Accessibility links

Ақтау қаласындағы 8 ай бойы жалақы алмаған химия зауытының жұмысшылары аштық жариялайтын ғимарат таба алмай отыр

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Ақтау қаласындағы химия зауытының жұмысшылары 8 ай бойы жалақы алмағандарына наразылық танытып, дүйсенбі, қарашаның 29-ы күні аштық жариялауға бел буып отырғандары жайында «Азаттық» радиосы бұған дейінгі хабарларында айтқан болатын. Осы акцияға қатысушы топтың белсендісі, ұзақ жылдар тыңайтқыш өндіретін зауытта жұмыс істеген Марина Мазурова дүйсенбі күні «Азаттық» радиосының тілшілеріне: «бұған дейін келісіп қойған пәтер иесі дәл аштық жариялайтын күні бізге пәтерін жалға беруден бас тартты. Қазір осы наразылық акциясын өткізетін басқа ғимарат іздеп жатырмыз» деп хабарлады.

Маңғыстау облыстық тәуелсіз кәсіподақтар одағының төрағасы Мұхтар Үмбетовтың айтуынша, аштық жариялау үшін әкімшіліктен рұқсат алу қажет. «Ондай акцияға әкімшілік міндетті түрде рұқсат бермейді. Сондықтан біз пәтер жалдаған болатынбыз. Белгісіз себептермен пәтер иесі бізге пәтерін жалға беруден бас тартып, қазір аштық жариялау үшін басқа ғимарат іздеп жатырмыз» дейді Мұхтар Үмбетов:

- Әкімшіліктен рұқсат ала алмайтындарын білген жұмысшылар аштықты жалдамалы пәтерде жарияламақ болған. Қазір үй иесі бізге пәтерін беруден бас тартып отыр. Біз қазір осы мәселені шешуге күш салып жатырмыз.

Ал Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Сақып Керубаев болса, зауыт жұмысшыларының мәселесін шешуде облыс әкімшілігі дәрменсіздік танытып отырғанын айтады:

- Аштық жариялауға рұқсат берудің қажеті жоқ. Ең алдымен сол мәселені аштық жариялауға жеткізбейтін дәрежеде шешуге жұмыс істеуіміз керек қой. Бұл негізінде сол зауыттың проблемасы. Облыстық әкімшіліктің күші жетпейтін мәселелер бар. Мысалы: олардың қожайындары Қазақстаннан тыс жерде жүр. Және ол кәсіпорын бір қолдан екінші қолға бірнеше рет сатылды. Әуелі Ресейліктер алды. Ақыр аяғы міне осылай болып отыр. Мұндай жағдай экономика төмен болған 6-7 жыл бұрын барлық облыста болды ғой. Соның бәрі бірте-бірте шешілді. Қазір осы бізде 2-3 мекеме қалды. Соның біреуі – осы химия зауыты.

Ал аштық жариялау акциясына қатысуға бел буған Ақтау қаласындағы химия зауытының жұмысшысы Марина Мазурова: «біз бәрібір алған бетімізден танбаймыз» деп отыр:

- Біз бұл акцияны қандай жолмен болсын ұйымдастырамыз. Алдағы уақытта ешкім өз ұстанымынан бас тартпайды.

Оның айтуынша, бұлардың аштық жариялау үшін қандай да бір кеңсе ғимаратын жалға алатын жағдайлары жоқ, сондықтан пәтер іздеуге мәжбүр болып отыр екен:

- Анығында, аштық жариялау үшін пәтерін жалға беру де тәуекелі мол жұмыс. Ал кеңсе ғимараттарын жалға алуға біздің ақшамыз жоқ. Онсыз да 8 ай бойы жалақы алған жоқпыз.

Маңғыстау облысының бас еңбек инспекторы Жәнібек Қоспанов бүгінде 8 ай бойы жалақы алмаған зауыт жұмысшыларының мәселесімен прокуратура қызметкерлері айналысып жатыр дегенді айтты:

- Біз бұл мәселеге қатысты құжаттардың барлығын үш жақты комиссияға, прокуратураға жібергенбіз. Одан кейін тексеріс болғаннан соң, әкімнің атынан Үкіметке хат жаздық. Қазір сол құжаттардың негізінде Үкімет жанынан арнайы комиссия құрылуда. Өйткені, бұл өте күрделі проблема. Ақша жоқ болса біз не істей аламыз?.. Біз өзіміздің қолымыздан келетін нәрсенің бәрін заң бойынша жүзеге асырғанбыз. Тіпті қылмыстық істер жөніндегі прокуратура қызметкерлерін де осы мәселеден хабардар еттік.

Маңғыстау облыстық прокуратурасының басқарма бастығы Марат Тойжанның айтуынша, бұл мәселені тек сот арқылы шешуге болады:

- Бұл үшін қылмыстық жауапкершілік көрсетілген. Бірақ, кінәлі азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тарту өте қиын. Ол үшін жаңағы ақшасы бола тұра, жалақы бермей қойды ма, осы мәселенің басын ашып алу қажет. Әзірге ондай деректер анықталған жоқ. Біздің қолымыздан келетіні, қаржы полициясына тапсырма бердік. Олар зауыттың есеп-шотында ақша болды ма, болса қандай мақсатта жұмсалды деген сауалдарды тексереді. Сосын барып қана шешім қабылдауға болады.

Естеріңізге сала кетсек, 1 мың 200-ге тарта зауыт жұмысшысының 8 ай бойы алмаған жалақылары 500 миллион теңгеден асып кеткен. Зауыт жұмысшысы Марина Мазурова дүйсенбі күні 5 адам аштық жариялайтынын хабарлаған болатын. Оның айтуынша, бұл құрамның алдағы уақытта көбейе түсуі әбден мүмкін.
XS
SM
MD
LG