Accessibility links

Ақтау қалалық соты 8 айдан бері жалақысын ала алмай жүрген химия зауытының жұмысшысы М.Мазуроваға әкімшілік тәртіп бұзғаны үшін ескерту жасады

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Ақтау қалалық соты осы өңірдегі химия зауытының жұмысшысы Марина Мазурова мен Маңғыстау облыстық тәуелсіз кәсіподақтар Одағының төрағасы Мұхтар Үмбетовтарға әкімшілік тәртіп бұзды деген айып таққан облыстық ішкі істер басқармасы қызметкерлерінің талабын қанағаттандырып, қарашаның 23-і күні аталған 2 азаматқа әкімшілік ескерту жасау туралы шешім шығарды. Мұхтар Үмбетов: «бұл менің қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, 8 ай бойы жалақыларын ала алмай жүрген зауыт жұмысшыларына көмектессем деген ойымды жаратпаған облыс әкімшілігінің жасап отырған әрекеті» дейді. Ал Маңғыстау облыстық ішкі істер басқармасының қызметкері Қайрат Садуақасовтың айтуына қарағанда, жұмысшылар қарашаның 15-і күні қала орталығындағы алаңға заңсыз жиналып, шынымен де қоғамдық тәртіпті бұзған.

Маңғыстау облыстық тәуелсіз кәсіподақтар одағының төрағасы Мұхтар Үмбетовтың айтуынша, облыстық ішкі істер басқармасына химия зауытының жұмысшысы Марина Мазурова екеуін зауыт еңбеккерлері бейбіт шеру ұйымдастырған қарашаның 15-інен 5 күн өткеннен кейін бір-ақ шақыртыпты:

- Бізде араға 5 күн салып барып, өткен аптаның жұмасында ғана облыстық ішкі істер басқармасына шақыртты. Сол жерде біздің қоғамдық тәртіпті бұзғандығымыз жөнінде протокол толтырылды.

Ал Мұхтар Үмбетов пен Марина Мазурованың үстінен қалалық сотқа шағым түсірген Маңғыстау облыстық ішкі істер басқармасының қоғамдық тәртіпті қадағалау басқармасының қызметкері, полиция майоры Қайрат Садуақасов: «қарашаның 15 күні ұйымдастырылған митингіде полиция қызметкерлері болмағанда, жұмысшылар қоғамдық тәртіпті бұзатын еді» деп отыр:

- Олар облыс әкімшілігінің ғимаратына қалың нөпір болып барғысы келді. Біз тоқтаттық оларды жарты жолдан.

Маңғыстау облыстық тәуелсіз кәсіподақтар одағының төрағасы облыстық ішкі істер басқармасының қызметкері Қайрат Садуақасовтың бұл уәжімен келіспейтінін айтады. «Ешқандай заңгерлер қатыспаған, бас-аяғы 5 минутқа созылған сот отырысында бізге әкімшілік тәртіп бұзу жөнінде ескерту жасалынған шешім шығарылды» дейді Мұхтар Үмбетов:

- Бізді онда «жай әңгімелесеміз» деп шақырып алды. Ешқандай заңгеріміз, тіпті құжаттарамыз да жоқ екеніне қарамастан 5 минуттың ішінде әкімшілік тәртіп бұзған деген шешім шығарды.

Мұхтар Үмбетовтың бұл пікірін Ақтау қаласындағы химия зауытының жұмысшысы Марина Мазурова да қуаттап отыр. «Біз зауыт басшылығы мен қалалық, облыстық әкімшілік басшылығын митинг өткізгелі жатқандығымыздан хабардар еткенбіз, ешкім қарсылық танытпаған болатын. Алдағы уақытта қалалық сот шешімін жоққа шығару туралы облыстық сотқа шағымданатын боламыз» дейді Марина Мазурова:

- Біз ол шешіммен келіспейміз. Өйткені, алдын-ала митинг өткізетіміз жайында барлық өкілетті орындарға хабарлап қойғанбыз. Ешкім «өткізбеңдер» деген жауап қайтарған жоқ.

