Accessibility links

Оңтүстік Қазақстан облысы имамдары арасында біліктілік сынақтары жүргізілуде


Қазақстандағы мешіттердің жартысына жуығы Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасында тіркелмеген. «Қазақстандағы 1600 мешіттің жартысына жуығы бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысында. Тіпті кей ауылдарда екі-екіден де мешіттер бар. Мысалы, 800 мешіт болса, соның 650-700-і діни басқарманың қарауында тіркелген. Ал қалғаны жекеменшік. Бүгінгі таңда сол тіркелмеген жекеменшік мешіттерді діни басқарманың қарамағына енгізу мәселесі қаралып жатыр, олардың іс-қағаздарын тіркетіп алу керек», - дейді аталған басқарманың баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмірбек.

Оңтүстік Қазақстан облысы бас имамының орынбасары Сүлеймен қажы Жаңбырбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда облыс бойынша 500-ден астам имамның 30-ы ғана қызметке бұйрық бойынша орналасқан. «Қалғандары уақытша бұйрық алсын деп бұйрық беріп жатырмыз. Себебі, олар уақытша бұйрық алғаннан кейін білімін жетілдіреді. Алматыдағы имамдардың 4 айлық білімін жетілдіру институтына барып келгеннен кейін нақты бұйрық шығарылатын болады. Ал әзірше білімі төмен, куәлік бермейтін медреселерді оқып имам болып жүрген азаматтар болғандықтан оларға уақытша бұйрық тағайындалды. Қазіргі кезде ауылды жерлерде имам бола жүріп өзінің егінімен немесе мал шаруашылығымен айналысып кеткендер көп. Соларға қазір нақты жұмысыңызға кірісіңіз, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіңіз деген талаптар қойып жатырмыз. Қазір имамдыққа білімі сай келмейтіндер де бар, сол себептен 10 күн бойы имамдар арасында біліктілік сынағы жүргізіледі», - дейді Сүлеймен қажы Жаңбырбаев.

«Адам баласы болғаннан кейін оқығандарыңды кейде ұмытып қалатын жайттар кездеседі. Сол себептен жылына екі рет немесе үш рет аттестациялау жұмыстарының жүргізіліп тұрғаны дұрыс, білімін жетілдіріп отыруға көп пайдасы бар. Біздің ауданымызда арнайы діни білімі бар мамандар мәселесі шешілді. Енді болашақта ауылдардағы жағдайлар да шешіледі деп отырмыз. Ал енді діни білімдері жоқ үлкен ақсақалдарымызға жұмыс орнын босат дейтін болсақ, бірнеше мешіттеріміздің ашылып тұрған есіктері жабылып қалуы да мүмкін», - дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысы бойынша уәкіл имамы Рахметолла қажы Оразұлы.

Оңтүстік Қазақстан облысы бас имамының орынбасары Сүлеймен қажы Жаңбырбаев имамдардың жалақысының төмен екендігін айтады. «Ауылды жерлерде ол тіптен қиын. Жалақы жоқ, бала-шағаның қамын ойлау керек, тіршілік қамымен имамдардың арасында басқа салаға ауысып жатқандар да бар. Осындай жағдайларды оларға бар өтінішімізді айтып, бұл жұмыстың жауапкершілігінің күшті екендігін, ертең ақиретте құдайдың алдында жауап беретіндігімізді айтып, бұйрықтарын қолдарына беріп, қызметтеріне аттандырып жатырмыз», - дейді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысы бойынша уәкіл имамы Рахметолла қажы Оразұлы әзірге облыста имамдардың басқа салаға ауысып жатқандары жоқ екенін айтады.

«Уақыттарын, мал-мүліктерін дін жолына арнап, халыққа қызмет қылып жүрген имамдар аз емес», - дейді Рахметолла қажы Оразұлы.
XS
SM
MD
LG