Accessibility links

Академик Т.Шарманов: «жасы 40-тан асқан әрбір 2 еркектің біреуінің жыныстық қабілеті төмен» деп отыр

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Қазақстандық мамандар «жігіт» деп аталатын еркектің жаныстық қатынас қабілетін арттыратын белсенді қоспа ойлап шығарды. Қазақ тағамтану академиясының директоры, академик Төрегелді Шармановтың айтуынша, бұл қоспаның әлемге танымал болған осы тақылеттес «Виагра», «Сиалис» деген дәрмектерден айырмашылығы бұның құрамында ешқандай химиялық қоспа жоқ екен. «Қазақстан аумағында өсетін өсімдіктер негізінде пайда болған қоспаның бағасы 400-500 теңгенің айналасында болады» дейді академик Төрегелді Шарманов.

Академик Төрегелді Шарманов жаңадан шығарылған «жігіт» қоспасы жайында айтпас бұрын, алдымен оның бұған дейінгі қолданыста жүрген басқа да дәрмектермен айырмасына тоқталып өтті:

- Дүниезүзіне әйгілі болған «Виагра», «Сиалис» дейтін препараттар, олар – дәрілер. Олардың құрамында кәдімгі химиялық заттар болады. Оның адамның ағзасына зияны көп. Мәселен: жүрекке әсері, сосын басқа дәрілермен қабаттастырып ішуге болмайтындығы. Кезінде осы дәрілерден кісі өлімдері де тіркелген. Ал мына бізде шығарылып жатқан қоспаның ағзаға тигізетін ешқандай зиянды әсері жоқ. Өйткені, бұның құрамында тек қана табиғи заттар. Тамақты қалай ішсе, бұны да солай іше беруге болады.

Қазақ тағамтану академиясының директоры, академик Төрегелді Шармановтың айтуынша, аталған қоспаны дайындауға 2 жылға жуық уақыт, 40 мыңнан астам АҚШ доллары жұмсалыпты.

- Төсек қарым-қатынасынан 1 сағат бұрын пайдалану керек. Сонда ұзақ уақытқа шейін әсер етіп тұрады. Және бірден әсер етеді, онысы өте күшті болады. Сосын бұл қоспаны пайдалануда жас ерекшелігіне шектеу қойылмайды. Қазір Қазақстанда 40-қа толған еркектің әрбір 2-шісі осындай әлсіреу ауруына шалдығып отыр. Осының салдарынан отбасының шырқы бұзылып, ақыр аяғында ер-азаматтардың өмірге құштарлық қабілеті азайып кетеді.

«Бұл қоспаның «сарбаз» деп аталатын ерекше түрі бар. Ол - белсіздік дертіне шалдыққан, яғни ұрпақ тарату мүмкіндігінен айрылған еркектердің ұрығын тірілтеді. Сөйтіп, Қазақстанның демографиялық дамуына үлес қоспақшымыз» дейді академик Төрегелді Шарманов. Осы ретте біз жаңа қоспа туралы пікір білу мақсатымен Алматы жастарына микрафон ұсынған болатынбыз:

- Маған керек емес ондай қоспа. Құдайға шүкір өзіміздің денсаулығымыз жаман емес. Меніңше, ол дәріні байлар, сосын шалдар алатын шығар. Жалпы мұны еріккендердің ісі деп ойлаймын. Өз басым өмірі ондайды қолданбас едім.

- Меніңше, ол қоспаның жасы ұлғайған ер-азаматтарға пайдасы тиер. Бұл бір жағынан үлкен кісілер үшін дұрыс сияқты. Ал жастар үшін бұл қоспа жарамайды. Өйткені, қазіргі жастар мұны пайдаланса, кейін олардың жыныстық қатынастары бұзылады.

Жастар өздерінің әзірге жаңа қоспаның көмегіне зәру еместігін айтқан соң, біз жоғарыдағы сұрақпен егде кісілерге микрафон ұсындық:

- Керегі не маған оның. Егер де денсаулыққа пайдасы тиеді десе, бір жөн. Жасым болса 63-те. Ондай дәріңді қажет етпеймін. Өз басым қабілетім төмен деп айта алмаймын.

- Дәріханаларда бар болса, оны мен әуелі алып көруім керек. Қай жерден алуға болады екен? Меніңше, оны пайдалану керек.

- Жасымыз 40-тан асты. Әзірге ондай қоспаңды қажетсініп отырғанымыз жоқ. Өзіміздің денсаулығымыз жаман емес.

Жұрт «жаңа қоспаны қайдан аламыз?» деп қызығушылық танытып жатқан соң, біз Алматы қаласындағы дәріханалардың біріне бас сұқтық:

- Жоқ. Бізге әлі ондай қоспа түскен жоқ. Ал «Виаграның» бағасы 2600 теңге. Оны негізінен еркектердің барлығы алады десем де болады.

Қазақ тағамтану академиясының директоры, академик Төрегелді Шармановтың айтуынша, «жігіт» деп аталатын жаңа қоспаның бағасы 400-500 теңгенің шамасында болады. «Бұл қоспаға көршілес мемлекеттерден де сұраныс көбейіп тұр. Алдағы уақытта осы қоспаның әйелдерге арналған түрін босатуды жоспарлап отырмыз» дейді академик Төрегелді Шарманов.
XS
SM
MD
LG