Accessibility links

Құрманғазы атындағы консерваторияда “Асыл мұра” байқауы ашылды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Қарашаның 24-і күні Алматыда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында “Асыл мұра” атты студенттер байқауы ашылды. Байқауда 36 студент “Халықтық орындаушылар” және “Домбырамен ән айту” номинациялары бойынша өнер көрсетуде. Әділқазылар алқасының мүшесі Қаршыға Ахмедияров: “Асыл мұра байқауының басты мақсаты - өнерде жүрген жастарды қанаттандырып, халықтық ән-күй орындаушылардың жаңа тобының өсіп шығуына мүмкіншілік жасау”, дейді: -Қазақтың бірнеше ғасырлық күй мұрасы өте бай. Ата-бабаларымыз осы құнды мұраны біздерге ешбір қаймағын бұзбай жеткізді. Бізде өз қал-қадірімізше жалғастырдық. Енді келесі ұрпаққа қаймағын бұзбай қалай жеткізу керек басты мақсат осы.

Қаршыға Ахмедияров: “қазір заман ағымына сай күй жанры түрлі өзгеріске ұшырауда. Компьютерлік техникамен өңделген күйлер мүмкін керек болар. Дегенменде күй жанрын таза ұлттық сипатынан, басқа ұлттардан ерекшеленетін ұлттық бояуынан айырмауымыз керек”, дейді: -Кейбір күйлер нағыз шеберлердің қолына түскенде үлкен қалыптасқан формасы бар халықаралық деңгейде орындалып жүр. Ал кейбірі мысалы, қытай қазақтарының күйлері тар шеңберде қалып қойған. Сол шеттегі қазақтардың күйлерінде тереңірек зерттеп, орындалу аясын кеңейтуіміз керек.

Сондықтан да өтіп жатқан байқауда 36 студент “Халықтық орындаушылар” және “Домбырамен ән айту” номинациялары бойынша сынға түседі, дейді Қаршыға Ахмедияров. Оның айтуынша, бас жүлдені иемденген жеңімпаз ай сайын 5 мың теңге көлемінде тағайындалған степендияға ие болады. “Халықтық орындаушылар” номинациясы бойынша бағын сынаған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 3 курс студенті Әсет Жұмабаев өз ойын былайша бөлісті: -“Асыл мұра” байқауын өнерде жүрген жастардың болашағы деп бағалаймын. Өйткені, бұл қазақтың сазсырнай, шаңқобыз, жетіген, қылқобыз, шертер аспаптарын болашаққа кеңірек насихаттау. Компьютерлік технологиялар көмегімен жаңаша өңделіп, орындалып жүрген күйлерде керек. Қазір жастардың барлығы эстрада қуалап кетті ғой. Эстрадамен жазылған күйлерді жастар көбірек тыңдайды.

Ал келесі байқаудың тағы бір қатысушысы Сәбира Бибатырова: “аталған байқау нағыз кәсіби орындаушыларды жарыққа шығарады деп үміттенемін”, дейді: -Қазір жасыратыны жоқ домбырашылар көп те, күйшілер аз. Күйді жеткізе орындау үшін алдымен адамға жүрек, сосын ми керек. Ұлттық өнер ұмытылып бара жатыр. Оған бірден-бір себеп осы кәсіби орындаушылардың аздығы болса керек . Бұл жерде мәселе мамандарды тәрбиелеушілер де болу керек деп ойлаймын. Себебі, жастар қалай бағыт берсе солай жүреді.

Келесі Әсет Сағатбекұлы: “ұлттық өнерге деген талпыныс ешуақтта жоғалмайды”, дейді: -Дәулет Мықтыбаев, Жаппас Қаламбаев аталарымыздан кейін қобыз аспабын біздер ойнап жүрміз. Бұл өнерге бізден кейінгі жастар да қызығушылық танытады деп ойлаймын. Жастар өнерге негізінен көп қызығады. Қазір қазақилау бұрынғы дәстүрлі тарихи мәселелерге көп қызығушылық танытады. Бұл қуанышты жағдай

Сондай-ақ, байқауда өнерлі жастар қылқобыз, шертер, шаңқобыз, домбыра сыбызғы аспаптары бойынша сайысқа түсті. Сайыс қорытындысы жұма күні шығарылатын болады.
XS
SM
MD
LG