Accessibility links

БҰҰ-ның бас хатшысы Кофи Аннан қызметтен кету туралы талапты қабылдамай қойды

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Азық-түлік үшін Ирақ мұнайы атты бағдарламаны Кофи Аннан теріс бағытта пайдаланған, дей отырып, сол себепті ол қызметінен кетсін, деген АҚШ сенаторының талабын БҰҰ-ның бас хатшысы кері қағып отыр. Бас хатшы өкілінің айтуынша, бұл орайда тәуелсіз тексеру комиссиясы құрылып, ал Аннан мырза өз істерін одан әрі жалғастыра бермекші. Буш әкімшілігі болса, бұл мәлімдемеден өз бойын аулақ салған сыңай байқатуда. Алайда, бұл айыптау әзірше аталған ұйым үшін таңба болып тұр.

“Уолл Стрит жоурнал” газетінде, сәрсенбі күні жарияланған мақаласында АҚШ сенаторы Норм Колеман “БҰҰ тарихындағы ең ірі көзбояушылық үшін Аннан мырза жауап беруі тиіс”, деді. Кезінде Ираққа бағытталған қайырымдылық бағдарламасын теріс мақсатта пайдаланған деген орайда тексеру жүргізіп отырған комиссияны республикашыл бұл сенатор басқарып отыр. Алайда, БҰҰ-ның өкілі Фред Екхард болса Кофи Аннанның қызметінен кетпейтіндігін мәлімдеді. Ол өз сөзінде бас хатшының ВИЧ және СПИД ауруларын ауыздықтауға арналған бағдарламасы мен БҰҰ-ның басты мекемелерінде реформалар жүргізу жөніндегі ұмтылыстарын жүзеге асырғысы келетіндігін айтты. “Ұйымға мүше елдердің ешқайсысынан да қызметтен кетуге шақыруды Аннан естіген емес. Егер бұл мәселеге байланысты қандайда бір пікіралысулар болса, бәрекелде. Ол салауатты айтыс болар еді. Алайда ол қалған екі жыл бір айлық бас хатшылық мерзімінде өзінің мақсат еткен жұмыстарын жалғастырғысы келеді”-, деді Екхард мырза.



БҰҰ-на мүше біраз елдер бас хатшыны қорғау үшін бас біріктіріп отыр. Қауіпсіздік кеңесінің реформасына байланысты Аннан мырзамен кездесуге қосымша жағдайда Аргентина, Алжир, Колумбия, Мысыр, Италия, Мексика, Марокко, Пәкістан, Оңтүстік Корея, Испания және Түркия елдерінің осы ұйымдағы елшілері бас хатшыға өз қолдауларын білдірді.



Сенатор Колеманның басқаруындағы Тұрақты зерттеу шағын комиссиясы “Саддам Хусейн өкіметі заңсыз қорларда 20 миллиард доллардан аса қаржы жинақтағаны жөнінде дәлелдер бар”, деп мәлімдеді. Ал, БҰҰ болса бұл комиссияға қандайда бір құжаттарын беруден бас тартып отыр. Себебі олардың өз зерттеулері жүргізілуде. Ұйым тарапынан зерттеу жұмыстарын АҚШ Федералдық қорының, яғни Орталық банкінің бұрынғы төрағасы Пол Волкер мырза басқаруда. Ол өзінің алғашқы зерттеу қорытындыларын қаңтар айында жариялап, одан кейінгі толықтыруларды көктемде баяндамақшы. Ал, сыншылар болса Аннан мырза АҚШ-тың аса маңызды зерттеулеріне кедергі келтіріп отыр, дейді. Мирас қорының өкілі Найл Гарднердің айтуынша, Саддам Хусейнге қай елге мұнай сатып және қай елден қайырымдылық көмектерді алуға аталған ұйым тарапынан таңдау жасау хұқы берілген. Осы арқылы бас хатшы аталған бағдарламаны артық мақсатта пайдаланған”, дейді Гарднер. Бұл мүмкіндіктерді сол кездегі Ирақ басшысы мұнайды жасырын жолдармен сыртқа шығару, пара беру сияқты мақсаттарда теріс пайдаланған, дейді қайбір сарапшылар.

Ал, тағы бір талдаушылардың айтуынша бас хатшыға байланысты мұндай айыптаулар тым асыра сілтеушілік болуда. “Мұнай орнына азық-түлік” атты бағдарлама 1996-шы жылы БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі тарапынан мақұлданған болатын. Ол кезде Ирақтың аталған ұйым тарапынан санкция астында болғаны белгілі.



АҚШ Мемлекеттік департаменті болса бұған орай туындаған сауалдарға жауап беруден бас тартуда. Осы аптада Аннан мырзаға тағы бір айып тағылып отыр. “Мұнай орынына азық-түлік” бағдарламасына қатысы бар бір фирмадан оның ұлы Кожо биылғы жылдың басына дейін төлемақы алып тұрған-міс.
XS
SM
MD
LG