Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11-26 - 2004

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Қазақстанның Демократиялық Күштерінің Үйлестіру кеңсінің мүшелігіне кірген экс-спикер Жармахан Тұяқбай жұма күнгі жарық көрген апталық және мерзімді басылымдардың басты қаһарманына айналды. Кейбір басылымдар экс-спикер Жармахан Тұяқбай келесі президенттік сайлауда оппозициялық күштерден ұсынылатын кандидат болуы ықтимал деген болжам жасап отыр. Ал, экс-спикер Жармахан Тұяқбай егер де келешекте Президенттікке үміткер ретінде ұсынылып жатса, одан басын ала қашпайтындығын мәлімдепті.

“Жұма таймс немесе Дата недели” апталығына берген сұхбатында экс-спикер Жармахан Тұяқбай Демократиялық күштердің үйлестіру кеңесінің мүшелігіне кіргендігін айта келіп, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау барысында орын алған заң бұзушылықтар жөнінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына бірнеше рет мәлімдеме жасағандығын тоқталыпты. Жармахан Тұяқбайдың айтуынша, Мемлекет басшысы тарапынан бұл мәселеге байланысты ешқандай әрекет болмаған, керісінше Қазақстан Президенті парламент мәжілісінің ескі құрамын мерзімінен бұрын таратып жіберген.

“Жас алаш” басылымына берген сұхбатында “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Болат Әбілов экс-спикер Жармахан Тұяқбайдың конституциялық реформалар жөніндегі жұмысшы тобына жетекшілік ететіндігін айтып өтіпті. Болат Әбіловтың айтуынша, бұл құрылған жұмысшы тобының басты мақсаты –негізгі заңға енгізетін өзгерутелер мен толықтыруларды жүйелеу болып табылады.

Ал, “Жас қазақ” басылымына берген сұхбатында экс-спикер Жармахан Тұяқбай жұмыс тобын енді құрып, Конституцияға қандай өзгерістер енгізу реформа деңгейінің қандай болуы керектігін талқылап жатқандығын тілге тиек етіпті. Газет тілшісінің сауалдарына жауап бере отырып, экс-спикер Жармахан Тұяқбай Конституцияға өзгеріс енгізгенде ең алдымен билік бұтақтарының ара салмағын айқындап алу қажеттілігін сөз қылыпты. Сондай-ақ экс-спикер Жармахан Тұяқбай соттардың тәуелсіз болуы керектігіне тоқтала келіп, Ғалымжан Жақияновтың ісімен танысқандығына және оның түкке тұрмайтын нәрсе үшін сотталғандығын көзі жеткендігін әңгіме қылыпты. Газет тілшісіне берген сұхбатында экс-спикер Жармахан Тұяқбай егер де келешекте Президенттікке үміткер ретінде ұсынып жатса, басын ала қашпайтындығын білдіріпті.

Қазақстан Президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев “Литер” басылымына берген сұхбатында келешекте оппозициялық күштерден Президенттіктен үміткер кандидат ретінде Жармахан Тұяқбайдың ұсынылатына күмән келтіріпті. Ермұхамет Ертісбаевтың пікірінше, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың нағыз қарсылысы әлі өзін көрсетпей бұғып отырғандықтан, оны ешкім білмейді. Газет тілшісіне берген сұхбатында Президенттің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев, Демократиялық Күштер құрған Үйлестіру кеңесінің жұмысының нәтижелі болатындығына күдікпен алайда экс-спикер Жармахан Тұяқбайға құрметпен қарайтындығын білдіріпті. Ермұхамет Ертісбаевтың айтуынша, келесі президенттік сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевпен бәсекелес бола алатын тең түсе алатын қарсылысы жоқ.

“Айқын” газетінің жұма күнгі санында жарық көрген талдау мақаласында Бақытжан Қосбармақов экс-спикер Жармахан Тұяқбайдың Демократиялық Күштердің үйлестіру кеңесінің мүшесі болып кіруін сынға алып өтіпті. Мақала авторының айтуынша, экс-спикер Жармахан Тұяқбайдың мұндай қадам жасауы, оның әлі де болса саяси көзқарасының бұлдырлығын аңғартады. Газет тілшісі сондай-ақ экс-спикер экс-спикер Жармахан Тұяқбайдың кейбіреулер айтып жүргендей принципшіл азамат екендігіне сенбейтіндігін білдіріпті. Осы сөздеріне дәлел ретінде мақала авторы, экс-спикер Жармахан Тұяқбайдың кезінде экс-премьер Әкежан Қажыгелдинді ел экономикасын талан-таражға салғанын айтып халықтан кешірім сұрасын дегенін, енді келіп онымен бірге жұмыс жасайтындығын айтып отырғандығын мысалға келтіріпті.

“Республика” басылымы болса экс-спикер Жармахан Тұяқбайдың Демократиялық Күштердің Үйлестіру кеңесіне мүше болып кіруін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қысқа мерзімді демалысқа шыққан мезгілдегі ең үлкен жаңалық ретінде бағалапты. Газеттің бірінші бетінде жарық көрген Мұхаметжан Әділовтың мақаласында Жармахан Тұяқбайдың Демократиялық Күштердің Үйлестіру кеңесінің мүшелігіне кірерден бұрын, Қытайда емделіп жатқан құдасы Нұрлан Балғымбаевқа барып, ақылдасқандығы туралы ақпардың бар екендігі айтылыпты. Сондай-ақ мақалада бейресми ақпарат бұлақтарында Жармахан Тұяқбайға шейін экс-премьер Нұрлан Балғымбаевқа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құдасы Асқар Құлыбаевтың барғандығы туралы деректің жарияланғандығы хабарланыпты.

“Начнем с понедельника” апталығы болса, көптеген сарапшылардың бүгінгі қалыптасқан жағдайда Демократиялық күштерден Президенттікке үміткер ретінде экс-спикер Жармахан Тұяқбайдың ұсынылғанын жөн санап отырғандығына тоқталыпты.

“Панорама” апталығы экс-спикер Жармахан Тұяқбайдың Қазақстандағы Демократиялық Күштердің Үйлестіру Кеңесінің мүшесіне кіргенімен, ешбір партияға мүше болмай отырғандығына баса назар аударыпты.
XS
SM
MD
LG