Accessibility links

Саяси сарапшылар Қазақстанда экстремизм мәселелерімен күресу ісі әлі нақты қолға алынбай отыр деп санайды


Қазақстан Республикасының Әділет миинистрлігі тіркеу комитетінің төрағасы Мейрамбек Таймерденов Қазақстан Парламентінің қарауына жіберілген екі жаңа заң жобасында, Қазақстанда экстремизм мәселелерімен айналысатын арнайы мемелекеттік мекеме құру қарастылған дейді.

-

Бұл жеке бір мемлекеттік орган болады. Оған экстремизм мәселелеріне қатысты барлық құқықтар мен пәрмендер беріледі деп ойлаймын.

Қазақстанның Әділет миинистрлігі тіркеу комитетінің төрағасы МейрамбекТаймерденовтың айтуынша, қазір Қазақстанда ресми түрде 1360 діни ұйым тіркеліп жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта арнаулы құрылатын мемлекеттік мекеме діни ұйымдарды тіркеу тәртібін және арнаулы діни орындары жоқ деп саналатын секталардың қызметін қадағалауды күшейтетін болады - дейді Әділет миинистрлігі тіркеу комитетінің төрағасы Мейрамбек Таймерденов .

-

Кришнаидтер, баптистер дейді… осындай секталар әділет орындарында тіркелмеген. Бұл секталар немен айналысып жатқанын, қандай діни уағыздар жүргізіп жатқандығы бізге белгісіз.

Алматы қаласындағы “Кришнаны тану қоғамының” өкілі Читанья Чандра Чарандас өзі мүше ұйымның сондай санаттағы діни ұйымдарға жатқызу дұрыс емес дейді.

- Егер алдағы уақытта мұндай қадамдар жасалатын болса, бұл діни сана, қоғамдық пікір қала берді заң тұрғысынан алғанда дұрыс қадам болмайды деп санаймын.

“Тәуекелдерді бағалау тобының” жетекшісі саясаттанушы Досым Сәтпаев Қазақстанның билік орындары мен құқық қорғау органдарының жұмысы нақты қауіп төндіріп отырған экстремистік ұйымдармен күресудің орнына, осылайша түрлі діни ұйымдардың қызметіне араласумен ғана шектеліп отыр деп санайды.

-

Діни экстремизммен күресу үшін алдымен діни ұйымдарды олардың пиғылдарына қарай жіктеп алу керек. “Кришнаны тану қоғамы” секілді діни ұйымдар ешқашан өздерінің мақсаттарына жетер жол ретінде экстремистік әрекеттерді негіз етіп алмаған. Сондықтан ең алдымен өз жарғыларында экстремистік ойларды ұран етіп алған ұйымдармен жұмыс жүргізу қажет.

Бұл орайда саясаттанушы Досым Сәтпаев Қазақстанның әсіресе оңтүстік аймақтарында әрекет ететін “Хизбут тахрир” секілді діни ұйымдардың қызметін тілге тиек етеді.

- Қазір Қазақстанның құқық қорғау ұйымдарының назарын аударып отырған “Хизбут тахрир” 90-шы жылдардың ортасынан бастап-ақ, өздерінің Қазақстандағы іс-қимылдарының жоспарын жасап алған болатын. Оның бәрі кезеңдерге бөлінген. Алдағы кезеңде олар Қазақстанда өз қатарына 20 мың адамды қосып, сол арқылы саяси күш құруды ойластырып қойған. Өз әрекеттерін Қазақстанның оңтүстік аймақтарынан бастаған олардың жасырын ұялары елдің барлық аймақтарына тарап кетті.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат жөніндегі бас сарапшысы Камал Бұрханов Орталық Азияда “Ислам Халифатын” құруға әрекеттеніп жатқандардың ісі негізсіз, дегнмен олардың қызметі аймақтағы мемлекеттердің тәуелсіздігіне қауіп төндіреді және бұл орайда олар, халықпен тікелей қарым-қатынас орнату әдісі арқылы біршама жетістіктерге жетуі мүмкін дейді.

-

Қазір мына “Хизбут тахрир” деген ұйым туралы жиі айтылып жатыр. Бұлардың экстремистік пиғылы біздің мемлекетке қарсы. Олардың ұрандарына қарасаңыз осы мемлекеттердің бәрі жойылуы керек,оның орнына біз “ Ислам Халифатын” құрамыз дейді. Олармен тек полиция ғана айналыспауы керек. Біз бәріміз мектептерде, университеттерде, халықтың арасында осыған қарсы насихат жүргізуіміз қажет. Экстремистер халықтың арасында жұмыс істейді, біз болсақ, қағазбен жұмыс істейміз.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев экстремизм мен террорға қарсы күрес саласында істейтін мамандардың 65 пайызы Қазақстанда алдағы 5 жылдың ішінде террорлық әрекеттердің жандануы мүмкін деп санайды деген мәлімет келтіріп отыр. Бұл Досым Сәтпаевтың ойынша, Қазақстанда діни және саяси жікшілдіктің террорлық істерге ұласып кету мүмкіндігінің бар екендігін дәлелдей түседі.
XS
SM
MD
LG