Accessibility links

Павлодарда тағамнан уланған 43 адам ауруханаға жатқызылған

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Павлодарда әзірге қалалық кондитер цехының тағамынан уланған деген 43 адам ауруханаға жатқызылған. Қарашаның 28-і күні кешкі 17-ден 30 минут кеткеннен бастап қалалық жұқпалы ауруханаға түсе бастаған сырқаттардың барлығына да тамақтан уланған деген диагноз қойылып отыр. Олардың сегізінің халі ауыр дейді Павлодар облыстық санитарлық-эпидемиялық стансасының мамандары.

Павлодардағы бұл жаппай уланудың қаладағы Крупская көшесіндегі кондитер цехының тағамдарын тұтынғандардың арасынан кең етек алуынан күдіктенген облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау стансасының мамандары аталған цехтың жұмысын шұғыл тоқтатып, олардың өнімдерін сатуға тыйым салыпты. Дегенменде олар бұл дерттің неден келгенін өздері жіті зерттеп барып, қорытындысын жақын күндері шығаратындықтарын айтып отыр. Ал оған дейін әлгі кондитер цехының өнімдерін саудаға түсіруге мүлдем тыйым салынуын қалыпты жағдай ретінде түсіндіреді облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау стансасының мамандары. Аталған мекеменің бастығы Аманжол Салықұлы мұндай қатқыл қадамдарға баруға бұл жаппай уланудың салдары ауыр соғып отырғандықтан деп түсіндіріп отыр.

Енді бұл жайтқа орай облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқармаға хабарласқанымызда, мекеме қызметкері подполковник Шаймұран Шаймарданов мұндай ауыр жайттың алдын алынбағаны сауда орындарының кінәсі дейді.

Алайда облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Дүйсенбек Қазанғапов бұл жағдайдың өздеріне аса қатысы жоқ екенін білдірді.

Ал облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау стансасының бастығы Аманжол Салықұлы жекеменшік кондитерлік цехтардың жауапсыздығы бұл ретте сан соқтырып отыр дейді.

Сондай-ақ Аманжол Салықұлы кінәлілерге қолданылатын шараның да өте қатал болатындығын айтып отыр.
XS
SM
MD
LG