов “Ақ жол” демократиялық партиясының құрылған кезден бастап-ақ оппозициялық күштермен бірлесіп, түрлі шаралар өткізгендігін айта келіп, таяуда Үйлестіру кеңесінің құрылып оған “Қазақстанның Демократиялық таңдауы халықтық” партиясы, “Ақ жол” және Қазақстан Коммунистік партиясы мүшелерінің де кіргендігін тілге тиек етіпті. “Қазақстанның демокартиялық таңдауы” халықтық партиясының саяси кеңесінің төрағасы Асылбек Қожахметов “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясы құрылған кезде-ақ оппозициялық күштердің бірігуінің негізі қаланғандығын атап өтіпті.

“Начнем с понедельника” апталығы өзінің бейсенбілік санында 2004 жылдың 12 қарашасында Лондонда бас қосқан саяси партия өкілдеріне сөз беріпті. “Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Серікболсын Әбділдин Лондонда өткен басқосу барысында демократиялық күштердің Үйлестіру кеңесін құру туралы шешімге келгендігін хабарлапты. Серікболсын Әбділин өз сөзінде Қазақстандағы оппозициялық күштердің бірінші кезекте Ғалымжан Жақияновты бостандыққа шығару, саяси партиялардың рөлін күшейту, Конституцияға өзгеріс енгізу секілді мәселелерді алдыға қойып отырғандығын сөз қылыпты.

“Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының басшысы Ғалымжан Жақиянов та бұл мәселеге қатысты «Начнем с понедельника” апталығы арқылы өз ойын білдіріпті. Ғалымжан Жақиянов мұндай басқосулардың келешекте Қазақстандағы демократияның ілгері жылжуына септігін тигізетіндігіне сенім білдіріпті.

“Сөз” басылымы Лондонда өткен конференцияда Ұлыбритания мемлекетіндегі Қазақстан Республикасының елшісі Ерлан Ыдырысовтың сөз сөйлегендігін хабарлапты. Бұл конференцияның жұмысына экс-премьер Әкежан Қажыгелдин де қатысыпты.

Ал, Ұлыбритания мемлекетіндегі Қазақстан Республикасының елшісі Ерлан Ыдырысов “Республика” басылымына берген сұхбатында Батыс қоғамының Қазақстанда болып жатқан оқиғалар туралы мағұлұматтары өте аз деген пікір білдіріпті. Ерлан Ыдырысовтың айтуынша, көп жағдайда Батыста Қазақстанда Ауғаныстанмен шатыстырады екен. Ерлан Ыдырысов көп жағдайда Батыста тек оппозиция өкілдерінің ғана жиналатындығы дұрыс емес, бұл Қазақстандағы болып жатқан саяси жағдайға біржақты баға беруге ғана итермелейді деп есептейді екен.

“Время” газеті болса, Лондонда өткен кездесу барысында Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысовтың сырттай он жылға бас бостандығынан айырылып, халықаралық іздеуде жүрген, ресми билік қылмыскер деп жариялаған экс-премьер Әкежан Қажыгелдинмен бірге суретке түскендігін атап өтіпті. Газетте сондай-ақ Сыртқы Істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ильяс Омаровтың Лондонға өткен кездесуге Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысовтың жеке тұлға ретінде қатысқандығын хабарлағандығы айтылыпты. Сыртқы Істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ильяс Омаровтың айтуынша, Ерлан Ыдырысовтың бұл кездесуге қатысуына министрлік тарапынан ешқандай тапсырма берілмеген.
XS
SM
MD
LG