Accessibility links

Қарашаның 25-і әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күрестің халықаралық күні


Қазақстан Республикасының Ішкі Істер министрлігінің мәліметінше, өткен жылы әйелдерге қатысты қылмыс саны 25 мыңнан асса, биылғы жылдың өзінде осыған жетіп жығылады. Ал Павлодар облысы бойынша 6 мыңнан астам әйел тіркелген. Зорлық-зомбылықтан қорғау ісі жөніндегі «Ақ маржан» облыстық орталығының әлеуметтік жұмыстар жөніндегі маманы Тәттігүл Смағұлова «Олардың басым көпшілігі күйеуінен зәбір көргендер, одан қалды ұрлық-қарлыққа қатысты. Сонымен қоса, оқушы қыз балалар, зейнеткерлер, туған-туысқандарынан, таныстарынан жәбір көрген әйелдер де бар. Олар 1 ай бойы орталықтың паналау бөлімінде жатып, тегін тамақтанады, әрі мамандардың ақыл-кеңестерін тыңдайды. Сол бір айдың ішінде әйелдердің мәселелерін шешуге тырысамыз», - дейді.

Павлодар қаласының тұрғыны Светлананың екі баласы бар екен. Ата-анасымен тұрып жатқан ол қазіргі тұрып жатқан 3 бөлмелі пәтерлерін 2 және 1 бөлмелі пәтерге немесе жатақхана бөлмесіне айырбастап, өзі балаларымен сол 1 бөлмеге бөлек шыққысы келеді екен, алайда ата-анасы оған рұқсат бермегеннен кейін көмек сұрап зорлық-зомбылықтан қорғау ісі жөніндегі «Ақ маржан» облыстық орталығына келіпті.

Облыстық орталығының әлеуметтік жұмыстар жөніндегі маманы Тәттігүл Смағұлованың айтуынша, Павлодарда тұңғыш рет осындай жәбір көруші әйелдердің ісіне қатысты форум өткізіліп, олардың мәселелері жан-жақты сараланған. Онда «Зорлық көрген әйелдер үшін тығырықтан шығар жол қандай, ондай әйелдер қайда барып, не істеулері керек, қандай көмектер беру қажеттігі айтылды», - дейді Тәттігүл Смағұлова.

«Қоғамда көбіне отбасында жәбір көретін әйелдер көп кездеседі. Бірақ олар көбіне жәбір көріп жатқандарын жасырады, бір жағынан ұялады. Өйткені, бізде Заңда көп нәрселер қарастырылмаған. Өйткені, ер адамдар әйелдеріне қорлық көрсетсе, оны дәлелдеу керек. Бірінші рет отбасында болған жағдайға кешірім жасалады, екінші рет медициналық қағаз керек, тек үшінші ретте ғана жаза қолданылады. Сол себептен әйелдер осыны жасырып, көп ретте осындай зорлыққа ұшырап жүре беретін адамдар бар», - дейді сенатор Светлана Жалмағамбетова.

Кей әйелдер біреуден жәбір көрген жағдайда қайда барып шағымдануды да білмейтін көрінеді. Мамандар «Мұндай жағдайларға әйелдердің көбі заңды дұрыс білмегендіктен ұшырайды. Сондықтан, бүгінде республикада кез-келген әйел өз құқын қорғай алатындай жағдай қарастырылып отыр», - дегенді айтады.
XS
SM
MD
LG