Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11- 24 - 2004

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Тәуелсіз басылымдарда экс-премьер Әкежан Қажыгелдиннің Қазақстандағы оппозиция өкілдерін бірігуге шақырған үндеуіне қатысты талдау мақалалар жарық көріпті. Мерзімді басылымдар болса, Жоғары оқу орындарындағы ақылу оқудың қымбаттағандығына айрықша назар аударыпты.

“Алтын ғасыр” басылымы экс-премьер Әкежан Қажыгелдиннің барлық оппозиция өкілдеріне жолдаған үндеу хатындағы “Қазақгейт” мәселесіне байланысты тұстарына айрықша тоқталып өтіпті. Мақала авторының айтуынша, экс-премьер Әкежан Қажыгелдин опозиция өкілдіріне жолдаған ашық хатында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа “Қазақгейт” мәселесінде өз ұстанымын анықтау керектігін ерекше ескерткен. Алайда мақала авторы экс-премьер Әкежан Қажыгелдиннің егер де Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка Құрама Штатының барлау ұйымдарымен байланысы болды деген ақпарат расталса деген сөзімен келіспейтіндігін білдіріпті. Мақалада келтірілген деректерге сүйенсек, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка Құрама Штатының барлау ұйымдарымен байланысы болды деген ақпарат расқа айналып отыр. “Алтын ғасыр” газетінің хабарлауынша, Нью-Иорк сотында өткен Қазақстан президентінің экс-кеңесшісінің ісін алдын-ала тыңдау барысында американдық ресми үкіметтің өкілдері Джеймс Гиффеннің Американың барлау ұйымдарының тапсырмасын орындап тұрғандығын растаған. Ал, мақалада мысалға келтірілген экс-премьер Әкежан Қажыгелдиннің оппозиция өкілдеріне жолдаған ашық хатында “Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Американың әділ сотымен байланыста болуы керек екендігі айтылыпты. Экс-премьер Әкежан Қажыгелдиннің айтуынша, егер Нұрсұлтан Назарбаев арандатушылық әрекеттердің құрбаны болғандығын немесе пара алғысы келмегендігін айтып ақталуға тырысса, ондай жағдайда Мемлекет басқарып отырған адамның саяси жауапкершілігі сынға ұшырайды. Сондай-ақ мақалада экс-премьер Әкежан Қажыгелдиннің “егер де Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық қылмыс тобын құруға және шет елдің агентімен байланысқа саналы түрде барғандығы дәлелденсе отанын сатқан азамат ретінде айыпталып, биліктен аластатылып, сот алдында жауап беруі тиіс” деген сөздері мысалға келтіріліпті.

“Казахская правда” басылымының №21 санында жарық көрген Гүлсім Арынованың мақаласында экс-премьер Әкежан Қажыгелдиннің Қазақстандағы оппозиция өкілдеріне жолдаған ашық хаты сынға алыныпты. Мақала авторының айтуынша, егер де оппозиция өкілдерінің бәрі де “Ақ жол” партиясының астына бірігетін болса, ондай жағдайда “Ақ жол” таза оппозициялық жолға түсіп халықтың сенімінен айырылып қалады. Мақала авторының болжамына сүйенсек, “Ақ жол” партиясы таза оппозициялық жолға түскен жағдайда, бұл партия кейбір мәселелер бойынша билікпен келісімге келе алмайды. Сондай-ақ мақала авторы экс-премьер Әкежан Қажыгелдин, Заманбек Нұрқаділов немесе Ғалымжан Жақияновтың бірінші адам болуға ұмтылысы, партияның ішінде алауыздық туғызады деп есептейді.

Сондай-ақ мерзімді басылымдардың бетінде Қазақстандағы білім саласында болып жатқан соңғы өзгерістер де сөз болыпты. “Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасы Білім Министрлігінің Жоғарғы оқу орындарындағы ақылу оқудың бағасын көтеруді көздеп отырғандығын хабарлапты. Білім министрілігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта, мұның себебі мұғалімдердің айлығын көтеру қажеттілігі, комуналдық төлемдердің көбеюі, жаңа оқу құрал сатып алу керектігіне байланысты деп түсіндіріліпті. Газет тілшісінің хабарлауынша, ендігі уақытта студенттер үшін бағаның көтерілуі күтпеген оқиға болмас үшін, олар әл жылдың басында несие көлемінің индексациясына байланысты Жоғары оқу орныменен шартқа отыратын болады.

“Аргументы и факты” газетінің “Қазақстан” қосымшасы Қазақстандағы жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттердің 80 процентінің өз ақшасына оқитындығын хабарлапты. Мақала авторының айтуынша, соңғы жылдары Жоғарғы оқу орындарында білім алып жүрген студенттердің басы, қалай оқимын деп емес, қалай ақша табам деумен қатып жүрген көрінеді. Мақалада осыған орай, бүгінгі таңда Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарындағы 8 мың студенттің оқу ақысының қымбаттағандығы мысалға келтіріпті. Мақалада келтірілген деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда 800 ге тарта студент Жоғарғы оқу орнымен жасалатын жаңа келісім-шартқа қол қоюдан бас тартыпты. Сондай-ақ мақалада студенттердің мұң-мұқтажымен ешкімнің санаспай жатқандығы, арызданған студенттердіің жоғарғы оқу орындарынан қуылып жатқандығы да айтылыпты.

“Айқын” басылымы болса бүгінгі таңда заңгерлер мен экономистер даярлайтын Жоғарғы оқу орындарының қаптап кеткендігіне тоқталып, керісінше, жұмысшы мамандығын даярлайтын кәсіптік мектептердің тапшылығын тілге тиек етіпті. Мақала авторы сондай-ақ қыруар қаржы жұмсап, Министрелерді шет елде оқытқанша, сол ақшаны жұмысшы мамандарды дайындауға жұмсағанымыз әлдеқайда пайдалы болатындығын атап өтіпті.
XS
SM
MD
LG