Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11- 27 - 2004


Тәуелсіз басылымдардың бетінде “Қазақгейт” тақырыбы сөз болып, бұл мәселеде жаңа деректердің ашылғандығы айтылыпты. Кейбір оппозициялық бағытты ұстанатын басылымдар, бұл іспен айналысып жатқан Швейцариядағы тергеу орындарының Машкевич-Шодиев басқаратын “Еуразиялық өндіріс тобының” Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есеп-шотына 5 миллион доллар ақша аударғандығын анықтағандығын хабарлапты.

Оппозициялық бағытты ұстанатын “Жұма таймс немесе Дата недели” апталығының бірінші бетінде жарық көрген мақалада “Қазақгейт” оқиғасында жаңа деректердің табылып жатқандығы туралы Батыс басылымдарынан алынған мақалалар жарық көріпті. Газетте келтірілген деректерге жүгінсек, “Қазақгейт” оқиғасына Машкевич пен Шодиев тобының да қатысы бар екендігі анықталған. Осы іспен айналысып жатқан Швейцариядағы тергеу орындарының мәліметіне сүйенсек, Мешкевич-Шодиев басқаратын “Еуразиялық өндіріс тобы” Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есеп-шотына 5 миллион доллар ақша аударған. Мақалада сондай-ақ Джеймс Гиффенге байланысты сот процесіндегі айыптау қорытындысында Нью-Йорктағы құқық қорғау орындарынан, Нүрсұлтан Назарбаев пен оның отбасының 86 млн 834 мың доллар көлемінде пара алғандығы туралы мәліметтің бар екендігі айтылыпты.

“Республика” басылымында ұйымдастырылған дөңгелек үстелге қатысушылар заңгер Евгений Жовтис, саясаттанушы Нұрболат Масанов пен журналис Сергей Дуванов та “Қазақгейт” тақырыбына қатысты өз ойларын ортаға салыпты. Журналист Сергей Дувановтың айтуынша, Заманбек Нұрқаділов, Алтынбек Сәрсенбаев немесе Жармахан Тұяқбай секілді Президенттің командасында болған шенеуніктердің аяқ астынан оппозиция қатарынан шығуының басты себебінің бірі “Қазақгейт” оқиғасына байланысты болуы ықтимал. Саясаттанушы Нұрболат Масановтың пікірінше, ресми биліктің сайлау нәтижелерін өрескел бұрмалап, тек қана Нұрсұлтан Назарбаевтың жақтастарын Парламентке өткізуі немесе Мәжілістің ескі құрамын мерзімінен бұрын таратып жіберуі секілді оқиғалар “Қазақейт” 2005 жылдың қаңтар айында Америка Құрама Штатында өтетін сот процесімен тығыз байланысты. Нұрболат Масанов “Қазақгейт” оқиғасына қатысты Қазақстанда мерзімінен бұрын президенттік сайлау өтуі ықтимал деп есептейді. Заңгер Евгений Жовтистің айтуына қарағанда, елдің басшысына бедел керек болғандықтан “Қазақгейт” мәселесі маңызды фактор болып табылады.

Ресейлік ғалым Владимир Моисеев “Сөз” газетіне берген сұхбатында “Қазақгейт” туралы дау-дамай туындаған кезеңде Назарбаев режимі тарапынан американдықтарға, бұл жанжалды басудың қайтарымы ретінде олардың әскери базасының орналасуына қол ұшын беру және Қазақстандағы американдық капиталдың кеңеюіне жол ашу туралы ұсыныс жасау әрекетінің болғандығын тілге тиек етіпті.

“Эпоха” басылымына берген сұхбатында ақын Олжас Сүлейменов Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бір рет әңгімелескен кезінде оның шет елдердегі есеп-шоты туралы сауал қойғандығын әңгімелеп беріпті. Олжас Сүлейменовтың айтуынша, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, онымен әңгімелескен кезінде, шын мәнісінде шет елдегі банктерде басылымдар жазып жатқаннан да көп есеп-шоттардың ашылғандығынан, алайда олардың барлығының да біткендігін және жабылғандығынан хабардар еткен. Нұрсұлтан Назарбаев ақын Олжас Сүлейменовке айтқан әңгімесінде ол есеп-шоттардағы мол қаржы көзінің “Астана” қаласын салуға кеткендігін сөз қылған. Газет тілшісіне берген сұхбатында ақын Олжас Сүлейменов Мемлекет басшысынан бұл мәселеге байланысты шындықты айтып беруін, өйткені дау-дамай туғызып жатқан “гейт” туралы әңгіменің бүкіл елдің де абыройына нұқсан келтіріп жатқандығын айтып өтініш жасағандығын да тілге тиек етіпті.

“Ақ жол Қазақстан” басылымында жарық көрген “Қазақстан қалай сатылды?” атты мақалада Қазақстандағы көптеген әрі олигархтардың артында Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасының тұрғандығы айтылыпты. Мақала авторының айтуынша, “Қазақмыс-Самсунг” тобын сырт көз “Отбасы мен корей бизнесінің тобы” деп атайды екен. Мақала авторы мұның себебін “Қазақмыс” директорлар кеңесінің мүшесі Владимир Нидің Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың талай жылдан бері келе жатқан көмекшісі, оның 90 жылдардан бері қарай Оңтүстік Корей бизнесімен байланысын орнатқан адамы екендігімен түсіндіріпті. Мақалада сондай-ақ “Қазақмыс” директорлар кеңесінің төрағасы Владимир Кимнің 90 жылдардан бастап, Назарбаевтың екінші күйеу баласы – Тимур Құлыбаевпен бірге қоян-қолтық жұмыс істеп келе жатқандығы туралы дерек мысалға келтіріліпті. “Отбасының қанатының астында бизнесін өркендеткен “Қазақмыс” үкіметпен де белсенді араласып, оның мүшелеріне де сыбаға таратып отырады” дейді мақала авторы. Мақала авторының айтуынша, 2000 жылдың қараша айында бұрынғы бірінші вице-премьер Александр Павлов артынан осы корпарацияның басқарамасы төрағасының орынбасары болып шыға келген.
XS
SM
MD
LG