Accessibility links

Ресей Самара қаласындағы жарылысқа Қазақстан азаматтарының қатысы бар деп отыр

  • Досан БАЙМОЛДА

Соңғы күндері Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары Самара облыстық прокуратураға сілтеме жасай отырып, биылғы жылдың маусым айының басында Самара қаласының базарында болған жарылысты жүзеге асырған Қазақстан азаматтары деген хабарды тарата бастады. Ресейдің «Известия» газеті өзінің қарашаның 30 ы күнгі санындағы «Самарадағы жарылысты ұйымдастырушылардың ізі Қазақстаннан табылды» деген атпен жариялаған мақаласында Самарадағы жарылысты ұлты шешен қазақстандық екі азаматтың жасағандығы туралы жазады. Бұл екі азамат шешен соғысында шешен көтерілісшілері жағында соғысқан арнайы жаттығулардан өткен көрінеді. Ресей прокуратурасының хабарлауынша бұл екі азамат биылғы жазда Қазақстанға қайтып оралған соң басқа бір қылмыстық іске қатыстары бары білініп Қазақстанның қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері тарапынан ұсталып, сотталған. Алайда осы екеуінің бірі өткен қыркүйек айында еңбекпен түзеу колониясында өз өзін дарға асып, көз жұмған, ал екіншісі қатаң тәртәптегі түрмеде жазасын өтеп отыр.

Самара облыстық прокуратура қалада орын алған сол жарылысқа қатысты кең көлемде мәлімет алу мақсатында қәзір түрмеде отырған күдіктіні Ресейге беру жөнінде Қазақстан жағына арнайы құжаттарды жолдап қойыпты. Біз осы мәселеге байланысты Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінің өкілі Мұқтар Анарбековпен хабарласқанымызда ол өзінің бұл мәселе жөнінде жақсы білмейтіндігін айтты. Ал Қазақстанның ішкі істер министрлігінің көші-қон полициясы департаменті төрағасының орынбасары Абылай Балтабек ұлты шешен бұл қазақстан азаматтары жөнінде білмейтіндігін егерде олардың аты жөндері анық болса онда олардың кімдер екндіктерін, Қазақстан азаматтығын қашан алғандарын айтып бере алатындығын жеткізді.

Қазақстандағы тәуекелшілдікті бағалау тобының жетекшісі, саясаткер Досым Сатпаевтың айтуынша жері кең байтақ Қазақстан кейбір терроршыл, экстремісшіл ұйымдар мен топтардың басқа елдерге өту жолы ғана болып қойған жоқ кейде осы ел жер осы топтардың бекініс жеріне де айналды. Әсіресе шешен соғысы жылдарында кейбір шешен көтерілісшілері Қазақстандағы шешен диаспорасын паналап, сонда жасырынып жүрді. Ресей жағының талабы бойынша Қазақстан әлденеше рет осындай іздеу салынған адамдарды ұстап Ресейге берген дейді Досым Сатпаев.

Ал саясаткер Дос Көшім Ресей әуелі қазақстандық азаматтың Самара қаласындағы жарылысқа қатысы барлығын толық дәләлдеп беруі керек содан соң барлық нәрсе халықаралық заңдылықтар шеңберінде жүзеге асуы керек деген пікір айтады.
XS
SM
MD
LG