Accessibility links

Б.Байқадамов: «Қазақстан азаматтары көбінде судьялардың үстінен шағымданады»


52 жастағы Мехмет Тереков өзі қызмет етіп жүрген мекемеге келген жаңа басшының бұны жұмыстан шығарып жібергеніне наразылық білдіріп, түрлі құзырлы органдарға шағымданыпты. «Осы аралықта бір түсінгенім – Қазақстанда кімнің қолында билік, кімде ақша бар соның айтқаны болады екен» дейді Мехмет Тереков. Бұл ретте Қазақстан Республикасының адам құқықтары жөніндегі өкілі Болат Байқадамовтың айтуынша, республика азаматтары негізінен соттар шығарған шешімге наразылық білдіріп, шағым түсіреді. Ал, Қазақстан республикасының Жоғарғы Соты жанындағы соттар академиясының ректоры Тамас Айтмұхамбетов: «мұндай келеңсіздіктер судьялардың кәсіби деңгейін көтеруге ықылас танытпауынан орын алып отыр» дейді.

Соңғы 7 жыл шамасында жекеменшік компанияда күзетші болып қызмет істегенін айтқан Мехмет Тереков: «мекемеге осыдан 9 ай бұрын тағайындалған жаңа басшы мені ешқандай себепсіз жұмыстан шығарып тастағалы бері адам құқықтары жайында мүлдем басқаша көзқарас қалыптастыруға мәжбүр болдым» дейді:

- Адам өзінің құқын қорғауы үшін көп уақыт кетіреді. Сондықтан қазір Қазақстан азаматтарының құқығы жақсы қорғалып жатыр деп айта алмаймын.

«Менің бұлай деуіме ешқандай себепсіз жұмыстан шығып қалғанымды айтып сотқа шағымданғанда, одан кейін де түрлі құзырлы мекемелердің табалдырығын тоздырғанда алған жауабым себеп болды» дейді 52 жастағы Мехмет Тереков. Оның айтуынша, бүгінде өз құқыңды біле тұра, оны қорғай алмау қалыпты құбылыс:

- Бүгінде ақшасы барлар соттың, прокурордың, адвокаттардың жұмыстарына ықпал ете алады. Осыдан келіп, кедейлер мен байлар соттасқан кезде ақшасы жоқ азаматтар жеңіліп қалады. Ақшаң жоқ болса, «ана құжатты тауып кел, мына құжатты көрсет» деп сабылысқа салып қояды. Мәселен мен миллионер болсам, біреу құқығымды аяқ асты етеді деп аса қарықпайтын едім.

Қазақстан Республикасының адам құқықтары жөніндегі өкілі Болат Байқадамов: «Қазақстан азаматтары көбінде сот шешіміне наразылық білдіреді. Оған қатысты қандай да бір әрекет жасауға біздің қолымызда құдырет жоқ» дейді. Қазақстан республикасының омбутсмені Болат Байқадамовтың айтуынша, бүгінде адам құқықтары жөніндегі өкілдің құзырын кеңейтетін президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы жарлығы дайындалып жатыр екен. «Сол құжатқа қол қойылса, біз біраз шаралар атқаратын боламыз» дейді Болат Байқадамов:

- Ол құжат бізге сот шешімдерінің халықаралық талаптарға сәйкестігін саралауға мүмкіндік береді. Сол кезде ғана біз судьялар шешімін талқылай алатын боламыз. Әзірге судьялардың үстінен шағымданушылар легі толастар емес.

Ал Қазақстан республикасы Жоғарғы сотының жанындағы соттар Академиясының ректоры, заң ғылымының кандидаты Тамас Айтмұхамбетов: «республика азаматтарының сот шешімдеріне қанағаттанбауы судьялардың кәсиби шеберлігіне де байланысты» деп отыр. Оның айтуына қарағанда, адам құқығы турасында сөз қозғамай тұрып, ең алдымен судьялардың білім жетілдіруге құлықсыздығын жою керек:

- Мысалы шет елдерде жаңа заң шығып, судьялар сол заңға түсінбей жатса: «мен мынаны түсінбедім. Мені оқытсаңыздар» деп хат жазып жібереді. Ал біздің қазақ халқының менталитетіне сәйкес, ол ешуақытта әлгіндей қадамға бармайды. Білмей тұрса да, «мен бәрін білемін» дейді.

Ал Алматы заң академиясының ректоры, заң ғылымының докторы Қабдыл-Самих Айтқожин: «адам құқықтары жөніндегі тәрбиені мектеп қабырғасынан бастаған жөн» деген пікір білдірді:

- Қазір мектептерде, жоғары оқу орындарында құқық негіздері деген сабақ оқытылады. Менің ойымша, мектептерде осы пәнге берілген 34 сағат өте аз. Сондай-ақ, мектеп оқушыларына бұл пәнді 9-шы, 10-шы сыныптан бастап емес, 1-ші сыныптан бастап оқыту керек.

Ал адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан Халықаралық бюросының директоры Евгений Жовтис бұл пікірмен келіспейді. «Мектепте адам құқықтары жөнінде тәрбие беру үшін алдымен ондағы қалыптасқан үрдіс өзгеруі керек» дейді Евгений Жовтис:

- Адам құқықтары туралы мектеп қабырғасында лекция оқудың еш пайдасы болмайды. Ол қандай да бір пайда әкелу үшін алдымен мектепте демократиялық құндылықтар орнауы тиіс. Меніңше, еркін ойлап, ойын ашық білдіре алатын ұстаздар ғана еркін ойлы жастарды тәрбиелеп шығарады.

Қазақстан Республикасының адам құқықтары жөніндегі өкілі Болат Байқадамов: «Қазақстан азаматтарының өз құқықтарын біліп, оның орындалуын талап ету көрсеткіші жыл санап өсіп келеді. Бұған ондай келеңсіздіктерді анықтап, арнайы сараптама жұмыстарын жүргізумен айналысатын Үкіметтік емес Ұйымдардың қосып отырған үлесі ерекше» дейді.
XS
SM
MD
LG