Accessibility links

Аш студент тоқ министрмен ойнамайды, тоқ министр аш қалам деп ойламайды


Желтоқсанның 1-і күні Алматыда несиелік оқу ақысының көтерілуіне наразылық білдірген студенттердің ынталы тобы өз мәлімдемелерін осылай атады. Олар соңғы төрт жылда несиелік оқу ақысының 80 пайызға көтерілгендігіне наразы. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Аралбек Боранбаев:

“ҚР Білім және ғылым министрлігі мен жоғары оқу орындары несие алушы студенттерді тұйыққа тіреп, оларды оқудан шығарамыз немесе сессия тапсыруға рұқсат бермейміз деп қорқытып, бұрын жасалған үштарапты несиелік келісімдерге қосымша қол қоюға мәжбүрлеп жатыр” деді:

-Бұл үштарапты несиелік келісімнің 4.1 тармағына қайшы келеді. Онда қосымша келісімге қолды өзара ризалық бойынша ғана қоюға болады деп айтылған. ҚР Білім және ғылым министрлігі 2000 жылдан бері жұмсалған қаржы үштарапты несиелік келісім бойынша көзделген көлемнен асып кеткен дегенді айтып отыр.

Студент Ерлан Қарабалаев: “өз наразылықтарымызды білдіре отырып, жаңадан сайланған депутаттардан осы мәселені шешуді талап етеміз. Өйткені, сайланған депутаттардың кейбірі жастардың даусын алған болатын. Мысалы, Күләш Ағатаева ханым “жылы жүрекпен” келіп: “студенттің оқу ақысы оқуын бітіргенше өзгермеуі тиіс” деп жазған өз бағдарламасын ұсынып студенттердің дауысын алды. Енді жастар мәселесі ушығып жатқанда сол Ағатаева қайда қарап отыр?” дейді.

Ал Тұрар Рысқұлов атындағы экономика университетінің студенті Нұржұма Ботайұлы өз басына түсіп отырған жағдайды былайша әңгімеледі: -Мен қазір 5 курста оқимын. Өз басым 298 мың теңге мемлекеттік несие алдым. Оны мен оқу бітіргеннен кейін 10 жыл ішінде қара жұмыс істесемде қайтаруым керек болатын. Енді бүгін маған 115 мың теңгені төлеуді қосымша мәжбүрлеп отыр. Сонда менің мойныма 413 мың теңге ілінгелі тұр. Менің ондай ақшаны 10 жыл ішінде төлеуге шамам жетпейді.

Студент Аралбек Боранбаевтың айтуынша, ынталы студенттер тобының көтеріп отырған мәселесін Қазақстанның 8 жоғарғы оқу орындарының студентті қолдап отыр екен.

Ынталы студенттер тобы үкіметтен білім министрлігінің білім несиесі құнын көтеру туралы шешімін жоюды, парламент депутаттарына бет бұрып, осы мәселені оқтайлы шешуді талап ететіндіктерін, өз жолдастары мен студенттерді жеңілмеуге және қосымша келісім-шартқа қол қоймауға, өз құрдастарын бірігіп, айыптылар үстінен сотқа жалпылай арыздануға шақырды.

Осы мәселеге байланысты ҚР Білім және ғылым министрлігіне қоңырау шалғанымызда министрліктің баспасөз хатшысы Жанар Үсіпбекова несиелік оқу ақысының көтерілуі белгілі бір заң шеңберінде болып отыр дегенді айтты:

-Бұл ешнәрсені түсінбей жүрген студенттердің әрекеті деп ойлаймын. Келісім-шартқа қол қойғанда алдымен мұқият оқып танысып алу керек. Келісім-шартта бәрі айтылған. Кеше Т.Рысқұлов атындағы университеттің студенттері наразылық білдірген болатын. Бүгін Қазақ мемлекеттік университетінің студенттері қарсы шығып жатыр деп естіп жатырмыз. Олар арызданамыз дейтін көрінеді арыздансын бәрібір сотта жеңіліп қалады.

Осы орайда біздер өзге де студенттердің ойын білуге тырысқан едік.

Бірінші студент:

-Білім министрі Жақсыбек Құлекеев десе қазір студенттерде кері көзқарас пайда болып жатыр. Бұл мемлекетпен, мемлекеттік органмен, үкімет пен жастардың арасындағы көпірдің үзіліп бара жатқандығын көрсетеді.

Екінші студент:

-Білім берудің бағасы көтерілетін болса онда ауыл жастарының саудасы бітті деген сөз.
XS
SM
MD
LG