Accessibility links

Дәрігерлер Қазақстанда қауіпті мультирезистенттік туберкулез ауруы белең алып отыр дейді

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Қазақстандық дәрігерлер туберкулез ауруының емдеуге көнбейтін ең қауіпті түрі - мультирезистенттік туберкулездің таралуына алаңдаушылық білдіріп отыр. Алматы қалалық туберкулезге қарсы диспансерінің дәрігері Айгүл Омарова: “туберкулез ауруын негізінен Кеңестер одағы кезінде қолданған 5 түрлі дәрі-дәрмектермен емдейтінбіз. Бүгінде сол дәрілермен емдеуге көнбейтін мультирезистенттік түрі белең алып келеді. Туберкулездің бұл түрін емдеу бір адамға 9 мың АҚШ доллары тұрады. Жәй туберкулездің емі 3-6 ай болса, мультирезистенттік туберкулездің емінің уақыты – 21 ай. Мен өз тәжірибемнен айтатын болсам биылғы жылы жеке емдеуге өзім 9 ауруды алдым, ал былтырғы жылы 3 ауруды емдеген болатынмын. Нақты көрсеткіштеріне байланысты емге алынатын және алынбайтын аурулар болады. Нашақорлар, қаңғыбастар ем алуға жатпайды. Сондықтан бүгінде осы аурудың кең таралуына бірден-бір себепкер жандар осы нашақорлар мен қаңғыбастар болып отыр” дейді.

Дәрігер маман туберкулез ауруымен әлеуметтік жағдайы өте төмен тоя тамақ ішпейтін адамдар да көбірек сырқаттанады дегенді айтты:



-Алматы қаласында қазір миграция өте үлкен. “Ұлжан”, “Шаңырақ” сияқты аудандарға келіп жатқан ауыл адамдары көбірек сырқаттанады. Науқастардың көпшілігі туберкулез ауруы туралы сауатсыз болады да уақытты өткізіп алады.

Алматы қалалық туберкулезге қарсы диспансерінде емделуші Гүлнәр есімді келіншекте туберкулез ауруының ауыр түріне шалдықан болып шықты. -Басында маған “бронхит “ деген диагноз қойды. Кейіннен мен мүлдем басымды көтере алмай жатып қалдым. Содан дәрігерлер “мультирезистенттік туберкулез” деп айтқанда өмірден түңіліп, ешкімге керегім жоқ деп ойладым. Бірақ менің үімітімді дәрігерлер үзген жоқ. 12 айдан бері емделіп жатырмын.

Аса қауіпті саналатын мультирезистенттік туберкулезбен Қазақстанда 2002 жылы 1052 адам тіркелсе, 2003 жылы олардың саны 1500-ге жеткен. Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Халықаралық өкпе аурулары және туберкулезге қарсы күрес одағының есебіне қарағанда, әлемдегі мультирезистенттік туберкулезге шалдыққандардың ең көбі Қазақстанда тұрады екен. ҚР Туберкулез мәселелері жөніндегі ұлттық орталықтың директоры Ғалымжан Рақышев: “о бастан әлеуметтік деп танылған құрт ауруы Қазақстан экономикасы дағдарысты жағдайда болған 90 жылдардың басында кең көлемде етек алды. Енді оның бетін қайтару мүмкін болмай отыр” дейді. Оның айтуынша, Қазақстандағы әрбір 100 мың тұрғынның 160-сы туберкулезбен сырқаттанады екен. Бұл деректі өткен жылдың осы уақытындағы деректермен салыстырғанда 6 пайызға төмен дейді Туберкулезге қарсы ұлттық орталықтың директоры. Ол осы жылдың маусым айында ЮСАИД халықаралық ұйымы Орталық Азия елдерінің 5 республикасында мультирезистенттік туберкулезге қарсы күрес жобасын жариялап, 15 млн доллар қаржы бөлген. Аталған жоба негізінен мамандардың кәсібилігін арттыру, жергілікті халықтың аталған ауру туралы сауатын көтеру мен емдеу орындарының материалдық-техникалық базасын көтеру мақсатында жұмыс істеп жатыр дейді.
XS
SM
MD
LG