Accessibility links

Алматы қаласындағы “Балалар мен жасөспірімдер театрында” ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған драмалық туындының қойылымы басталды


Мұқағали Мақатаев мыңдаған оқырмандардың сүйіспеншілігіне бөленген, қазақ поэзиясында өзіне тән орны бар ақындардың бірі. Мұқағали Мақатаевтың тағдыры мен соған сәйкес өмір жолы ақын дүниеден өткеннен кейін аңызға айнала бастағаны аян.

Осы аптада Алматыдағы “Балалар мен жасөспірімдер” театрында өтіп жатқан, Астанадағы Қалыбек Қуанышбаев атындағы драмалық театрының сахналаған қойылымдары, жазушы Серік Тұрғынбекұлының ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығы туралы драмалық туындысын көрермен назарына ұсынудан басталды.

Алматы қаласындағы “Балалар мен жасөспірімдер театрында” тұсаукесері жасалынған жыр сүлейі Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығы туралы қойылымда, негізінен ақынның өз тағдырына сәйкес өлеңдері көбірек орын алыпты.

Мұқағали Мақатаев туралы драмалық шығарманың авторы Серік Тұрғынбекұлы “мен ақынды жиынтық образ ретінде алуға тырыстым. Ал, шын мәнісінде Мұқағалидың өмірі сол кездегі барлық талантты ақындардың басынан кешкен тағдыры еді” дегенді айтты.

Серік Тұрғынбекұлы, ақын-драматург. “Бұл драмалық туындыны, жазбасқа мұрша болмай қалғандай жағдай туды. Өйткені мұны жалғыз Мұқағалидың образы деп қана алуға болмайды. Шын мәнісінде Мұқағали Мақатаевтың образын мен драмалық туындының фоны ретінде ғана алдым. Мұқағали арқылы мен сол кездегі өмір сүрген бүкіл қаламгер қауымның тағдырын сомдауға тырыстым.

Мұқағали Мақатаев репрессияға ұшыраған емес, атылған, сотталған адам емес. Бірақ жаймашуақ күнде жүріп, қайғы-қасірет кешкен сәтін, сол уақыттың көзімен беруге тура келді. Бұның ішінде бәріміздің тағдырымыз жатыр. Осы драмалық туындыда сахналанған өмірді жалғыз Мұқағалидың тағдыры деп ешкім айта алмайды.

Ақынның замандасы Исраил Сапарбай Мұқағали туралы драмалық туындыға бірден баға бере қоюдың қиын екендігін айта келіп, бұл қойылымның өзіне не себептен ұнағандығын былайша түсіндірді.

Исраил Сапарбай, ақын.

“Мұқағалидың образын сомдаған актер керемет образға енген. Мұқағалиға сыртқы пішініне ғана ұқсастығы ғана емес, ішкі әлемін де ашуда тырысқан. Біздің өміріміз Мұқағалидікімен тағдырлас қой. Алайда осы драмалық туындыны тамашалаған көрермен жұрт, ақын тағдырының қандай болатындығынан біраз мағұлұмат алған секілді.”

22 қараша күні кешке басталған ақын Мұқағали туралы драмалық қойылымның тұсаукесеріне көрермен көп жиналды. Бұл драмалық туындының көрсетілімі Алматы қаласындағы “Балалар мен жасөспірімдер театрында” 26 қарашаға шейін жалғасады.
XS
SM
MD
LG