Accessibility links

Үкімет Жер кодексіне өзгерістер ұсынды

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Қазақстан Үкіметі осы мақсаттағы заң жобасын дайындаған. Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттіктің төрағасы Бақыт Оспановтың айтуынша, қабылданған Жер кодексінің 14-ші бабында теңіз астындағы жерлерді реттеу ісінде көп мәселе шешілмеген. Мәселен, келісім-шартпен жұмыс жүріп жатқан аумақтар сыртынан құбырлар, кабельдер немесе басқа да жұмыстар жүргізу атқарушы органдардың құзырына кірмей қалған. Ал, қазіргі уақытта ол жұмыстарды жүргізуге рұқсат беретін орган жоқ. Үкімет бұл жұмысты жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттік құзырына беру туралы ұсыныс берді дейді.

Сондай-ақ жобада жеке меншікке берілмейтін жер санаттары көзделіпті. Бақыт Оспанов орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын аймақтар аумағы заң бойынша жеке меншікке берілмейді дейді.

Агенттік төрағасының айтуынша, жобада сұраным бар жерлері аукцион арқылы сату көзделген.Ол кезде жер өз құнынан бірнеше рет жоғары бағаға сатылады. Түскен қаржы жергілікті бюджеттің көлемін өсіреді деп отыр.

Ал, Мәжіліс депутаты Владимир Нехорошев жерді тендер арқылы сату мәселесіне маңыз беріп отыр. Оның айтуынша, көптеген қалаларды бекітілген бас жоспар жоқ.

Үкіметтік жобада жерді қосалқы жалға беру туралы мәселе қаралмаған. Алайда, депутат Ұзақбай Қараманов жер кодексіне жерді қосалқы жалға беру мерзімін 2 жылға ұзарту туралы сайлаушы сұранымын айтып отыр.

Алайда, жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы бұл ұсынысты қолдап отырған жоқ. Бақыт Оспанов мырза жер иелерінің 99 пайызы жер үлестерін беруге келісім-шарт жасасқан деп отыр. Жалпы агенттік төрағасының айтуынша, Жер кодексі қабылданғаннан бері ауылшаруашылық жерінің 45 мың гектары сатылыпты. Қаржы ұлттық қорға түскен.

Жоғарыда аталған Жер кодексіне ұсынылған өзгерісте қозғалмайтын мүліктің бағасын шығарумен Әділет министрлігінің тіреу қызметі комитеті ғана емес лицензия алған жеке тұлғаның да айналысу құқығы қаралыпты.
XS
SM
MD
LG