Accessibility links

Қазақстанда ВИЧ инфекциясын жұқтырғандар саны 4577 адамды құрап отыр


Алматы қалалық СПИД орталығы бас дәрігерінің орынбасары Гүлжаһан Кәрімованың айтуынша, Қазақстанда ВИЧ инфекциясына шалдыққан 4577 адам бар екен. «Оның 210-ының дерті ғасыр індеті атанған СПИД-ке ұласқан. Жыл өткен сайын осы кеселге шалдыққандар үлес салмағындағы жыныстық қатынас жолымен жұқтырғандар саны артып келеді» дейді Гүлжаһан Кәрімова. Ал Алматы қалалық ішкі істер Бас басқармасы баспасөз қызметінің аға инспекторы Арман Жусанбай: «СПИД-ке қарсы күресте ең алдымен жезөкшелік кәсіптің тамырына балта шабу қажет. Ол үшін қолданыстағы заңды өзгерту керек» деп отыр.

14 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Алматы қалалық СПИД орталығы бас дәрігерінің орынбасары Гүлжаһан Кәрімованың айтуынша, Алматыда 540 ВИЧ инфекциясын жұқтырған адам бар. «Негізінен есірткі пайдалану жолымен жұғатын бұл кесел кейінгі жылдары жыныстық қатынас арқылы жұғу жағынан да өршіп келеді. Оған себеп – жастарымыздың бұл тұрғыдағы сауатсыздығы» дейді Гүлжаһан Кәрімова:

- Жуырда ғана бір жігіт келді. «Апай, анализ тапсырайын деп едім. Кеше Саин көшесіне барып, біреумен кездесіп едім. Маған не көмек бере аласыздар» дейді. Ол жігітке біздің психотерапевт көмектесті. Анығында кеше ғана болған нәрсеге бүгін келіп, анализ тапсыруға болмайды. Оған кемінде 1 ай, болмаса, 3 ай уақыт өтуі керек.

Қарашаның 10-ы күні Астана қаласында Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Бірғаным Әйтімованың жетекшілігімен өткен СПИД пен туберкулездің алдын алу және олармен күрес жөніндегі Үйлестіру кеңесінің мәжілісінде мамандар ВИЧ инфекциясын жұқтырғандардың 78 пайызын бұрынғыша нашақорлар құраса, биылғы жылдың 10 айында қатерлі індеттің 28 пайызы жыныс жолымен жұқтырылған деген мәлімет таратты. Айта кету керек, өткен жылы бұл көрсеткіш 21, 2002-ші жылы 16, ал 2001-ші жылы небары 5,4 пайызды құрапты. Алматы қалалық СПИД орталығының дәлізінде кездескен 28 жастағы бойжеткен өзін Әсел деп таныстырды. «Бұрындары 7 жыл жезөкшелікпен айналысып, былтыр тұрмысқа шығып, шаңырақ көтердім. Енді күйеуіміз екеуіміздің бір нәрестеге зар болып жүрген жайымыз бар. Қорқа-қорқа осы орталыққа келіп отырмын» дейді Әсел:

- Күйеуге шыққаннан кейін 8 айдан соң бала көтердім. Бірақ түсік тастадым. Содан кейін ұзақ емделдім. Араға 3-4 ай салып барып тағы көтердім. Күйеуіміз екеуміз сол баланы аман сақтап қалуға қолдан келген амалдың бәрін жасадық. Тағы да оқыс шығып, дәрігерлер: «шарана іште өліп қалған» деп, оны да сылып алып тастады.

Ал Алматы қалалық СПИД орталығы бас дәрігерінің орынбасары Гүлжаһан Кәрімова: «Егер Әселдің бойынан ВИЧ инфекциясының белгілері анықталса, оған бала көтеруге кеңес бермеген болар едім» дейді:

- Ата-анасы ВИЧ инфекциясын жұқтырған нәрестенің сол дертті арқалап туылмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Бізде бүгінде осы дертке шалдыққан аналардан туылған 8 бала бар. Оның 3-еуі ауру болып шығып, аналары бас тартты. Қазір олар балалар үйінде тәрбиеленуде. Ал қалған 5-еуі әлі белгісіз. 1-ші алған анализі дұрыс шықты. Бірақ біз олардың қан құрамын 1 айдан кейін, 6 айдан кейін тағы да тексеретін боламыз. Яғни, олардың қанынан ВИЧ инфекциясының кез-келген уақытта анықталуы ғажап емес.

Алматы қалалық ішкі істер Бас басқармасы баспасөз қызметінің аға инспекторы Арман Жусанбай «СПИД-пен күресті жезөкшелікті жоюдан бастаған жөн» деп отыр:

- Жезөкшелер бірін-бірі соғып, тәртіп бұзып жатса ғана біз оларды жауапқа тарта аламыз. Ал, былайша оларға қандай да бір талаптар қоюға біздің ешқандай құқығымыз жоқ. Бұл – біздің заңдарымыздың шикілігі. Біз тек қана жезөкше жеңгетайлық жасап, жас қыздарды жыныстық қатынасқа түсуге үгіттесе, көндірсе ғана шара қолдана аламыз.

Алматы қаласы бойынша ВИЧ инфекциясын жұқтырған 540 адамның біреуі жұқтырылған қорғаныш тапшылығы белгісіне яғни СПИД-ке шалдыққанын жеткізген Алматы қалалық СПИД орталығы бас дәрігерінің орынбасары Гүлжаһан Кәрімова: «біз қазір жүйелі түрде жыныстық кәсіппен жан бағып жүрген жеңіл жүрісті қыздар арасында рейдтар ұйымдастырып тұрамыз. Осы ретте жезөкшелікке ден қойған бойжеткендердің жыл санап жасарып бара жатқанын байқадым» дейді:

- Бұрын коммерциялық жыныстық байланысты кәсіп еткендер жасы 18-20 болса, қазір 14-15 жас болып отыр. Олардың барлығы дерлік Саин, Сейфуллин көшелерінің бойында Әуезов пен Төле би көшелерінің қиылысында, сосын түрлі қонақ үйлердің маңында жұмыс жасайды.

«Негізінде ВИЧ инфекциясын жұқтырған азаматтар өзін қоғамға керексіз сезініп, айналасындағылардың ондай жандарға деген көзқарастары өзгеріп сала береді. Біз ең алдымен осы бір қалыптасқан қасаң қағидаларды бұзып, СПИД жұқтырған жанның да қоғамның толыққанды мүшесі екенін мойындауымыз керек.» дейді Алматы қалалық СПИД орталығы бас дәрігерінің орынбасары Гүлжаһан Кәрімова.
XS
SM
MD
LG