Accessibility links

Қазақстан сотымен Австралия азаматы Нұрполат Абдулла 15 жылға сотталған


Қазақстанның ақпарат кеңістігінде Автралияның азаматы Нұрполат Абдулла дегеннің осыдан бірнеше жыл бұрын сотталғаны, бүгінгі таңда оның тағдырына Австралия Үкіметінің алаңдаушылық білдіріп отырғандығы туралы хабар таратылуда.

Мысалы, «Навигатор» интернет- газетінде жарық көрген «Канберра призывает Қазахстан помиловать автралийского террориста» деген мақалада Австралия ресми органдарының Қытайда туып өскен этникалық ұйғыр, Австралия азаматтығын алғанына шамамен 20 жыл болған Нұрполат Абдулланы террорлық әрекеттер жасауға әркеттенді деген айыппен Қазақстан соты нақақтан соттады деп күмәнданатындығы, оған рақымшылық берілуін сұрап отырғаны айтылады.

Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметкері Мұхтар Кәрібайдың айтуынша, Қазақстан Республикасына Австралия мемлекеті тарапынан Абдулла Нұрполатты босату туралы ешқандай ресми сұрау болмаған.

Ал, Қазақстан Респбуликасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің «Азаттық» радиосына берген жазбаша жауабында Абдулла Нұрполаттың 1970 жылы туылғаны.

2001 жылдың 19-шы қазанында Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының «Шығыс Түркістан ислам партиясының» мүшелеріне қатысты қылмыстық істі қарап, онда Абдулла Нұрполатқа Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 235 бабының 2 бөлігі, 233 бабының «а», «б» тармақтары, 251 бабының 3 бөлігі және 363 бап бойынша айып тағылғаны айтылады.

Аталған баспасөз қызметінің мәліметінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қалалық Департаменті 2000 жылдың қазан айында жедел-іздестіру шараларын өткізу кезінде «Шығыс Түркістан ислам партиясының» мүшелерімен бірге ұстаған Абдулла Нұрполатты тергеу барысында, оның лаңкестік жасамақ болған пиғылы толығымен дәлелденді. Сонымен қатар, Нұрполат Абдулланың Алматы қаласында уақытша тұрып жатқан мекен-жайын тінту барысында РГД-5 әскери запалы бар екі граната табылды деп айтылады. Абдулла Нұрполатқа қатысты сот оның дүние-мүлкін тәркілеп, 15 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды деп көрсетіледі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз ақпаратында.

Ал, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Қылмыстық атқару жүйесі комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Австралия азаматы Нұрполат Абдулла 2001 жылдың 19-шы қазанында Алматы қаласының Алмалы аудандық сотымен қатаң тәртіптегі түзету колониясында өтеу жазасымен 15 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған. Қылмыстық атқару жүйесі комитеті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, сотталған Нұрполат Абдулла қазіргі уақытта Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Қарағанды облысы бойынша басқармасының АК-159/7 түзеу мекемесінде жазасын өтеуде.
XS
SM
MD
LG