Accessibility links

“Отан” партиясы ғимаратының алдындағы жарылысты шынымен терроршылар жасады ма?


Қазақстанның оңтүстік астанасы - Алматы қаласында президент Н.Назарбаев бастаған “Отан” партиясының қалалық филиалы орналасқан ғимаратта жексенбi күні қуатты 2 жарылыс болды. “Рейтер” агенттігі мен төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің аты-жөнін атамаған өкілі хабарлағандай, араға 5 минут салып бірінен соң бірі болған 2 жарылыстың бірі ғимараттың ішінде, екіншісі сыртынан шыққан көрінеді. Әзірше одан басқа мәлімет жоқ. Баспасөз агенттіктерінің хабарлауынша, жарылыс шыққан ғимаратты полиция мен өрт сөндеруші және медициналық жедел жәрдем көліктері қоршап алды.

Таңертеңгі сағат он кезінде Абылай хан даңғылы мен Әйтеке би көшесінің қиылысында орын тепкен «Отан» партиясының Алматы қалалалық ғимаратының алдына барғанымызда жұмысшылар жарылыстан сынған әйнектер мен қоқысты тазалап жатыр екен.

«Отан» партиясы ғимаратының Әйтеке би көшесіне қараған оң жақ қапталында жарылыстың қатты болғандығы көзге ұрып тұрды. Бұл жердегі ғимаратқа жақын орналасқан жарылыстан быт-шыты шыққан телефонмен байланысатын кабина алынып тасталынып, оның үңірейген орны ғана қалыпты. Ғимараттың ішіне ешкімді кіргізбегендіктен, мекемеде істейтін қызметкерлерді әңгімеге тартудың мүмкіншілік болған жоқ. Алайда ғимарат алдына шыққан «Отан» партиясы саяси кеңесінің мүшесі Қазбек Қазкенов «Азаттық» радиосына берген сұхбатында, жарылыстың күшті болғандығы сондай, тіпті, екінші қабаттағы менің бөлмемнің терезелеріне шейін сынды дегенді айтты.

«Отан» партиясы саяси кеңесінің мүшесі Қазбек Қазбеков «Азаттық» радиосына берген сұхбатында әзірше бір қорытынды жасаудың ерте екендігін де тілге тиек етті.

Біз осы мәселеге байланысты Абылай хан даңғылы мен Әйтеке би көшесінің қиылысына жақын орналасқан мекемелерге бас сұғып, «жарылыс болғанын естідіңіздер ма?» деген сауал қойдық. Алдымен біз аталмыш ғимаратқа ең жақын орналасқан, аялдаманың қасында орын тепкен дүңгіршекке бас сұқтық. Бұл дүңгіршекте істейтін саудагерлер, қатты жарылыстың болғандығын естігендерін айтып берді.

Ал, осы ғимаратқа жақын жерде орналасқан тағы бір дүңгіршекте істейтін Ақмарал есімді сатушы қыз жарылыс болғаннан кейін, оларға форма киген құқық қорғау орнының адамының келіп, аса қатты алаңдамауларын айтып, өтініш білдіргендігінен хабардар етті.

Тұратын мекен-жайы Алматы қалалық «Отан» партиясы ғимаратынан бір шақырымдай қашықтықта орналасқан, Катерина есімді әйел, Пастер мен Чайковский көшесінде тұрса да қатты жарылыстың болғандығын естігендігін әңгімелеп берді.

Тұратын үйі ғимаратқа жақын жерде орналасқан, Светлана есімді әйел үйінің артында қатты жарылыстың болғандығын естігендігін, алайда, терезесінен көшеде көліктердің жүріп жатқандығын көріп, оған аса мән бермегендігін тілге тиек етті.

«Отан» партиясы ғимаратының алдында, болған оқиғаны көруге келген бірнеше адамдар да жүр екен.

Біз осы ғимараттың жанында жұретін азаматтарды әңгімеге тарту барысында, олардың бұл мәселеге байланысты әр түрлі көзқарасының бар екендігін аңғардық. Мысалы осы жерде ылғи да адам тасып ақша табатын, Александр есімді азамат бұл жарылыс әдейі ұйымдастырылғанға ұқсайды деген пікірін білдірді.

«Мен өзім кезінде әскери офицер болғанмын. Сондықтан да бұл жарылысты кәсіби мамандардың ұйымдастырмағаны бірден көзге ұрып тұр. Тәжірибелі маманға бұл жарылыстың әдейі көрсету үшін жасалғаны аңғарылады. Оның түрлі себебі бар. Біріншіден жарылыс адам жүрмейтін уақытта, яғни 6,30 шамасында орын алған. Ал, шын мәнісіндегі терроршылар керісінше, жарылысты адам көп жүретін кезде жасауға тырысады» деді Александр есімді осы ғимараттың алдында адамдарды тасып, ақша табатын жүргізуші. Сондай-ақ Александр есімді жүргізуші бұл ғимараттың алдында аса көп адамдардың жүрмейтіндігін және ылғи да мекеменің алдында ғимарат күзетшілерінің жүретіндігін де тілге тиек етті.

Жексенбі күні «Азаттық» радиосынан жарылыс кезінде жарақат алған Стамбеков Азамат есімді жиырма жасар жігіттің қалалық жетінші нейрохирургиялық ауруханаға түскені хабарланған болатын. Біз Стамбеков Азаматтың жағдайын білу үшін, дүйсенбі күні тағы да қалалық жетінші нейрохирургиялық ауруханаға хабарластық Телефон тұтқасын көтерген кезекші дәрігер оның үшінші нейрохиругия бөлімінде жатқандығынан хабардар етті. Біз үшінші нейрохирургия бөліміне бірнеше рет телефон шалғанымызбен, ешкім де телефон тұтқасын көтермей қойды.
XS
SM
MD
LG