Accessibility links

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жаңа басшылығы шетелдердегі қазақ мәдени орталықтарының жетекшілерімен кездесті


Дүйсенбі күні Алматыда, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының басшылары шетелдерде тұратын қазақтардың қазақ мәдени ұйымдары мен орталықтарының жетекшілерімен кездесіп олардың айтқан өтініш, тілектерін тыңдады. Осыдан бір ай бұрын Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына жаңа басшы болып тағайындалған бұрынғы мәдениет министрі Талғат Мамашевтің бұл шетелдердегі қазақ мәдени орталықтарының жетекшілерімен төрт көз түгел отырып өткізген ең алғашқы кездесулерінің бірі болды.

Кездесуде негізінен шетелде жүрген қазақтардың қал жағдайы, рухани саладағы жетіспеушіліктері сөз болды.

Әлемнің 40 шақты елінде өмір сүріп жүрген 5 миллиондай қазақтардың бұл саладағы проблемалары жетерлік көрінеді. Мысалы Ресейде тұратын 1,5 миллиондай қазақтар үшін Қазақстаннан тұрақты түрде қазақша кітаптарды, газет журналдарды алып тұру сондай ақ «Қазақстан-1» және «Хабар» секілді телеарналардың күнделікті хабарларын көру арқылы Қазақстанда не болып жатқанын біліп отыру аса маңызды болса ал Еуропада жүрген қазақтар үшін барған сайын ұмытылып бара жатқан ана тілін ұмытпау және жас өспірім баларға қазақ тілін үйрету ісі өте маңызды әрі қиын істің бірі болып отыр.

Ресейдің Таулы Алтай өлкесінің Қос-Ағаш ауданының әкімі Әуелқан Жатқанбайұлының айтуынша қазақ телеарналарының хабарын тыңдау қосағаштық қазақтардың үлкен арманы болып отыр. Өйткені осы шекараның арғы бетіндегі Бай-өлкеде тұратын моңғолия қазақтары бес жылдан бері «Қазақстан –1» және «Хабар» телеарналарын күн сайын көріп келеді. Оның айтуынша Қазақстанның осы телеарналарын Ресейдегі қазақтар көре алмай отыр. Сондықтан да қауымдастық басшылығы осы істі қолға алып тезірек шешіп берсе деген тілегін айтты. Ал Германиядан келген қазақ, Мюнхен қаласындағы қазақ мәдени орталығының төрағасы Өмірқан Алтынның айтуынша Еуропада жүрген қазақтардың ең үлкен проблемасы ол қазақ тілін ұмытуға жақын қалғандығы. Сондықтанда Қазақстаннан тіл мамандары барып, қазақ тілінің оқулықтарын апарып сондағы қазақ балаларына, қазақ жастарына тіл үйретіп берсе деген тілегін жеткізді. Қауымдастық басшылары қолдан келген жәрдемдерін көрсетуге уәделерін берді. Келесі жылы Қазақстанда шетелде тұратын қазақ жастарының құрылтайын өткізу жоспарлары барлығын жеткізді.
XS
SM
MD
LG