Accessibility links

Қазақстан кинемотографистер одағының бірқатар мүшелері басшылықтарына наразылық білдіруде

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Қазақстан кинемотографистер одағының бір топ мүшелері біраз уақыттан бері өздерінің заңды төрағаларын сайлап ала-алмай жүргендерін айтуда. “Оған кедергі келтіріп отырған “Қазақфильм” киностудиясының басшылығы. Айталық, Қазақстан кинемотографистер одағының кезектен тыс 11 сьезіне осымен үшінші рет толыққанды жиналуға мүмкіндік бермей отыр” дейді олар. Сөйтіп, соңғы рет жиналғанда одақтың уақытша үш тең төрағасын сайлап, ендігі уақытта заңдық тұрғыда келісімге келмесе, “Қазақфильм” басшылығын сотқа беретіндіктерін мәлімдеп отыр.

Бір жарым жылға жуық уақыттан бері Қазақстан кинемотографистер одағы заңды ұйым ретінде жұмыс істей алмай отыр дейді аталған одақтың бір топ мүшелері. Олар оған басты себеп ретінде, одақтың төрағасы мен басқарма мүшелері арнайы сьездің шешімінсіз, басқарма мүшелерінің қаулысымен сайланғандығын алға тартуда. Ал заңды жолмен сьез шақырып, басшылықты сайлап алайық десек, Шәкен Айманов атындағы “Қазақфильм” киностудиясының жетекшілері кедергі келтіріп келеді дейді олар. Және киногерлердің көпшілігі аталған мекемеде жұмыс істейтіндіктен басшылықтарының нұсқауынан шыға алмайтындығын айтады. Сөйтіп, сьез өткізуге үш рет талаптанғанмен алқалы жиынның тәртібі бойынша, 230-ға тарта Қазақстан кинемотографистер одағы мүшелерінің үштен-екісі жиыла қоймапты. Соңғысында Қазақстан кинемотографистер одағының уақытша үш тең төрағасының бірі болып сайланған актер Нұрлыбай Есімғалиев бұл анық “Қазақфильм” киностудиясы басшылығының ісі дегенді айтады.

Алайда осы мәселеге орай Қазақстан кинемотографистер одағының төрағасы Асанәлі Әшімовке хабарласқанымызда, Қазақстан кинемотографистер одағы басшылығының заң шеңберінде жұмыс істеп келе жатқандығын жеткізді.

Дегенмен кинорежиссер Қалдыбай Әбенов Шәкен Айманов атындағы “Қазақфильм” киностудиясы жетекшісінің өздерінің наразылығын туғызған басқа да жұмыстары жөнінде жоғары билікке бірнеше рет хат жолдағанын, бірақ ешқандай нәтиже бермегенін айтады.

Бұл мәселе бойынша, “Қазақфильм” киностудиясының директоры Сергей Әзімовке бірнеше рет хабарласқанымызда қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз директордың бізбен тілдесуіне жақын уақытта қолы босамайтындығын жеткізді.

Ал киностудияның бас редакторы Дидар Амантай жоғарыдағы сұрақтардың өздеріне ешқандай қатысы жоқ екендігін білдірді.

Дейтұрғанмен Қазақстан кинемотографистер одағының бірқатар мүшелері ендігі жағдайда сотқа жүгінетіндіктерін айтып отыр.
XS
SM
MD
LG