Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11-30-2004

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Жексенбі күні кешке, “Отан” партиясы ғимаратының сыртында орын алған екі бірдей жарылысқа мерзімді басылымдар айрықша назар аударыпты. “Отан” партиясының кейбір басшылары мұны партияның қарсыластары жасауы мүмкін десе, құқық қорғау орындарының болжамы бойынша бұл жарылысты бұзақылар ұйымдастыруы ықтимал.

“Айқын” басылымының сейсенбі күнгі санында жарық көрген “Отанның ғимаратын жарған кім?” атты Ораз Әлімбековтың мақаласында бұл қастандық әрекетті партияның қарсыластары ұйымдастыруы ықтимал деген болжам жасалыныпты. Мақала авторының айуынша, “Отан” партиясы төрағасының орынбасары Амангелді Ермегияев бұл қылмыстық топтардың есеп айырысуы болуы мүмкін деген пікірмен келіспей отыр. Амангелді Ермегияевтың пікірінше жарылыс болған жерде “казино”, коммерциялық және бизнес құрылымдарының кеңсесі жоқ болғандықтан, бұл тек “Отанға” қарсы бағытталған жарылыс қана болуы ықтимал.

Партиялық тізіммен Мәжіліс депутаты атанған Тәңірберген Бердіоңғаров “Интерфакс Қазақстан” тілшісіне берген сұхбатында бұл пікірді нақтылай түсіпті. Мәжіліс депутаты Тәңірберген Бердіоңғаров бүгінгі таңда елдегі күштерді тұрақасыздандырғысы келетін күштер бар деп санайды. Сондай-ақ мәжіліс депутаты Тәңірберген Бердіоңғаров “Интерфакс Қазақстан” тілшісіне берген сұхбатында бұл жарылысты сайлаудың нәтижесіне қанағаттанбағандар жасауы ықтимал деген ойын білдіріпті. Жарылысты жасаған “Отан” партиясының саяси оппоненнтері болуы ықтимал деген пікірді Қазақ радиосына берген сұхбатында мәжіліс депутаты Серік Әбдірахманов та айтыпты.

“Известия” газетінің “Қазақстан” қосымшасы жексенбі күні кешке “Отан” партиясының ғимаратында екі жарылыс болғандығын хабарлапты. . Алғашқы жарылыс телефон шалатын бөлменің ішінде болған, ал екіншісі 1 қабаттағы терезенің алдында орын алған. Мақала авторының айтуынша бұл оқиғаны тексеруді Мемлекет басшысының өзі қолға алыпты. Мұндай оқиға қайталанбас үшін Алматы полициясы қалалық, аудандық, әкімшіліктер мен мекемелердің кеңселерін қатаң бақылауға алыпты. Газетте келтірілген дерекке жүгінсек, құқық қорғау орындары мұны терроршылар жасады деген болжамды бірден жоққа шығарыпты. Өйткені олар келтірілген шығынның көлемі мұны тероршылдық әрекетке жатқызуға келмейді дегенді айтып отыр.

“Экспресс К” басылымы бұл істі тергеумен дәл қазіргі уақытта Алматы қалалық ішкі істер басқармасының айналысып жатқандығын хабарлапты. Мақала авторының айтуынша, “Отан” партиясының басшылары осы оқиғаға байланысты бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен жүздескен кезде, оларға журналистер тарапынан “билік мыстан кемпір аулауға” аңшылықты бастау үшін , Украиндағы сайлаудан кейін Қазақстан Президентіне қатысты сындар да күшейе түсетіндігінен сескеніп, бұл жарылысты өздері әдейі ұйымдастырған жоқ па? деген сыңайдағы сауалдар да қойылыпты. Бұл қойылған сауалға “Отан” партиясы басшыларының бірі Александр Павлов “Нұрсұлтан Назарбаев позициясының мықтылығы және оның саясатын қолдайтын қазақстандықтардың көптігі соншама, тіпті келе жатқан президенттік сайлаудың алдында билік мұны өзі ұйымдастырып отыр деген пікірдің мүлде қисыны жоқ” деп жауап қайтарыпты.

“Жас алаш” басылымында жарық көрген Ерік Рахымның мақаласында бұл оқиғаға қатысты Алматы қалалық Ішкі Істер басқармасы қызметкерлерінен жасақталған жедел тергеу тобының құрылғандығы хабарланыпты. Сарапшылар жарылғышқа басқа да қосымша зиянды заттардың толтырылмағанын және қабықшасының жоқ екендігін анықтаған. Газет тілшісінің айтуынша, бұл жарылыстарға оппозицияның қатысы болуы мүмкін емес. Мақала авторы керісінше, бұл жарылысты зардап шеккендердің өздері ұйымдастырған болуы мүмкін екендігі туралы болжамның күшті екендігін тілге тиек етіпті. Мақалада сондай-ақ басқа жақта билікке мемлекет басшысына қастандық жасалып жатыр дегенге адам сенетіндей себеп болса да, Қазақстанда ондай себептің жоқ екендігі айтылыпты.

“Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасы Алматы қаласының қақ төрінде орын алған екі бірдей жарылысты тергеу жұмысын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бақылауға алғандығына айрықша назар аударыпты. Сондай-ақ мақалада дүйсенбі күні жарылыс орын алған ғимаратты қалпына келтіру жұмыстарының басталғандығы айтылыпты. Алматы қалалық ішкі істер басқармасының бастығы Молдияр Оразалиевтың айтуынша, негізгі болжам бойынша бұл жарылысты бұзақылардың әрекеті ретінде бағалауға болады. Молдияр Оразалиевтің пікірінше бұл ғимараттың жанында бірнеше коммерциялық мекеме орналасқан, сол себептен де бұл оқиға қылмысты топтардың өзара есеп-айырысуының нәтижесі болуы да ықтимал. Мақалада сондай-ақ бұл істі тергеу үшін Алматы қаласына Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Зауытбек Тұрысбеков ұшып келгендігі хабарланыпты.

“Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасының хабарлауынша, қырық саяси қоғамдық ұйымдар “Отан” партиясына қолдау білдіріп, өз мәлімдемелерін жіберіпті. Олардың ішінде “Ақ жол”, “Қазақстанның демократиялық таңдауы” және “Руханиат” партиялары да бар көрінеді.
XS
SM
MD
LG