Accessibility links

Павлодарда тағамнан уланған сырқаттардың саны 148-ге жетті

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Павлодар қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына гастроэнтероколит деген диагнозбен қарашаның 28-нен түсе бастаған сырқаттардың саны 148-ден асып отыр. Олардың 49-ы балалар болса, қалған 99-ы ересектер екен. Ауруханаға соңғы күндері аталған диагнозбен Павлодарға жақын маңдағы аудандардан да сырқаттар түсе бастаған.

Павлодар облыстық санитарлық-эпидемиялық стансасы мамандарының мәліметі бойынша, 24 адамның, соның ішінде 11 баланың жағдайы ауыр, қалған сырқаттардың жағдайы орташа делініп отыр. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Павлодар қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына тағамнан уланған алғашқы адам 28-қарашада жатқызылған. Соңғы күндердегі сырқаттардың жағдайлары мен олардан алынған анализдік мәліметтерге сүйене отырып, Павлодар облыстық санитарлық-эпидемиялық стансасы мамандары Павлодар қаласындағы Крупская көшесі, 76-үйде орналасқан кондитерлік цехта өндірілген "Балдан жасалған" және "Ұлу" атты тәтті тоқаш өнімдерін тұтыну адамдарды жаппай улануға апарып соқтырған деген қорытындыға келуде.

Ал Павлодар облыстық прократурасы бұл жайтқа орайғы алғашқы шешімдерді негізге ала отырып, адамдардың кондитерлік өнімдерден жаппай улану дерегі бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің "санитарлық -эпидемиологиялық тәртіптерді бұзуға байланысты адамдардың жаппай улануына немесе жаппай ауруға шалдығуына түрткі болу" жөніндегі 267-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғады. Бұл қадамның өте қатқыл болуын қолдап әрі қадағалап отырған мекеменің өкілі ,Павлодар облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау стансасы бастығының орынбасары Қанатбек Бейсебаев жағдайдың күрделі күйде қалып отырғанын айтады. Және соңғы күндері енді Павлодар облысының аудандарынан да сырқаттардың түсе бастауы алаңдатуда екен.

Біз осы мәселеге орай ҚР-ның Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігіне хабарласқанымызда, өзін таныстырмаған мекеменің баспасөз қызметкері бұл жөніндегі барлық мәліметті өздерінің интернеттегі сайттарынан алуды өтінді.

Сондай-ақ сырқаттардың денсаулығын білмек мақсатта Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарласқанымызда, мекеменің аты-жөнін атамаған қызметкері бұл жағдайдың тез арада оңалып келе жатқандығын білдірді.

Алайда Павлодар облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау стансасы бастығының орынбасары Қанатбек Бейсебаев сырқаттардың денсаулығы дерттен толық айығуы үшін әлі біраз уақыт қажеттігін жеткізді.

Кондитерлік цехтың өнімдері мен шикізаттан, сондай-ақ, зардап шеккендерден алынған бактериологиялық зерттеулердің толық қорытындысы жұма күні дайын болады деп күтілуде.
XS
SM
MD
LG