Accessibility links

Қырғызстандағы адам құқын қорғаушы Т.Ақұн қайда жоғалды?


Қырғызстандағы адам құқықтары бойыша халықаралық Бюроның жетекшісі әрі саяси қайраткер Тұрсынбек Ақұн (Ақұнов) міне осымен 3 апта бойы хабар-ошарсыз жоғалды. Өзінің әйелі Ғалия Жапароваға Ұлттық қауіпсіздік қызметі (ҰҚҚ) өкілдерінің өзімен кездескісі келгенін ескертіп, Тұрсынбек мырза 16 қараша күні сейсенбіде үйінен шығып кетеді. Сол күннен бері оның не отбасы, не жақын жора-жолдастары, не болмаса саяси үзеңгілестері Тұрсынбек Ақұнның жоғалуына елдің Ұлттық қауіпсіздік қызметін айыпты деп есептеп келеді. Өз кезегінде қауіпсіздік қызметі Т.Ақұнның жоғалуына ешқандай қатысы жоқтығын және оның жоғалуына ҰҚҚ-нің мүдделі еместігін мәлімдеумен келеді.

Штаб-пәтері Ирландияда орналасқан халықаралық “Майдан шебі” немесе Front Line ұйымы және онымен қарама-қатар “Бостандық үйі” немесе “Freedom House” халықаралық құрылымы жүргізген тәуелсіз тергеулерінің нәтижесінде, Қырғызстандағы адам құқын қорғау Бюросының жетекшісі әрі Халықтық-патриоттық қозғалыстың лидері Тұрсынбек Ақұн Украинадағы кезекті президент сайлауының барысын бақылау үшін Киевке 17 қараша күні ұшпақ болғаны мәлім болды. Оның ұшаққа отыратын билеті мен паспорты пәтерінде қалған. Ал өзі 16 қараша күні ҰҚҚ-і өкілдерімен кездесуге кетіп, содан хабар ошарсыз жоғалды. Қырғызстанның Демократиялық қозғалысының жетекшісі Жапар Жекшеев елдегі саяси биліктің өткір сыншысы болып танылған Тұрсынбек Ақұнның жоғалуына ресми биліктің қатысы бар деп күдіктенеді.

“Т.Ақұновты ұрлап алып кету ресми билік үшін үйреншікті іс. Ұлттық қауіпсіздік қызметі ондайамал-тісілді 10 жылдан бері қолданып келеді”. ҰҚҚ-інің өкілі Шынар Асанова қауіпсіздік қызметінің адам құқын қорғаушы Т.Ақұнның жоғалуына тиіп-қашты қатысы жоқ деп мәлімдейді.

“Адам құқын қорғаушы Тұрсынбек Ақұновтың жоғалуымен өзінің ешқандай байланысы жоқтығын ҰҚҚ-і ресми түрде мәлімдейді”.

Жоғарыда айтылғандай, Т.Ақұн өз әйелін ҰҚҚ-інің өкілдері өзімен қаланың орталығында кездескісі келетінін ескертіп, Бішкектегі үйінен 16-ыншы қарашада шығып кеткен. Оған бір туысы серік болып кеткен. Кейін әлгі туысы екеуінің қала орталығына барғанын растады. Бірақ, оның айтуынша, ол арқасына бір сәтке қарап, басын кейін бұрғанында жанында келе жатқан Т.Ақұн ғайып болған. Ішкі істер министрлігінің өкілі Жолдошбек Бұсырманқұловтың мәлімдеуінше, бірде бір мемлекеттік мекеменің немесе құқық қорғаушы агенттіктің Т.Ақұновты ұстауына ешқандай себеп жоқ.

"Ешқандай мемлекеттік мекеме немесе құқық қорғайтын агенттік Т.Ақұнның атқаратын істеріне жұмысы жоқ. Дәл қазір не ішкі істер министрлігі, не ҰҚҚ-і оны қамап ұстап отырған жоқ”.

Алайда, Т.Ақұнның үзеңгілестері ресми билік өкілдерінің бұл ант-су ішкен сөздеріне онша сенбейді. Адам құқын табанды түрде қорғаушы ретінде Т.Ақұн түрлі шерулер ұйымдастырғаны үшін талай рет ұсталды. Ресми биліктің өкілдері оны бұқара халықты дүрліктірді, елдегі ел тыныштығын бұзды деп айыптады. Басқа бір шенеунек кезінде, тіпті, “Тұрсынбек Ақұн қайда барса, сонда қан төгіледі”, -деп те айыптады.

Өзінің хабар-ошарсыз жоғалуы қарсаңында Т.Ақұн 2002 жылдың 14 тамызында құрылған “А.Ақаевтың биліктен кетуі үшін – халыққа реформалар” атаулы қоғамдық-саяси қозғалыстың атынан қол жинауға белсенді атсалысып жүрді. Т.Ақұн бастаған Халықтық-партиоттық қозғалыстың өкілі Нұрлан Мотуевтың мәлімдеуінше, Т.Ақұнды ұрлап алып кетуге оның қол жинау науқаны себеп болған. Н.М.: "Біздің білуімізше, оны арнайы қызмет өкілдері ұрлап алып кетті. Өйткені, біздің қозғалыс А.Ақаевты президенттік тақта отыратын мерзімінен бұрын биліктен кетіру үшін қол жинауға кірісті. Күн сайын біз 1-2 мың дауыстан жинап келдік. Қол жинау науқаны соңына тақап қалған болатын. Олар, яғни ресми билік, міне содан қатты сескеніп, Т.Ақұнды ұрлап алып кетті". Оған қоса, “Халықаралық төзімділік үшін” (Foundation for Tolerance International) Қоғамдық қоры өзінің бір жобасы бойынша жұмыс тобында қызмет істейтін Әзиза Әбдірасулованы да ішкі істер министрлігі өкілдерінің ұрлап алып кетпек болғанын мәлімдеді.

Аталмыш қор өкілдерінің 29 қарашада ұйымдастырған баспасөз-маслихатында берген мәліметтеріне қарағанда, Бішкек қалалық ішкі істер басқармасының 2 қызметкері қаланың қақ ортасында тапа-тал түсте Әзизаны күштеп басқармаға алып кетпек болған. Әзиза Орталық әмбебап дүкені жанында орналасқан “Freedom House” ұйымының кеңсесіне қашып кіріп құтылған. Бірақ кеңседе отырған 2 сағаттың ішінде оған ішкі істер басқармасының өкілдері 4 рет телефон соғып, кездесуге шақырған. Әзизаның пікірінше, құқық сақшылары Тұрсынбек Ақұновты да осылай телефон арқылы, кездесуге шақырып, күштеп алып кеткен болса керек.

Ал Т.Ақұнның Қырғызстандағы ақпан айында өтетін кезекті парламент сайлауына 3 ай қалған кезде аяқ астынан жоғалуы елдегі ахуалды одан бетер ушықтыруы әбден мүмкін. Оның хабар-ошарысыз жоғалуын елдегі саяси оппозицияың сайлау науқанындағы ең өзекті мәселесіне айналуы да ықтимал. Қырғыз елі бұған дейінгі президент және парламент сайлаулары қарсаңында да талай жаппай наразылық шеру мен митингілерді бастан кешті. Бірақ бұл жолғы жаппай наразылық шерулері мен толқулар, бұған дейін Грузияның, ал соңғы кезде Украинаның тәжірибесі айқын көрсетіп отырғандай, Қырғызстанның қазіргі ресми билігін ауыр жағдайға душар етуі де ғажап емес.
XS
SM
MD
LG