Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11-20 - 2004

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Тәуелсіз басылымдардың бетінде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комисиясының “Референдумның бастамашыл тобын және олардың референдумға ұсынылған мәселелерін тіркеуден бас тарту туралы” Қаулы қабылдағаны сөз болыпты.

Жас алаш” басылымының сенбі күнгі санында жарық көрген, “Ақ жол” партиясының тең төрағаларының “Жалпыреспубликалық референдум” жөніндегі баспасөз мәслихатының баспасөзге мәліметінде Орталық сайлау комиссиясының референдумның бастамашыл тобын және олардың референдумға ұсынған мәселелерін тіркеуден бас тарту туралы Қаулысын негізсіз деп санайтындықтары айтылыпты. “Ақ жол” демократиялық партиясының мәлімдемесінде сондай-ақ аталмыш Қаулының заңсыздығын көрсету үшін сотқа шағымданатындықтары және жалпыреспубликалық референдум өткізу идеясын жүзеге асыру үшін белсенді түрде шараларға қолдануға дайық екендіктері тілге тиек етіліпті.

“Ақ жол Қазақстан” басылымы болса, жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау орындары тарапынан бастамашыл топтың жиналысына қатысқандарға “Ақ жол” партиясының мүшелері мен партия жақтастарына қатты қысым жасалып жатқандығы туралы дерек келтіріпті. Мақала авторының айтуынша, мұндай келеңсіздіктер республиканың көптеген облыстары мен қалаларында, әсіресе, Шығыс Қазақстан облысында белең алған. Азаматтар Алматыдағы жиыннан ауылдарына оралысымен-ақ, оларды жергілікті полиция бөлімдеріне шақыртып алып, жиынға қатыспадым деп жалған ақпар беруге қысым жасалынған. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, “Ақ жолдың” Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы қызметкерлеріне ішкі істер бөлімінде жауап алу үшін шақырту қағазы келген және Облыстық Ішкі істер басқармасы бастығы атына қай партияға мүше болғандығы туралы түсініктеме жазуды талап еткен. “Ақ жол Қазақстан” газетінің хабарлауынша, референдумның бастамашыл тобының жиналысына қатысушыларды, партия мүшелері мен партияның жақтастарын учаскелік инспекторлар сүзгіден өткізіп жатқан көрінеді. Өздерін Орталық сайлау комиссиясының стажерларымыз деп таныстырған біреулер аталған белсенділердің отбасыларына қоқан-лоққы көрсеткен.

“Начнем с понедельника” апталығы болса, “Ақ жол” партиясы басшыларының жалпыреспубликалық референдумның бастамашыл тобының мүшелерін, партия мүшелері мен жақтастарын және олардың отбасыларын саяси биліктің озбырлығынан қорғау үшін заң шеңберіндегі барлық шараларды қолданатынын, сонымен қатар қысым жасау мен күш көрсету жайлы деректер жедел түрде бұқаралық ақапарат құралдарына, қоғамдық және құқық қорғау ұйымдарына жария ететіндігін мәлімдегендігін хабарлапты.

“Панорама” апталығының хабарлауынша, Орталық Сайлау Комиссиясы “Ақ жол” партиясының референдум өткізу туралы ұсынысының заң нормаларына сәйкес келмейтіндігі туралы шешім шығарыпты. “Ақ жол” партиясы басшыларының айтуынша, өткен сайлау қазақстандықтардың “Отан” немесе “Асар” партиясына дауыс бергісі келмейтіндігін әйгілеп берген. “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Болат Әбіловтың пікірінше, келесі өтетін президенттік сайлауға шейін экс-премьер Әкежан Қажыгелдин мен экс әкім Ғалымжан Жақиянов ақталуы тиіс.

“Айқын” газетінің сенбі күнгі санында жарық көрген Бақытжан Қосбармақовтың мақаласында “Ақ жол” партиясының референдум өткізу туралы бастамасы популизм ретінде бағаланыпты. Мақала авторының айтуынша, “Ақ жолдықтар” мәслихат өткізуге, қол жинауға, мәлімдеме жасауға, қағазбастылыққа құмар. Бақытжан Қосбармақовтың пікірінше, “Ақ жол” партиясының түбірлі стратегиялық мақсаты жоқ, тек тез билікке жетуді көздейді. Нақты қоғамдық саяси жағдайды білмейді, кабинеттік саясатпен айналысады. Сәті келсе билікпен ымыраласуға бар. Сондай-ақ мақала авторы қазақ қоғамы оппозициялық партиялардың “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып”, бірігетіндігіне сенбейді деген қорытынды жасапты. Мұның себебін мақала авторы, “Ақ жолдан” көңілі қалып партия қатарын тастап шыққандардың бар екендігімен, партия басшыларының арасында идеялық бірліктің жоқ екендігімен түсіндіріпті.

“Республика” басылымында жарық көрген ақпараттар ағымында, “Ақ жол” партиясы басшыларының Орталық Сайлау комиссиясының референдум өткізуге рұқсат етпей қойған шешімін қайта қарау үшін Сотқа бергелі жатқандығы айтылыпты.

Саясаттанушы Ерлан Қарин “Жұма таймс немес Дата недели “ апталығына берген сұхбатында, оппозиция өкілдерінің референдум өткізу туралы ұсынастарын ойланбай жасалған қадам ретінде бағалапты.

“ Парламент сайлау өте салысымен оппозиция өкілдері биліктің адалдығына сенбейтіндіктерін мәлімдеген болатын. Егер де референдумның қорытындысы бәрібір бұрмаланатын болса, ендеше дәл қазіргі уақытта референдум өткізу туралы бастама көтерудің қаншалықты қажеті бар” дейді саясаттанушы Ерлан Қарин. Ерлан Қариннің пікірінше оппозиция өкілдері сайлау барысындағы жаппай заң бұзушылықтарды мәлімдеп, кейіннен референдум өткізу туралы мәселені күн тәртібіне қою арқылы өздеріне-өздері қайшы келіп отыр.
XS
SM
MD
LG