Естеріңізге сала кетсек, Ақтау қаласындағы тыңайтқыш өндіретін 3 бірдей химия зауытының жұмысшылары 8 ай бойы жалақы ала алмай жүргендеріне наразылық танытып, қарашаның 15-і күні облыстық әкімшілік маңындағы орталық алаңға жиналған болатын. Маңғыстау облыстық тәуелсіз кәсіподақтар одағының төрағасы Мұхтар Үмбетовтың айтуынша, зауыт басшылығының жұмысшылар алдындағы берешегі бүгінде 500 миллион теңгеден асып кеткен. Маңғыстау облыстық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының бастығы Ақмоншақ Баужанова: «бұл мәселеге Үкімет назар аудармаса, оны облыс деңгейінде шешу мүмкін емес» дейді:

- Біздің тарапымыздан жасалынатын шаралардың барлығын жасадық. Тиісті хаттарды облыс әкімінің атынан, басқа да мемлекеттік қызметкерлер атынан тиісті жерлерге жібердік. Бірақ, барлық нәрсе инвестордың қолында болып тұр. Инвесторлар қаржы құймай отыр. «ҚазФасФат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сатылған тауардың ақшасын бермей отыр. Осыған орай біз Үкіметке шығып, вице-премьер Б.Әйтімованың атына хат жолдадық.

Осы сауалдарға жауап алу мақсатымен біз Маңғыстау облысының әкімшілігіне хабарласқанымызда, наразылық білдіруші химия зауытының жұмысшылары мен жұмыс берушілердің арасындағы мәселелерді реттеу мақсатында құрылған 3 жақты комиссияға төрағалық ететін облыс әкімінің орынбасары Сұлтанбек Мәкежановтың қабылдау бөлмесінде отырған хатшы қыз Мәкежанов мырзаның орнында жоқ екенін айтты. 1 мың 200 адам жұмыс істейтін 3 бірдей химия зауыты «Ақтау ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамына енеді. Біз жұмыскерлер наразылығына орай, кәсіпорын директоры Виктор Даниловқа хабарласқанымызда, хатшы қыз Данилов мырзаның іссапарда жүргенін, тек дүйсенбі күні оралатынын жеткізді. Маңғыстау облыстық тәуелсіз кәсіподақтар одағының төрағасы Мұхтар Үмбетов өзінің желтоқсанның 6-сы күні Астана қаласында өткелі жатқан әлеуметтік әріптестік мәселелелеріне арналған форумға шақырту алып қойғанын жеткізді. «Облыстық әкімшіліктің мені сот алдында жауапқа тартып, қатаң әрекеттерге баруын менің Астанаға жол тартып, Ақтауда қалыптасып отырған әлеуметтік мәселелерді көпшілік назарына ұсынбауым үшін жасалынып жатқан шара деп қарастырмасқа амалым жоқ» дейді Мұхтар Үмбетов:

- Билік өкілдері қазір мені Астанадағы форумға жібермеу үшін барлық әрекеттерді жасап бағуда. Өйткені, мен онда баратын болсам, Ақтау қаласындағы жергілікті билік басшыларының қандай заңсыздықтарға жол беріп отырғаны жайында ақпарат таратамын.

Қарашаның 15-і күні митингке шыққан зауыт жұмысшылары өздерінің талаптары он күн ішінде қанағаттандырылмаса, аштық жариялайтындарын мәлімдеген болатын. «Қазір сол акцияны қолға алып жатырмыз. Бүгінде аштық жариялайтын орын, акцияға қатысушыларға жылы киім-кешектер дайындалып жатыр. Ол акцияның осы аптаның аяғында басталуы мүмкін» дейді зауыт жұмысшысы Марина Мазурова.
XS
SM
MD
LG