Accessibility links

Желтоқсанның 1-і СПИД-ке қарсы халықаралық күрес күні

  • Айнагүл САҒДИ

Қазақстанда 4 жарым мыңнан астам адам жүре пайда болған иммунитет тапшылығы синдромы, яғни СПИД-ке шалдыққан. Олардың 1 жарым мыңға жуығы Қарағанды облысының тұрғындары. СПИД-ке қарсы күрес жүргізу орталығының эпидемиолог дәрігері Раиса Бектемірованың айтуынша, алғашқы жылдары аурудың 90 пайызы нашақорлардың арасынан шықса, соңғы жылдары жыныстық жолмен жұқтыратындар саны артып отыр. «1997 жылдың өзінде 397 адам анықталған. Соның 90 пайызы нашақорлар болатын. Ал соңғы жылдары вирусты жыныстық қатынас арқылы жұқтырушылар саны көбейіп келеді. Биылғы жылы олардың саны 50 пайызға жетті», - дейді Раиса Бектемірова.

Ал Алматы қаласында осы уақытқа дейін 540 адам тіркелген. «Олардың 212-сі алыс-жақын шетел азаматтары және қаламызға басқа ауылдардан келгендер. Көбіне Өзбекстан, Қырғызстан, Реседан, Әзербайжан, Молдавия елдерінен бір-бір азаматтан анықталып отыр. Сонымен қоса, алыс шетелдерден 27 азамат тіркелді», - дейді ЖИТС-тің алдын-алу және оған қарсы күрес жөніндегі қалалық орталықтың медициналық сарапшысы Альмира Зауырбекова. Оның айтуынша, тіркелгендердің арасында мектеп оқушылдары мен жас аналар да кездеседі. «Аурулардың жас ерекшеліктеріне тоқталсақ, 15 пен 39 жас аралығын құрайды. Олардың ішінде 77 жоғары оқу орындары мен арнайы орта білім беру мекемелерінің студенттері және 44 мектеп оқушылары бар. Олардың 20-сы мектепке бармайды. Сонымен қатар, қалада 23 жүкті әйел тіркеліп, олардан 11 бала дүниеге келсе, біреуінен ВИЧ инфекциясы анықталды», - дейді Альмира Зауырбекова.

Қарағанды облысына қарасты Теміртау қаласында тұратын, аты-жөнін атағысы келмеген бір азаматшаның СПИД-ке шалдыққанына 6 жыл болыпты. «Барлығы барып анализ тапсырып жатқан соң мен де барып қызық үшін тапсырдым. Екінші рет тапсырған кезде маған осындай диагноз қойды. Осы ауруға шалдыққанымды анам біледі, ал ағама айтудан қорқамын», - дейді. Ал өзін Ирина деп таныстырған Қарағанды қаласының тұрғыны кезінде күйеуімен екеуі де есірткіге әуестенген екен. СПИД-ке шалдыққандарын күйеуі есірткімен ұсталып, түрмеге түсетін кезде барып қана білген. «Қазір Қарағандыдағы облыстық стационарда емделіп жатырмын, енді осы стационарды жапқалы жатыр. Бұл біздің соңғы үмітіміз. Біз тек осы жерде ғана медициналық көмек ала аламыз. Ал басқа медициналық мекемелерде бізбен тіпті сөйлескілері де келемейді. Әрі қарай қайда барып емделерімізді білмейміз», - дейді.

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұхтар Шаханов желтоқсанның бірінде әріптестерін жастар арасындағы рухани азғындауға қарсы парламенттік тыңдау өткізуге шақырды. Оның пікірінше, үлкен қалалардағы казино, түнгі клубтар нашақорлық, СПИД сияқты кеселдер ошағына айналып кеткен. Мұхтар Шаханов: «Алматыда 50 казино тіркелген. Бұл қаладағы монша, сауна дегендер де түнгі көбелектер өнеріне кең жол ашқан. Соңғы кездері Алматыда СПИД-пен ауырғандардың күрт өсуі де осындай көңіл көтеретін орындардың шектен тыс көбеюіне байланысты екендігі күмәнсіз. Қандай іске сұраныс көбейсе, соны қолдай бермекпіз бе, неге мұндай проблемаларға Үкіметіміздің өз шешімі, көзқарасы жоқ?», - дейді.

Ресми деректерге қарағанда, бүгінгі таңда Қазақстанда 4 жарым мыңнан астам адам СПИД-ке шалдыққандардың тізімінде тұр. Шын мәнінде олардың нақты санын анықтау үшін ресми деректегі санды 10-ға көбейту керек, - дейді мамандар.
XS
SM
MD
LG